Пекин Украинаға коронавирустың жаңа түріне қарсы вакцина беруді доғаратынын айтып ескерту жасағаннан кейін Киев Қытайдағы адам құқығының ахуалы туралы құжатқа қол қоюдан айнып қалды. Бұл туралы дипломаттар арасындағы дереккөзіне сүйеніп Associated Press агенттігі хабарлады.
22 маусымда Украина әлемнің қырықтан астам мемлекетімен бірге Қытайды Шыңжаң аймағына тәуелсіз бақылаушыларды дереу кіргізуге үндеген болатын. Бұған дейін ондаған құқық қорғаушы ұйымдар Пекинді Шыңжаңда аз ұлттар мен діни азшылықтардың құқығын жаппай өрескел бұзып, қатыгездік танытып отыр деп айыптаған. Қытай билігі ондай айыптауларды жоққ шығарып келеді.
Арада екі күн өткенде Украина Қытай билігіне үндеуге қол қойғандардың арасынан табылмай қалды деп хабарлайды Associated Press пен германиялық Deutsche Welle. Батыстың екі елінің дипломаттары Associated Press агенттігіне Қытай билігі алдын ала жоспар бойынша Украинаға бермекші болған коронавирусқа қарсы вакцинаның 500 мың дозасын бермей қоямыз деп сес көрсеткеннен кейін Киевтің әуелгі сөзінен айнып қалғанын айтқан.
AP журналистері бұл мәселеге байланысты Украина я Қытай тарабынан комментарий алу мүмкін болмағанын айтады.
Еуропада коронавирусқа қарсы вакцинаға аса мұқтаж елдердің бірі – Украина. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елде биылғы ақпан айынан бері вакцинаның бір дозасын болсын алғандар саны халықтың 4 пайызынан сәл асады – 1,8 миллион адам.
Бұған дейін Киев Қытайдың Sinovac Biotech компаниясы шығарған вакцинаның 1,9 миллион дозасын алатыны туралы келісім жасаған. Денсаулық сақтау министрі Максим Степановтың сөзінше, мамырдың басында елге 1,2 миллион вакцина дозасы жеткізілген.
- Халықаралық ұйымдар мен зерттеушілер Қытай билігі Шыңжаңдағы мұсылмандарды лагерьге я түрмеге қамап; күштеп жер аударып; еркінен тыс жұмысқа жегіп; балаларынан айырып; әйелдерге аборт жасатып; лагерьде зорлық-зомбылық көрсетті дейді.
- АҚШ, Канада, Ұлыбритания Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетін геноцид деп атаған.
- Ресми Пекин бұл айыптаулардың бәрін жоққа шығарып, Шыңжаңдағы әрекетін "ішкі саясатымыз" дейді. Қытай Шыңжаңдағы саясатын "экстремизммен күрес" деп атайды, ал лагерьлерді "кәсіп меңгеру орталығы" дейді.
- Пекин мемлекеттік басылымдары арқылы Шыңжаңдағы жұрт "бақытты өмір сүріп жатқанын", "діни еркіндік берілгенін" жиі көрсетіп, насихаттауға тырысады.