Австралия стратегиялық саясат институты (ASPI) арнайы зерттеуінде Қытайдың Шыңжаңдағы қатаң саясатының салдарынан өлкеде бала туу деңгейі күрт төмендеген деп мәлімдеді. Институт Пекиннің бала тууды шектеу саясатында геноцид белгісі бар дейді. Бұған қоса, Вашингтонда орналасқан Uyghur Human Rights Project ұйымы өз зерттеуінде Қытай Шыңжаңдағы мешіт имамдарын қудалағаны жайлы деректер келтірді.
"ШЫҢЖАҢДА ТУУ ДЕҢГЕЙІ ЕКІ ЕСЕ ТӨМЕНДЕГЕН"
Қытайдың ресми деректерін зерттеген ASPI "Шыңжаңда 2017 жылдан бастап бала туу деңгейі қатты төмендеген" деп мәлімдеді.
Зерттеуде Шыңжаңда, ұйғырлар, қазақтар және басқа да азшылық топтар тұратын елдімекендерде 2017-2019 жылдары туу деңгейі екі есеге – 48,74 пайызға төмендегені айтылады. Мұндай құлдырау Қытайдың басқа аймағында болмаған.
"Туу деңгейі ұйғырлар мен басқа да байырғы ұлттар тұратын аймақтарда қатты төмендеген. 2017-2018 жылы, яғни бір жылдың ішінде өлкеде бала туу 43,7 пайызға азайған. Мәселен, халқының 99 пайызы ұйғыр Хотан аймағында 2012 жылмен салыстырғанда 2018 жылы бала туу 70,8 пайызға төмендеген" деп жазылған институт зерттеуінде.
ASPI зерттеу жасағанда Қытай билігінің деректерін, наурызда жарияланған аймақтардағы халық саны туралы статистиканы пайдаланған.
Институт құжатында Қытай билігі бала тууды шектеу үшін айыппұл салу, қамауға алу сияқты жаза қолданған деп айтылады.
Австралия зерттеу орталығы Шыңжаңда бала тууды шектеу саясаты өлкедегі компартияның басшылығына Чэнь Цюаньгоның келуімен басталған дейді. Құжаттағы дерекке сай, Цюаньго жергілікті аймақ басшыларына "туу деңгейін төмендетіп, тұрақтандыруды" бұйырған.
"Қытайда бұрын қалада тұратын аз ұлттарға екі бала, ауылда тұратын аз ұлттарға үш бала өмірге әкелуге рұқсат берілген. Ал хансуларға бір балаға ғана рұқсат етілген еді... Цюаньго жергілікті билік өкілдеріне "барлық ұлт өкілдеріне тең отбасы жоспарына сай" туу деңгейін азайтып, реттеуді тапсырған" дейді институт зерттеуінде.
Компартия басшысының бұйрығынан соң Шыңжаң шенеуніктері өз аймақтарында "отбасын жоспарлау" бағдарламасын жасап, әр отбасындағы бала санын бақылауға алған.
Институттың зерттеуінше, Шыңжаңдағы Қарақаш аймағында отбасыны жоспарлау тәртібін бұзғандар және осы ережені бұзғаны үшін айыппұл төлей алмағандар лагерьге қамалған. Ал Шершен аумағында екі баладан артық туған әйелдер лагерьге жіберілген.
13 мамырда Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хуа Чуньин Пекинде брифинг өткізіп, ASPI "деректерді ойдан шығарды, фактілерді бұрмалады" деді.
"Шыңжаңдағы ұйғырлар 2010-2018 жылдары хансулармен салыстырғанда жылдам өсті. Шыңжаңдағы тууды бақылау саясаты қандай да бір ұлтқа бағытталмаған" деді ол.
"ШЫҢЖАҢДА МЫҢНАН АСА ДІНИ ҚЫЗМЕТКЕР ҚАМАЛҒАН"
Вашингтонда орналасқан Uyghur Human Rights Project (UHRP) 13 мамырда зерттеуін жариялап, Қытай Шыңжаңда 2014 жылдан бері кемі 1046 дін қызметкерін түрмеге я лагерьге қамаған деп мәлімдеді. Олардың ішінде 18 дін қызметкері қамауда я қамаудан шыққан соң қайтыс болған.
UHRP дерегінше, ұсталғандар арасында 850 имам, 122 молда, 20 азаншы және басқа да дін қызметкері бар. Ұйым 428 дін қызметкері түрмеге және 202 дін қызметкерінлагерьге қамалғанын анықтай алған.
Қытай дін қызметкерлерін "экстремизм мен сепаратизмді насихаттады", "жұртты жинап, қоғамдық тәртіпті бұзуға үндеді" деп айыптаған. Бірақ құжаттар мен куәгерлердің айтқанына сай, олар имам қызметін атқарып, жамағатпен намаз оқығаны, мұсылманша неке қиғаны, уағыз айтып, діни сабақ бергені үшін ұсталған. Арасында шетелде оқығанына бола жазаланғандар да бар.
Зерттеуге сай, ұсталған діни қызметкерлердің көбі – ұйғыр (843) мен қазақ (187). Арасында 12 қырғыз, бір өзбек және бір татар бар. Жазаланған молдалардың 98 пайызы – ер адам. 23 әйел "балаларға исламды оқытқаны үшін" лагерьге қамалған.
UHRP қамалған дін қызметкерлері арасында 70-90 жастан асқандар бар дейді. Ұйым келтірген құжаттарға сай, дін қызметкерлерінің 96 пайызы кем дегенде бес жылға, 26 пайызы 20 жылға және одан көп мерзімге сотталған. 14 молда өмір бойына түрмеге қамалған. Кейбірі бес-он жыл бұрын имам қызметін атқарғаны үшін сотталған.
"Іле аймағында имам 2009 жылы жамағатпен намазға қатысқаны үшін 20 жылға сотталған" деп жазылған зерттеуде.
Қытай билігі халықаралық ұйымдардың мұндай зерттеулерін жоққа шығарып, деректерді мойындамайды. БҰҰ есебінше, Пекин Шыңжаңда лагерь ашып, бір миллионнан астам ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қамауда ұстаған.
Қытай Шыңжаңдағы бұл саясатын "экстремизммен күрес" деп атайды, ал лагерьлерді "кәсіп меңгеру орталығы" дейді. Пекин мемлекеттік басылымдары арқылы Шыңжаңдағы жұрт "бақытты өмір сүріп жатқанын", "діни еркіндік берілгенін" жиі көрсетіп, насихаттауға тырысады.
Халықаралық ұйымдар мен зерттеушілер өз зерттеуінде Қытай билігі Шыңжаңдағы мұсылмандарды лагерьге я түрмеге қамап; күштеп жер аударып; еркінен тыс жұмысқа жегіп; балаларынан айырып; әйелдерге аборт жасатып; лагерьде зорлық-зомбылық көрсетті дейді.
АҚШ, Канада, Ұлыбритания Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетін геноцид деп атаған.
Ресми Пекин бұл айыптаулардың бәрін жоққа шығарып, Шыңжаңдағы әрекетін "ішкі саясатымыз" дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Аборт, шошқа етін жегізу һәм лагерь. Қытайда мұсылман болудың машақаты Қытайдың лагерьлерді ақтайтын құжаты: 2014-2019 жылдары 7,7 млн шыңжаңдық "кәсіпке баулудан" өткен"Видеомен сөйлескенде Қазақстан туы, құранды жасырамыз". Қытайда қалған жақынын күткендер"Демографиялық геноцид". Пекинді ұйғыр мен қазақтың бала тууын шектеді деп айыптады