Қазақстанда өткен күні 3031 адамнан коронавирус табылған. Бұл туралы 5 шілдеде денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Осылайша Қазақстанда коронавирус пандемиясы басталғаннан бері вирус жұқтырғандар саны бойынша антирекорд орнады.
Оның алдында министрлік елде 3003 адамнан коронавирус анықталғанын мәлімдеген. Елде коронавирустың делта варианты тарап жатқан тұста коронавирус жұқтырғандар саны екінші күн қатарынан үш мыңнан асып түсті.
Ресми дерек бойынша, Қазақстанда былтыр наурыздан бері 436 962 адамнан коронавирус табылған. Бірақ кейбір сарапшылар елдегі бұл статистика төмен, шынайы жағдайды көрсете алмайды деп санайды.
Қазір елде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Атырау, БҚО, Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстары қаупі көп "қызыл аймақта", Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда облыстары вирус тарауы жағынан орташа "сары аймақта" тұр. Қалған облыстар "жасыл аймақта".
3 шілдеде елде коронавирус пневмониясына 82 адам шалдықты. ПТР нәтижесі теріс, бірақ симптомдары коронавирусқа ұқсас "пневмония" статистикасы былтыр тамыздан бері жүргізіліп келеді. Министрлік мәліметінше, содан бері елде 57 428 адам осы "пневмонияға" шалдыққан.
Сенбі, 4 шілдеде елде 25 адам коронавирустан, екі адам "коронавирус пневмониясынан" қайтыс болған. Пандемия басталғалы елде 4469 адам коронавирустан, 3465 адам "пневмониядан" көз жұмды. Статистикаға коронавирус жұқтырған мыңнан аса адам марқұм енбей қалды. Министрлік құрған комиссия олардың қазасына басқа дерт себеп болды деп тапқан.
Министрліктің дерегінше, 5 шілдеге дейін елде 3,7 миллион адам коронавирусқа қарсы екпенің бір дозасын; 2,2 миллиондай адам екі дозасын да алған. Елде ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac, HayatVax (БАӘ елінде дайындалған Қытайдың екпесі), қытайлық Coronavac екпесін салып жатыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Екпе алмаса, қауіп көп. Басқа амалымыз жоқ". Иммунолог вакцинаның пайдасы мен "чиптеу" жайлы не айтты?Қазір елде 31 718 адам Covid дертіне шалығып, емделіп жатыр. 9645 адам ауруханада жатыр. 600 науқастың жағдайы ауыр, 69 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің есебінше, әлемде 183,7 миллион адам Covid дертіне шалдыққан. 3,9 миллион адам қайтыс болған.