Жаңаөзенде "КЕЗБИ" компаниясының 600-ден астам жұмысшысы екі күннен бері жұмысты тоқтатып, ереуілдеп жатыр. Олар еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыны көтеруді, өздері құрған кәсіподақ белсенділерін қудаламауды талап етеді.
"ӨзенМұнайГаз" компаниясының мердігер мекемесі "КЕЗБИ" жұмысшылары 30 маусымнан бері жұмысты толық тоқтатқан. Олар 30 маусымда түнгі ауысымның жұмысшылары ереуілді таң атқанша жалғастырғанын айтады.
Ереуілдеген жұмысшылар жұмыс берушіден:
- Жалақыны көтеріп, сыйақы төлеу жүйесін қайта қарастыруды,
- Мереке күндерінде жасалған жұмыстар мен зиянды аймақтағы жұмыс үшін ақы төлеуді,
- Жұмысшылар мансабын еңбек өтіліне қарай көтермелеуді,
- Еңбек демалысында қосымша сауықтыру орындарына баруды қамтамасыз етуді,
- Ұңғымаларды жөндейтін шеберлерге жағдай жасауды,
- Бұрғышылардың қасына көмекші беруді,
- Стандартқа сай құрал-сайманмен қамтамасыз етуді,
- 2019 жылдың қаңтарынан бастап жұмысшыларға берілетін қаражат туралы есеп беруді талап етеді.
Жұмысшылар өздерімен мәмілеге келу үшін құрылған келісім комиссиясының нәтиже бермегенін айтады. Бұл комиссияға компания мен билік өкілдері және бірнеше жұмысшы кірген еді.
– Талаптардың бірі де орындалған жоқ. Жұмысшылар ереуілді жалғастырамыз деп шешті, – деді "КЕЗБИ" жұмысшыларының бірі Нұрсұлтан Нұрымов.
1 шілде күні еруілдеген жұмысшыларға Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов келді. Ол "КЕЗБИ" басшылығы мен басқа да құзырлы орындардан құрылған комиссия жұмыс жасайтынын мәлімдеп, оның шешімін наразыларға айтатынын хабарлады.
"ЖАҚСЫ ЖАЛАҚЫ АЛҒЫМЫЗ КЕЛЕДІ"
Жиналғандар жұмыстағы еңбек жағдайына шағымданды. "КЕЗБИ" –Жаңаөзендегі жалғыз әрі ең ірі мұнай өндіруші компания "ӨзенМұнайГаз" компаниясына мердігерлік етеді, "Өзенмұнайгаздың" ұңғымаларын күрделі жөндеуден өткізеді, тазартады.
– Бізді құл қылып жұмсап жүр. Мына жігіттердің бәрі лайықты еңбекақыларын талап етіп отыр. Бізде ұңғымаларды жөндейтін бригадалардың ешқайсысына дұрыс ақша төленбейді. Жұмыс ауыр, шыжыған күннің астында жүреміз. Емделгіміз келеді, жақсы жалақы алғымыз келеді. Шипажайға баруға жағдайымыз жоқ. Осыны айтсақ басшылар қудалайды, – деді атын айтпаған жұмысшылардың бірі.
Оның сөзін қоштаған бригада шебері Бақытжан Байжанов артық жұмыс сағаттарына ақша төленбейтініне шағымданды.
– Мен шебер ретінде осы жұмысшылардың еңбек табелін толтырамын. Жұмыс беруші белгілеген 440 сағаттан 760 сағатқа дейінгі жұмыс уақыты үшін 15 пайыз үстем бар. Мен бұл әділ емес деп есептеймін. Себебі біз 700-800 сағатқа дейін талап етілген қарқынмен жұмыс істейміз. Сондықтан жұмысшылардың еңбегін бағалап, 50-60 пайыз үстеме қойсам, оны бермейді. Сондықтан жұмысшылар талабы орынды, – деді ол.
Жұмысшылардың айтуынша, мекемедегі арнайы жұмыс техникасының бәрі ескі, 1974-1979 жылғы көліктер. Олар "бұл көліктерге қажетті құрал-сайманды өздері сатып алатынын, сынып қалса жұмысшыны айыпты ететінін" айтады.
– "КЕЗБИ" компаниясында 2011 жылдан бері жұмыс істеймін. Мен айдап жүрген техника 1979 жылы жасалған. Жұмыста вагон сүйреймін, кейде көлік тежегіші тоқтамай кері кетемін. 21 мамырда К-700 аударылды. Оны да жылы жауып қойды. Өміріміз қауіпке толы. Қажетті жабдық сұрасақ ескі бірдеңелер береді, онысы көпке шыдамайды, – дейді жұмысшы Сапарбай Қалығұлов.
Оның айтуынша, вахталық ауысымда да жағдай жоқ, жұмысшылар өз ақшасына пәтер жалдайды, жұмыстан түнгі 11-де келіп, тамақ істейді.
– Бастықтар біздің арқамызда шалқайып жүр. Оларға барлық жағдай жасалған. Бізге арнайы жатағы бар қалашық салсын, – дейді ол.
"КЕЗБИ" жұмысшылары жұмыс жағдайына бөлек өздері құрған кәсіподақтары үшін де күресіп келеді. Қойған талаптарының арасында кәсіподаққа қысым жасамау да бар.
"КЕЗБИ" жұмысшылары кәсіподақ 2019 жылы тіркеліп, оған 600-ден астам адам кіргенімен, толыққанды жұмыс істей алмай отырғандарына шағымданады.
– Жұмыста қысым көп. Мен слесарь болып еңбек етемін. Бізді "Ынтымақ" кәсіподағынан шық деп қудалайды. Одан шығарып жұмыс берушіге жақтас "Бірлік" кәсіподағына кір деп қыспақтайды. Алатын жалақымыз – 200 мың теңге. Ол кімге, неге жетеді? – дейді жұмысшы Ахмет Жақсыбаев.
"МОНИТОРИНГ ЖАСАП ОТЫРМЫЗ"
Азаттық тілшісі "КЕЗБИ" компаниясына бірнеше мәрте қоңырау шалғанымен, тұтқаны ешкім көтермеді. Ал еңбек министрлігі Жаңаөзендегі еруілден хабардар екенін, мониторинг жасап отырғанын айтты.
– Біз ахуал орталығы деген бар. Бұл орталық әр облыстың әкімі және олардың орынбасарларымен бірге наразылық туындауы мүмкін компанияларды қадағалап отырады. Тізімге осындай 200-ден астам компания ілігіп, жүргізілген жұмыстардан соң ахуал жақсарды. "КЕЗБИ" компаниясындағы жағдайға байланысты құрылған бітімгерлік комиссиясының шешімі бір аптадан соң белгілі болады. Егер [шешім] жұмысшыларды қанағаттандырмаса, сотқа беруге болады, – деді еңбек министрлігінің өкілі Бақытжан Бейсенбаев.
1992 жылы құрылған "КЕЗБИ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Маңғыстау облысындағы мұнай компанияларына ұңғымаларды жөндеу бойынша қызмет көрсетеді. Ол – Жаңаөзендегі ең ірі мұнай компаниясы "ӨзенМұнайГаз" акционерлік қоғамының мердігер мекемесі. Мұнда жалпы саны 27 бригада жұмыс жасайды. Компанияда 1200-ге жуық жұмысшы бар.