"Тұманды" һәм "үміт сыйлайтын" жарлық. Тоқаевтың адам құқығы жайлы жарлығына реакция

Алматыдағы бейбіт митингілердің бірі. 27 наурыз 2021 жыл.

9 маусымда Ақорданың ресми сайтында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазақстанның адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы" жарлығы шығып, ол үкіметке адам құқығы саласындағы басымдық берілетін шараларды қолға алуды тапсырды. Бұл жарлыққа қатысты құқық қорғаушылар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері не дейді?

Жарлықта не айтылған?

"Қазақстанның адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы" жарлықта мына бағыттар жазылған:

  • БҰҰ-ның шарттық органдарымен және БҰҰ-ның Адам құқықтары бойынша кеңесінің арнаулы рәсімдерімен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру;
  • адам саудасы құрбандарының құқықтарын қамтамасыз ету;
  • мүгедектігі бар азаматтарға қатысты адам құқықтары;
  • әйелдерге қатысты кемсітуді жою;
  • бірлесу бостандығына құқық;
  • пікір білдіру бостандығына құқық;
  • адамның өмір сүруге және қоғамдық тәртіпке құқығы;
  • үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру;
  • адамның қылмыстық сот төрелігі, атқару және азаптаулар мен қатыгез іс-әрекеттердің алдын алу саласындағы құқықтары.

"ҚАЗАҚСТАН БҰҰ АДАМ ҚҰҚЫҒЫ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСІНЕ МҮШЕ БОЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ"

Евгений Жовтис

Евгений Жовтис, Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның директоры:

– Өзің айналысып жүрген сала бойынша жарлық шыққаны қашанда қуаныш сыйлайды. Президент жолдауында адам құқығы жайлы айтып, осы салада шаралар қабылдағаны қуантады. Яғни, жоқтан бары жақсы. Мұндай жарлықтар өзгеріс болады-ау деген үміт сыйлайды. Бұл – жағымды жағы. Жарлық Қазақстанның БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі кеңесіне қайта мүше болуға талпынысы ма деп те күдіктенемін. Ел тиісті өтінішін жіберді. Бұл жарлық сол тілекті қолдау үшін шығарылды. Жарлықта бейбіт митингіге жиналу туралы ештеңе жазылмаған. Себебі бұрын қабылданған бейбіт митинг туралы заң мәселені шешті деп ойласа керек, бірақ шешпеді. Адам құқығы саласына байланысты қабылданған бейбіт митинг туралы, саяси партия тіркеу үшін мүше санын төмендету не партиялардың парламентке өту межесін төмендету туралы заңдардағы өзгерістерден соң; "Жала жабу" бабын Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстыру туралы заңдардан соң бәріне абайлап қараймын. Себебі бұл қадамдардан айтарлықтай үлкен өзгеріс болмады.

"БІЗДІ ОППОЗИЦИЯ ДЕП САНАМАЙ ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ МҮМКІНДІК БЕРСЕ"

Елена Швецова.

Елена Швецова, "Еркіндік қанаты" қоғамдық қорының атқарушы директоры:

– Біздің жұмысымызға кедергі келтірмей, бізді елдегі жағдайды бұзғысы келетін оппозиционер деп санамай жұмыс істеуге мүмкіндік берсе болды. Үкіметтің тәуелсіз үкіметтік емес ұйымдарға бет бұрып, олардың немен айналысып жатқанын түсініп, қарым-қатынасты реттейтін уақыты келді. Себебі біз үкімет пен қоғам арасындағы көпірміз. Жарлыққа үлкен үміт артамыз деп айта алмаймын, бірақ бірдеңе өзгереді-ау деген үміт бар. Президент мұндай жоспар туралы айтқаны жақсы. Енді мұны Нұр-Сұлтан мен Алматыдан бөлек басқа аймақтарда, ауылдарда жүзеге асыру бойынша нақты жоспар керек. "Бұл шара қаншалықты тиімді болады, барлық азаматқа жете ме?" деген сұрақ бар. Себебі ірі қалаларда адам құқығы бұзылғанда зардап шеккен адам мемлекеттік органдарға, құқық қорғаушыларға, құқық қорғау органдарына бара алады. Аймақтарда бұл қиын. Мысалы, Шымкенттегі "Феминита" белсенділерімен оқиғаны алайық. Орталықтар араласпаса, аймақтар да үнсіз отыра береді.

"ӨТЕ ҚЫСҚА ӘРІ НАҚТЫЛЫҒЫ ЖОҚ ЖАРЛЫҚ"

Татьяна Чернобиль.

Татьяна Чернобиль, заңгер, Адам құқығы жөніндегі тәуелсіз кеңесші:

– Бір түрлі жоспар және бұл жарлық аяқ асты қабылданды. Өте қысқа әрі нақтылық жоқ. Осы үмітімізге су себеді және алаңдатады. Бұл алғашқы жоспар, одан кейін нақты шаралардың кезегі келеді. Бірақ бұл жоспар қашан жүзеге асатыны белгісіз. Осы жағы алаңдатады. Егер осы тоғыз бағыт негізгі адам құқықтары деп таңдалса, басқа құқықтар қалай болады? "Адам құқығы бір-біріне тәуелді әрі бөлінбейді" деген принцип бар. Яғни, бір құқықты екіншісінен бөліп қарауға болмайды. Барлық құқық мемлекет тарапынан бірдей қорғалуы тиіс. Әсіресе "адамның өмір сүруге және қоғамдық тәртіпке құқығы" дегені қызық. Яғни, мемлекет бұл құқықты бізге сыйға берген сияқты бір түрлі естіледі екен. Адам құқығы – артықшылық емес, ал қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету – мемлекеттік міндеті. Дискриминацияда да осы. Адамды алалауға жол жоқ. Себебі бәрі ортақ принцип, адам құқығының кез келген саласы қорғалуы керек. Жарлықта бейбіт жиындар туралы ештеңе айтылмайды. Өйткені дәл осы құқық бір адамдық пикетті қамтиды. Себебі бір адамдық пикеттер заңмен реттеледі. Пикеттер алдағы уақытта заңмен реттелмейді, адамдар биліктен рұқсат алмай митингіге шыққаны үшін жауапқа тартылмайды деп үміттенемін. Жарлықтағы барлық құқық туралы біз бұрыннан білеміз. Мемлекет тағы қандай міндеттемелерді алатын және адам құқығына қатысты функциясын қалай орындайтыны белгісіз. Мемлекет адам құқығын құрметтеп, қорғап және жағдай жасауы тиіс. Осыны көргіміз келеді.

"ҚАЗІРГІ ЖҮЙЕДЕ АДАМ ҚҰҚЫҒЫ ЖАҚСАРАДЫ ДЕП ОЙЛАМАЙМЫН"

Бақытжан Төреғожина.

Бақытжан Төреғожина, "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының төрайымы:

– Жалпы мағынасы тұманды жарлық. Осыншама мәселені алуы түсініксіз. Тоқаев президент болып отырған екі жылда оның жоспарлары дұрыс орындалмады я мүлдем нашар орындалды. Саяси партиялар, сайлау, бейбіт митинг туралы заңдарды я күлкіге қалған "парламенттік оппозиция" заңды алайық. Мына жарлықты президент өзі қабылдады. Ешқай жерде талқыланбады. Талқылауға қатысар едім. Ал жарлық күтпеген жерден қабылданды. Сенатта қаралып жатқан омбудсмен туралы заңды алайық, бізге ұсыныстарыңыз бен ескертулеріңізді айтыңыздар дейді. Бірақ сенатта қаралып жатса, үлкен өзгеріс жасау қиын. Яғни, құқық қорғаушылардың пікірі ескеріле бермейді. Бұл көңілді қалдырады. "Артық қыламын деп тыртық қылды" деген еске түседі. Үмітім бар, бірақ қазіргі жүйеде адам құқығы өзгеріп кетеді дегенге сене қоймаймын.

"ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ЗАҢЫ ӘЙЕЛДЕРДІ АЛАЛАЙДЫ"

Дина Смаилова.

Дина Смаилова, зорлық-зомбылыққа қарсы "НеМолчи.kz" қорының жетекшісі:

– Өте жақсы, үміт сыйлайтын жаңалық. Біз, үкіметтік емес ұйымдар, құқық қорғаушылар, әйелдер құқығын қорғап жүргендер үшін үлкен қолдау. Президент әйелдерді алалау мәселесін көтерсе, бұл – алға жасалған үлкен қадам. Бұл бұрын қолға алынуы керек еді. Бізде әйел құқығы шынымен қорғалмаған. Конституцияда жынысына қарай алалау болмау керек десе, заңда басқаша жазылған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық заңы әйел құқығын таптап, оларды ұрып соғуға мүмкіндік береді. Яғни, бұл заң әйелдерге қарсы.

Бұл жағынан біз артта қалғанбыз. Мысалы, Грузияда әйелге қол көтергендерге бір жылдық жаза қарастырылған. Психологиялық қысым үшін де түрмеге қамайды. Жыныстық бопсалау үшін де түрме жазасы бар.

Егер Қазақстан осы жолды таңдап, президент осындай жарлық шығарса, бірінші кезекте әйелді ұру мен бопсалауды Стамбул конвенциясына сай қылмыстық іс деп қарастыру керек. Мұны БҰҰ-да ұсынады. Солай болады деп үміттенеміз. Билікке Тоқаев келгелі әйелдерге қатысты жағдай қатты өзгерді. Жыныстық зорлық-зомбылық туралы, педофилия туралы заң күшейді. Митингіге шығуға рұқсат берді. Яғни, өзгерістерді көріп жатырмыз.

"ЖАРЛЫҚ ЖҮЗЕГЕ АССА…"

Нина Балабаева.

Нина Балабаева, "Родник" қоғамдық қорының директоры:

– Адам құқығы мәселесімен таныс адам ретінде бұл жарлықты қос қолдап қолдаймын. Біздің саламыз – адам саудасы құрбандарының құқығын қорғау жарлыққа енгеніне қуаныштымын. Себебі олар әлсіз топқа кіреді. Адам саудасы құрбаны болған шетелдік көмектен қағылған. Бұл кемшілікті реттеу керек. Жарлық осы мәселені шешеді деп үміттенемін. Тағы бір мәселе – "Ойлануға уақыт беру" стандарты. Мысалы, құлдықтан шыққан адам бірден тергеліп, қозғалған іске араласады. Басында ол кінәлі адамның үстінен арыз жазбақ болады да, кейін бас тартады. Ал стандартқа сай, адамға ойлануға отыз күн берілуі керек. Бұл заңға енуі тиіс. Сондықтан осы жарлық өзгеріс әкеледі деп үміттенемін. Бастысы, жарлық орындалып, нақты шара қабылданып, сапалы нәтиже берсе болды. Алға жылжу болады деп үміттенеміз.

"ПРЕЗИДЕНТ ҮСТЕЛДІ ЖҰДЫРЫҒЫМЕН ҰРЫП, "БОЛДЫ" ДЕУІ КЕРЕК"

Елена Семенова.

Елена Семенова, "Азаптауға қарсымыз" қоғамдық ұйымының жетекшісі

– Сотталғандардың құқығы мен түрмедегі азаптау мәселесіне президенттің нақты шешімі керек деп айтқан едім. Яғни, президент үстелді жұдырығымен ұрып, "болды!" деуі керек. Бұл жарлықты үстелді ұрған жұдырық деп қабылдадым. Жедел шара қабылдау қажет, себебі мәселе тереңдеп кетті. Түрмедегі жағдайды, прокуратураның, органдардың тергеудегі әрекетсіздігін айтып отырмын. Азаптауға қатысты тергеулер мүлде дұрыс жүрмейді. Жәбірленуші шағымданған адамдар, түрме қызметкерлері тергеледі. Олар азаптауды жоққа шығарып, бәрі жақсы дейтіні сөзсіз. Яғни, дәлелдеу қиын. Қамауда отырып, түрме қызметкерлерінің үстінен шағымдану да қиын. Адамдарға болған жағдайды айтуға мүмкіндік бермейді. Арыз жазудың еркін форматы болуы тиіс. Жоғарыдан бұйрық болса, қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қаперге алып, өз қызметкерлерінің ісін жасырмас деп ойлаймын.