Алматыда белгісіз біреулер бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған муралды өзгертіп тастаған.
8 шілдеде Qazaq Koktemi Rukh арт қозғалысының Инстаграмдағы парақшасында өзгертілген муралдың суреті пайда болды. Онда бұрынғы президенттің жас кезіндегі суреті DC Comics-тің зұлым кейіпкерлерінің бірі Джокерге ұқсап қалған.
Муралдағы “Ұлы дала ұлы” деген латын қарпіндегі жазу "Ұлы дала ұры" деп өзгертілген. Forever Young тіркесіне "крест" қойылып, Cancel деген сөз пайда болған.
Мурал Жароков пен Мыңбаев көшелерінің қиылысындағы гараж қабырғасында тұр.
Арт-қозғалыстың Instagram желісіндегі парақшасында экс-президентке арналған үндеу де бар.
Your browser doesn’t support HTML5
8 шілдеде таңертең Азаттық тілшісі оқиға орнына барған кезде муралдың палаткамен жабылғанын көрді. Оны суретке түсіріп жатқан Азаттық тілшісіне белгісіз біреулер келіп, суретке түсірмеуді және телефоннан өшіруді талап етті. Бірақ олар өздерін таныстырмады. Тілші суреттерді өшіруден бас тартқаннан кейін олар “жарайды, түсіруге болады, тек алыстан түсіріңдер” деп көліктеріне кетіп қалды.
Жергілікті тұрғындар Азаттық тілшісіне муралды палаткамен жауып тастағанға дейін түсірілген суреттерді жіберді. Ол Rukh2k19 оппозициялық тобының Инстаграмдағы аккаунты жариялаған суретпен толық сәйкес келеді.
Жазбаға #qazaqkoktemi деген хэштег жазылған. Мұндай хэштег бұрын Назарбаевқа арналған өзге акциялар кезінде де пайданылған. 2020 жылы 1 желтоқсанда Алматыда Назарбаев даңғылына #qazaqkoktemi және #cancelelbasy деген хэштегтері бар “47 млрд тенге на имя” деген жазуы бар баннер ілінді. Акцияны кімнің ұйымдастырғаны да белгісіз қалған. Сол кезде баннер Rukh2k19 тобының Инстаграмдағы парақшасында жарияланған еді.
13 желтоқсанда таңертең осы топтың Инстаграм парақшасында "Ұмытылмас 1986 2011" деген жазу пайда болды. Алматы әкімдігі маңындағы асфальтқа #qazaqkoktemi деген жазу қалдырылған. Азаттық тілшісі барғанға дейін жазу өшірілген.
4 мамырда Алматыда америкалық рэпер XXXTentacion-ның өліміне арналған мурал Назарбаев суретімен алмастырылған болатын. 19 мамырда The Village Kazakhstan сайты белгісіз біреулер Назарбаев муралын өзгертіп, "Cancel" деген сөзді қосып, "Forever Young" деген тіркесті өшіріп тастады деп хабарлады. Муралда #Qazaqkoktemi деген хэштег те болған.
Бұдан соң ақпарат және қоғамдық даму министрлігі The Village Kazakhstan басылымынан жаңалықты өшіруді талап еткен.
Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың наурыз айында отставкаға кеткен, алайда саяси ықпалын сақтап қалды.