Сол баяғы қудалау, сотқа тарту, тыйым салу. Митинг заңы қалай жұмыс істейді?

Оралдағы әкімдік рұқсатымен өткен митинг. 28 ақпан, 2021 жыл.

Қазақстанда жергілікті билік органдары митинг өткізу туралы өтініштердің көбін қанағаттандырмайды. Билік 2020 жылы мамырда заңды өзгертіп, бейбіт митинг өткізу үшін рұқсат алу қажет емес, ескертсе жеткілікті дегенімен, наразылыққа шыққандар әлі де қудалаудан құтыла алмай келеді. Азаттық бейбіт митинг өткізу тәртібі қалай өзгергенін саяси белсенділігі жоғары өңірлердің бірі – Батыс Қазақстан облысының мысалында саралап көрді.

Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Оралдағы белсенділер жыл басынан бері қалалық әкімдікке саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтеретін бейбіт митинг өткізу туралы ондаған өтініш берген. Жергілікті билік бұл өтініштердің тек біреуін қанағаттандырған. Әкімдіктің рұқсатымен ұйымдастырылған наразылық шарасы 28 ақанда өткен. Кейін осы митингіні ұйымдастырушылар қысым көріп, қамалып, қылмыстық қудалауға ұшыраған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Оралда рұқсат етілген митингінің ұйымдастырушысы бір айдан соң 10 күнге қамалды

"NAZARBAYEV IS А DICTATOR" ДЕГЕН ПЛАКАТТА "ЭКСТРЕМИЗМ" БАР МА? МИТИНГ ЖӘНЕ ОНЫҢ САЛДАРЫ

Мәншүк Мәметова атындағы алаңдағы бұл митинг Еуропарламент "Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайына алаңдаймыз, азаматтық қоғам ұйымдарына қысым жасалып жатыр" деген мазмұнда қарар қабылдағаннан кейін бірнеше аптадан соң ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың бірі, жергілікті журналист әрі белсенді Лұқпан Ахмедияров әкімдіктің наразылық шарасын өткізуге рұқсат беруіне Еуропарламенттің қарары әсер етті деп есептейді.

Біз ереже бойынша барлық деректі жазып, өтініш бердік. Жауап беретін уақыт келгенде әкімдік ештеңе жіберген жоқ. Әдетте митинг ұйымдастырушыларына рұқсат бермейтін, ал бізге ешқандай жауап келмеді. Мен [Орал қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ербол] Көшековқа хабарластым. Ол "Иә, митингіге рұқсат берілді" деді. Бірақ бізге сол күйі ешқандай қағаз жіберген жоқ, дейді Лұқпан Ахмедияров.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Нұр-Cұлтанға 20 талап. Еуропарламент Қазақстанды сынайтын қарар қабылдады

Ұйымдастырушылардың дерегі бойынша, митингіге шамамен 200-300 адам қатысқан. Ахмедияровтың айтуынша, акция кезінде ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері ұйымдастырушыларға бірнеше рет келген. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Ербол Көшеков "Nazarbayev is a dictator" деген плакатты "экстремистік" деп танып, алып тастауды талап еткен. Ахмедияров плакаттағы сөзден экстремизм көрмейтінін айтқан.

Митингінің соңында ол (Көшеков. — Ред.) жаныма келіп, "Лұқпан Сайлауұлы, экстремизм үшін жауапқа тартылатыныңызды ресми түрде мәлімдеймін" деді, дейді ол.

Митингіден кейін бірнеше күннен соң, наурыздың басында Мемлекеттік кірістер басқармасы Ахмедияров басқаратын "Абырой" қоғамдық бірлестігінің қызметін тоқтатып, заңды тұлғаға айыппұл салды. Ертеңіне басқарманың үстінен қарайтын орган Мемлекеттік кірістер департаменті бұл шешімнің күшін жойған. Ахмедияров өзі басқаратын ұйымның жауапқа тартылуын митингімен байланыстырады.

Оралда әкімдік рұқсатымен өткен митингіде "Nazarbayev is a dictator" деген плакат ұстап тұрған адам. 28 ақпан, 2021 жыл.

Мәселе мұнымен бітпеген. Кейінірек наурыздың басында полицияның "Экстремистік ұйым деп танылған ұйымның қызметiне қатысу" (405-бап 2-бөлім) бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болған. Бұл іске 28 ақпанда Оралда өткен митингінің тағы бір ұйымдастырушысы, белсенді Орынбай Оқасов “қорғануға құқығы бар куәгер” ретінде қатысып жатыр. Мұны оның адвокаты Айсұлу Биялиева растады. Адвокат әзірге ешқандай тергеу амалдары жүргізілмегенін хабарлады. Оқасов тергеуге бір рет, 11 наурызда барған. Белсенді өзінің үстінен осындай іс қозғалғанын сол кезде бір-ақ білген. Оқасовтың айтуынша, іс қозғауға оның митингіде сөйлеген сөзі себеп болған.

Митингіде Еуропарламенттің қарарын негізге алып, билікті "Көше партиясы" мен ҚДТ-ны (Қазақстан бұл екі қозғалысты "экстремистік" деп таныған, Еуропарламенттің қарарында "бейбіт оппозициялық ұйымдар" деп атаған. — Ред.) қызметіне тыйым салынған ұйымдар тізімінен алып тастауға шақырдым. Еуропарламент депутаттары бұл қозғалыстарды экстремистік емес, оппозициялық деп мойындады ғой. Осы сөзім қылмыстық іс қозғауға себеп болған, дейді Орынбай Оқасов.

Бейбіт митинг өткеннен кейін екі айдан соң, 26 сәуірде, наразылық акциясының үшінші ұйымдастырушысы, белсенді Бауыржан Әліпқалиев әкімшілік қамауға алынды.

Белсендіні қалалық полиция бөліміне шақырған. Учаскеге келу уақыты таңғы 9:00 деп көрсетілген. Осы уақыттан бастап түске дейін Әліпқалиев байланысқа шықпаған. Тек түске таяу белсенді өзінің үстінен "Рұқсат етілген бейбіт жиын ұйымдастыру тәртібін бұзу" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы 3-бөлімі) бойынша хаттама толтырылғанын хабарлаған. Сол күні кешке сот отырысы өтіп, судья Бауыржан Әліпқалиевті он тәулікке қамау туралы шешім шығарған.

Әліпқалиевті 28 ақпанда өткен бейбіт митингінің ұйымдастырушысы ретінде жауапқа тартқан. Айыптау тарабының нұсқасы бойынша, ол "Көше партиясы" және ҚДТ қозғалыстарын бейбіт оппозициялық ұйымдар деп тануды талап еткен екінші ұйымдастырушы Орынбай Оқасовтың сөзіне тоқтау салмаған.

Кейінірек Әліпқалиевтің адвокаты Людмила Симоненко апелляциялық сотқа жүгінген. Адвокат қорғауындағы азаматтың қазақ тілін жақсы білмейтінін, сондықтан Оқасовтың митинг кезінде айтқан сөздерін толық түсінбегенін айтып, оны қамауға алу туралы шешімнің күшін жоюды сұраған. Бірақ апелляциялық сот адвокаттың өтінішін қанағаттандырмаған.

Митингіден кейін менің үстімнен қылмыстық іс қозғалғандықтан, осы жолы маған тиіскен жоқ деп ойлаймын. Маған қарсы әлдеқайда салмақты іс бар, мені әкімшілік бап бойынша қамауға алып қайтеді? дейді Орынбай Оқасов.

Оқасовтың айтуынша, Әліпқалиев қамауға алынған кезде оған ешқандай шақырту келмеген.

Ол кезде қалада болған жоқпын, ауылға кетіп едім. Бірақ бес күннен бері үйдемін. Осы уақыт ішінде ешкім келген жоқ, полициядан шақырту немесе қоңырау түспеді, деді ол.

МИТИНГ ҚАТЫСУШЫЛАРЫН ЖАУАПҚА ТАРТУ

Митингіден кейін наразылық шарасына қатысқан қала мен облыс тұрғындары билікке басқа бейбіт акциялар өткізу туралы өтініш бере бастаған. Бірақ бұдан еш нәтиже шықпаған.

Кейінгі аптада екі ескерту (24 сәуірде және 1 мамырда. Ред.) бердік. Екі рет те әкімдік өтінішімізді қанағаттандырған жоқ. Билік халық көшеге шығып кетеді деп қорқатын сияқты. Олардың жүйкесі жұқарған, сондықтан сақтанып отыр, дейді қала тұрғыны Маруа Ескендірова.

Митинг өткізу туралы хабарламасына әкімдік қарсылық білдірген Орал тұрғыны Маруа Ескендірова.

Билік митинг өткізуге рұқсат бермеуінің себебін көбіне карантин шектеулерімен байланыстырып, вирус таралу қаупіне байланысты көп адам жинауға болмайтынын айтады. Одан кейін "митинг өткізу жөніндегі ескерту құжаттары дұрыс толтырылмаған" деген себепті алға тартады. Лұқпан Ахмедияров 28 ақпанда биліктің рұқсатымен өткен митингіден кейін өздері толтырған өтініш үлгісін басқа азаматтарға берген. Бірақ әкімдік дәл осы үлгі бойынша дайындалған басқа өтініштерді қанағаттандырмаған.

Азаматтар биліктен рұқсат сұрамай, кез келген уақытта шығып, пікір білдіре алуы үшін митингілер ескертусіз өтуі керек деп ойлаймын. Өйткені митинг өткізуге рұқсат сұрасақ, өтінішімізді қанағаттандырмайды. Содан кейін азаматтарға қарсы басқа әдістер қолдана бастайды, хаттама толтырып, сотқа тартады, дейді митинг өткізуге рұқсат ала алмаған тағы бір тұрғын Дархан Қайырбаев.

Ол бейбіт жиынды ескерту әдісімен өткізу наразы азаматтарды бақылап, биліктің рұқсатынсыз өтетін келесі митингілердің алдында оларды сотқа тартуға әкеліп соғады деп есептейді. Оның сөзіне жақында қозғалған бірнеше әкімшілік іс дәлел бола алады.

Митинг өткізу туралы хабарламасына әкімдік қарсылық білдірген Орал тұрғыны Дархан Қайырбаев.

Әкімдікке митинг өткізу туралы өтініш берген азаматтардың үшеуі жауапқа тартылған. 10 тәулікке қамалған Әліпқалиевтан басқа "Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы) бойынша Бекболат Өтебаев бір ай ішінде екі рет бес және он тәулікке қамалған. Сот не бірінші, не екінші процесс кезінде айыпталушының мүгедектігі барын, асқазан-ішек жолдары ауыратынын ескермеген. Өтебаев өзі әділетсіз деп тапқан сот шешіміне қарсы екі рет аштық жариялаған. Бұл оның денсаулығына кері әсер еткен. Ол босап шыққаннан кейін екінші рет қамауға түскенде бірнеше рет жедел-жәрдем шақыруға мәжбүр болғанын айтқан.

Your browser doesn’t support HTML5

"Киінуге де мұрсат бермеді". Дулат Ағаділді еске алу шарасы үшін қамалған белсенді

Сәуірдің соңында наразылық акциясына қатысқан және рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырған Маруа Ескендірова да жауапқа тартылған. Сот оған ескерту жасаған. Судья қаулысын жариялағаннан кейін айыпталушыға дәл осы баппен қайтадан жауапқа тартылатын болса, оны әлдеқайда қатаң жаза күтетінін ескерткен.

Тоқтамаймыз. Өтініш беріп келдік, бұл ісімізді ары қарай да жалғастырамыз. Әкімдікке әр апта сайын өтініш береміз. Ерте ме, кеш пе, бізге бәрібір митинг өткізуге рұқсат береді. Біз осыған қол жеткізуге тырысамыз, деді соттан кейін пікір берген Маруа Ескендірова.

"ЗАҢ ЖҰМЫС ІСТЕМЕЙДІ"

Қазақстан президенті Тоқаев бейбіт жиындар туралы заңға 2020 жылы 25 мамырда қол қойды. Құқық қорғаушылар заңның жедел қабылданғанын, парламенттегі талқылау коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде өткенін айтты. Сарапшылар заңға енгізілген толықтырулар халықаралық стандарттарға сай келмейтініне, құжатта көп шектеу барына назар аударды.

Қазақстанда 2020 жылы қабылданған "Бейбіт митинг заңы" неге сынға ұшырады?

Былтыр Қазақстан билігі өзі қабылдаған жаңа заңды прогрессивті және демократияға сай құжат деп атады. Белгілі құқық қорғаушылар, Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис заңды сынап, оның шектеулері көп екенін, халықаралық стандарттарға сай келмейтінін айтқан.

Сарапшылар заңда билік айтқан ескерту тәртібіне өту мүмкіндігі қарастырылмаған, әкімдіктер ондаған себеппен наразылық шарасын өткізуге тыйым сала алады деп есептейді.

Заңға сәйкес, азаматтар митинг, пикет, демонстрация немесе өзге де жиындар өткізу үшін әкімдікке өтініш беріп, ескертуі тиіс. Ескертуде бейбіт жиынның формасы мен мақсаты, өткізілу уақыты мен орны, басталуы мен аяқталуы, ықтимал қатысушылар саны, шараны қаржыландыру көзі, ұзақтығы, ұйымдастырушылардың жеке деректері, оның ішінде ЖСН, тұрғылықты мекенжайы, электронды почтасы, жеке деректерін пайдалануға рұқсаты, киіз үй, шатыр немесе басқа да нысандар құру, дауыс зорайтқыш құрылғылар, плакаттар немесе басқа да көрнекі үгіт-насихат құралдарын пайдалану жоспары туралы толық жазылуы керек. Елде тіркелмеген ұйымдар митинг ұйымдастыра алмайды.

Жаңа заң күшіне енгеннен кейін биліктің рұқсатынсыз бейбіт жиын ұйымдастыру және оған қатысу үшін берілетін жаза қатаңдады.

Билік бейбіт жиынды бірнеше негіз бойынша, оның ішінде "қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді" деген себеппен тоқтата алады.

Құқық қорғаушылар заңда жазылған ескерту әдісінің бұрынғы митинг өткізу үшін рұқсат алу тәртібінен еш айырмашылығы жоғын, жергілікті биліктің қолында әлі де наразылыққа шығуға ниет білдірген адамдарға тыйым салу тетігі көп екенін айтады.

Қазір болып жатқан оқиғалардан биліктің бұл тетіктерді шынымен пайдаланып отырғанын көруге болады. 2021 жылдың төрт айында Орал әкімдігіне бейбіт жиын өткізу туралы 18 өтініш түскен. Оның тек біреуіне, 28 ақпанда өткен митингіге ғана рұқсат берілген.

Орал әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2020 жылы жергілікті атқарушы органға бейбіт наразылық акциясын өткізу туралы 44 өтініш берілген. Әкімдік оның екеуіне ғана рұқсат берген. Осылай жалпыұлттық социал-демократиялық партия (бұл партия өзін оппозициялық деп атайды) филиалының мүшесі Анаргүл Әбенованың коммуналдық қызмет тарифтерінің қымбаттауына қарсы өткізген пикеті және ломбард салымшыларының биліктен несиелерін кешіріп, төлем талап еткен митингісі биліктің рұқсатымен өткен.

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро филиалының директоры Павел Кочетков әкімдіктің митинг ұйымдастырушыларының өтінішін қанағаттандырмауын "азаматтарды пікір білдіру құқығынан айыру" деп санайды. Ол саяси тақырыпта өтпейтін бейбіт жиындардың өзіне рұқсат алу мүмкін емесін айтады.

Бізде бәрі әкімдікке барып тірелсе, жекелеген азаматтық белсенділер, жергілікті қауымдастық қалай пікір білдіреді? Жергілікті қауымдастық басшысы әкім, ал өзін-өзі басқару қағаз жүзінде ғана бар, іс жүзінде ондай ештеңе жоқ. Шынын айтқанда, ескерту тәртібі де жоқ. Жай ғана жиналыс өткізіп, адамдардың кез келген тақырыптағы пікірін тыңдағыңыз келсе, сізге рұқсат бермейді. Тыйым, тыйым, тыйым. Енді бір адамдық пикеттер де солай, бұрын пикет өткізуге рұқсат алудың қажеті жоқ еді, қазір оған да рұқсат керек, дейді құқық қорғаушы.

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның Оралдағы филиалының директоры Павел Кочетков.

Батыс Қазақстан облысындағы жағдайдың басқа өңірлерден еш айырмашылығы жоқ. Қарағанды облысында жыл басынан бері митинг өткізу туралы алты өтініш берілген, оның тек төртеуі ғана қанағаттандырылмаған. Жергілікті билік өз шешімін "[өтініш] заң нормаларына сәйкес келмейді", "эпидемиологиялық жағдай қиын", "арнайы бөлінген жер көрсетілмеген" деп түсіндірген.

Қазақстанның ірі қаласы Алматыда құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Ағелеуов қазанда үш рет өтініш беріп жүріп, саяси реформалар туралы митинг өткізуге рұқсат алды. Наразылық акциясына жүздеген адам қатысты.

Күзден бері Алматыда белсенді, Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашыл топтың көшбасшысы Жанболат Мамай мен оның жақтастары биліктің рұқсатымен бірнеше митинг өткізді. Сәуірде әкімдік қалада эпидемиологиялық ахуал нашарлағанын алға тартып, Мамайдың кезекті митинг өткізу туралы өтінішін қанағаттандырған жоқ.

— Жекелеген қалаларда митинг өткізуге рұқсат берілуі заңның жұмыс істеп жатқанын емес, биліктің іріктеп, арасында кей шараға ғана рұқсат беріп отырғанын көрсетеді. Заң бұрын қалай жұмыс істемесе, әлі де дәл солай жұмыс істемейді. Ерте ме, кеш пе, жергілікті деңгейде белсенділер тағы да митинг өткізуге рұқсат алуы мүмкін, бірақ мұндай болжам жасау қиын, — дейді Лұқпан Ахмедияров.

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстанда бейбіт жиын заңы қалай қабылданды? Заңның кемшілігі қандай?