БҰҰ-ның жұмыс тобы жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаевты түрмеге қамаған Қазақстан адам құқығы саласындағы халықаралық нормаларды бұзды деген қорытынды жасады. Ұйым Қызылорда түрмесінде бес жылдық жазасын өтеп жатқан Елшібаевты дереу босатуды талап етті. Бұл туралы 2 маусымда әлемдегі ар-ұждан тұтқындарын қорғаумен айналысатын америкалық Freedom Now үкіметтік емес ұйымы хабарлады. Аталған ұйым былтыр БҰҰ-ның жұмыс тобына Елшібаев ісі бойынша мәлімдеме жолдаған.
БҰҰ-ның жұмыс тобы Елшібаев ісі бойынша 3-12 мамырда Женевада өткен заңсыз қамауларға қатысты жиында шешім қабылдаған. Алайда оның мәтіні мамырдың соңында жарияланды.
Freedom Now ұйымы мәлімдемеде Елшібаевтың түрмеге қамалу жағдайына тоқталып, оны қамау белгілері бостандықтан айырудың алғашқы үш категориясына сәйкес келетінін атап көрсеткен. Ал Жұмыс тобының пікірінше, Елшібаевты қамау мен соттау бостандықтан айырудың бесінші категориясына да жатады. Бұл топқа түрлі дискриминацияға ұшырап, оның ішінде саяси және өзге көзқарасы үшін қамалғандар кіреді.
"Ержан Елшібаевты заңсыз қамаған, себебі оны қамау Адам құқығы жөніндегі жалпы декларацияның 2, 3, 7, 9, 10, 19 және 21 баптарына қайшы және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 2 (1), 9, 14, 19, 25 және 26 баптарына қайшы. Бостандықтан айырудың I, II, III және V категорияларына кіреді" делінген Жұмыс тобының шешімінде. Құжат Freedom Now сайтында жарияланды.
Жұмыс тобы індет кезінде тұтқынның денсаулығына қауіп төндірген қазақ үкіметін Елшібаевты босату үшін әрекет етуге үндейді. Оның қамалуын жан-жақты тәуелсіз зерттеп, құқығын бұзғандарды жауапқа тартуға шақырады. Құжатта қазақ үкіметінің 10 желтоқсанда Жұмыс тобы жіберген Елшібаев туралы сұрағына жауап бермегені де жазылған.
"Жұмыс тобының аталған шешімін жылы қабылдаймыз. Ержан Елшібаев екі жылдан астам уақыттан бері жасанды айып бойынша қамауда заңсыз отыр. Біз Ержан түрмеде қысым көріп, қатыгездікке ұшырады ма деп қатты алаңдаймыз. Оны ұзақ уақыт жалғыз адамдық камераға қамап, отбасынан жырақ алыстағы түрмеге жасырын ауыстырып жіберді ме деген күдігіміз де бар" деді Freedom Now ұйымының құқықтық мәселелер жөніндегі қызметкері Адам Ледмат.
2019 жылы қазан айында Жаңаөзен соты Елшібаевты 5 жылға бас бостандығынан айырған. Сот оны "Денсаулыққа қасақана зақым келтіру" (Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 2-бөлігі) бабы бойынша кінәлі деп тапқан. Кейінірек Ақтау соты Елшібаевтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.
Елшібаевтың өзі және құқық қорғаушылар, жақтастары істің саяси астары барын айтты. Құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп атаған.
Былтыр күзде Ержан Елшібаев Түркістан облысы Ленгер қаласы Шахта Тоғыз елді мекені маңындағы ИЧ-167/9 түзеу мекемесінен Қызылордадағы ЗК-169/5 колониясына ауыстырылған. ИЧ-167/9 түрмесінде отырған кезде белсенді қысым көрсетілгенін бірнеше рет мәлімдеген.
Қарай отырыңыз: "Қолын кесіп, аузын тіккен". Жаңаөзендік Елшібаев өзін жарақаттады (Қазан айы, 2020 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
30-дан асқан Жаңаөзен тұрғыны Ержан Елшібаев 2019 жылы ақпан және наурыз айларында Маңғыстау облысындағы моноқалада өткен наразылықта белсенділігімен көзге түскен. Ол сол уақытта әкімдік ғимаратының алдына жиналған қала тұрғындарымен бірге сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жасаған. Осыдан соң жергілікті жұмыссыз жастар билікті диалогқа шақырып, жұмысқа орналастыру бойынша меморандум жасауды ұсынған. Кейінірек белсенділер биліктің қысымына ұшырағанын мәлімдеп, шағымданған.
Сол жылы көктемде Елшібаев екі жыл бұрынғы наразылыққа қатысы жоқ іс бойынша полицияға шақыртылған. Алайда тергеу кезінде оған азаматтық белсенділігіне қатысты көп сұрақ қойылған. Freedom Now-дың айтуынша, полицейлер Елшібаевты "Азаттыққа берген сұхбатынан бас тартып, наразылықты шетелде қуғында жүрген оппозиция жетекшісі Мұхтар Әблязов қаржыландырды деп мойындатуға тырысқан". Елшібаев қызметкерлердің талабын орындаудан бас тартқаннан кейін екі күннен соң қамауға алынған.
Қазақстан билігі елде саяси тұтқын барын жоққа шығарады және билікті сынайтындар қудалауға ұшырайды деген тұжырыммен келіспейді. Халықаралық Amnesty International ұйымының жазуынша, Қазақстанда белсенділерді бұлыңғыр баптармен жиі соттайды және Тоқаев билікке келгеннен кейін "репрессия онан сайын үдеген".
Жұмыс тобы "тиісті шаралар қабылдау мақсатында" Елшібаев ісін төрт баяндамашы: сот және адвокат тәуелсіздігі, құқық қорғаушылардың жағдайы, азаптау мен бейбіт жиналу, пікір айту еркіндігі мәселесімен айналысатын сарапшыларға жібереді.