Коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеген Американың Novavax дәрі-дәрмек компаниясы клиникалық сынақтың үшінші кезеңінің нәтижесін жариялады. Екі дозалық вакцинаның тиімділігі – 90,4 пайыз. Сынаққа АҚШ пен Мексикадан шамамен 30 мың ерікті қатысқан.
Ақпаратқа қарағанда, сынаққа қатысқандардың ешбірінің коронавирус ауруы ушықпаған. Мамандар вакцина сонымен бірге коронавирустың жаңа штамдарымен тиімді күресетінін айтып отыр.
Novavax алдағы үш ай ішінде вакцинаны АҚШ-та пайдалану туралы өтініш түсіреді. Қазір АҚШ-та Pfizer/BioNTech, Moderna және Johnson & Johnson компанияларының коронавирусқа қарсы вакциналары пайдаланылып жатыр.
АҚШ-та 140 млн адамға (халықтың 40 пайызы) коронавирусқа қарсы вакцина егілген. NBC телеарнасының хабарлауынша, вакцина тапшылығын сезінбейтін АҚШ Novavax вакцинасын өзге елдерге де тегін ұсына алады.
Қазір Ресейде отандық төрт вакцина мақұлданған. Бірде-бір шетелдік екпені пайдалануға рұқсат берілмеген. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресейлік вакциналардың ешқайсысын ресми түрде мақұлдамаған. Соған қарамастан "Спутник V" вакцинасы ондаған елге тасымалданған. (Еуроодақта екі мемлекет: Венгрия мен Словакия қолданады). Соңғы уақытта Ресей билігі елде вакциналау науқаны баяу жүріп жатқанын мойындап келеді. Ал АҚШ пен Еуроодақта коронавирус жұқтырғандар азайып жатыр. Ресейде соңғы аптада науқастар қайтадан көбейе бастаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ QazVac төңірегіндегі жаңа дау неден туды?