Өзбекстанның шығысындағы Ангрен қаласының полициясы ондаған мұсылманға сақалын қыруға мәжбүрлеген. Жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдары Өзбекстан билігінің мұсылмандарға жасалатын бұл қысымын жиі сынайды.
Ангрен тұрғындарының бірі Азаттықтың Өзбек қызметіне айтуынша, өзін 7 маусымда полиция бөлімшесіне шақырып, сақалын қыруды бұйырған. Бөлімшеде тағы да ондаған ер адам болған.
"Полиция егер сақалымызды алмасақ, күштеп қырып тастайтынын ескертті. Олар бізді сақалымызбен және алып тастаған соң суретке түсіріп алды" дейді ол.
Ер адамның сөзінше, сақал қыру науқаны бірнеше күнге созылған.
"Полиция бөлімшесіне барып, сақалын қыруға мәжбүр болған еркектердің бәрі намаз оқиды. Біз полицейлерден сақал өсіруге болмайды деген заңды көрсетуді сұрадық. Олар "сендердің сақалдарың басқа еркектердің сақалына ұқсамайды" деп жауап берді. Сақалды алмасаңдар полицияға бағынбады деген айып тағамыз деп ескертті" дейді ол.
Ангрен полициясынан пікір алу мүмкін болмады.
Кейінгі жылдары Өзбекстанда полиция сақал өсірген ер адамдарға шүйліге бастағаны жиі айтылады. Билік бұл шараны радикальды исламмен күрес деп сипаттайды.
Мамырда интернетте тарап кеткен видеода Наманган қаласында полицей қызметкерлерге сақалды ер адамдарды тауып, сақалын қырдырып, оны фотоға түсіріп алуды тапсырады.
Билік бұл видеодағы жайтты жоққа шығарып, кейбір тұрғындарға "төлқұжатқа суретке түсу үшін сақалын алып тастауды ұсынғанын" айтқан.
Ташкенттегі "Эзгулик" (Аяушылық) құқық қорғау тобының жетекшісі Абдурахман Ташанов полиция намаз оқитын ер адамдардың сақалын алдырған көп фактіні тіркегенін айтады.
"Сақал өсіру – әр адамның жеке ісі, оларды аңду және сақалды күштеп алдыру дұрыс емес. Бірақ Өзбекстанда сақал ислам радикализмінің белгісі деп саналады. Сақал өсірген ер адамға қырын қарайды" дейді Ташанов.
Екі жыл бұрын Ферғана облысы басшысы Шухтар Ганиев жергілікті фермерге сақалы үшін несие бермей қойған еді. 2016 жылы сақал өсірген ер адамдарды Бухарадағы футбол матчына кіргізбей қояды. Полиция оларға сақалын алса ғана стадионға кіргізетінін айтқан.
Былтыр маусымда жарияланған АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінде Өзбекстан діни-наным сенімге шектеу қойып, мұсылмандарға сақал өсіруге, мектеп пен кеңседе хиджаб киюге тыйым салады деген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанда дін еркіндігі қалай өзгерді?