Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі маусымда Covid жұқтырып көз жұмған 405 марқұмды "өліміне басқа дерт себеп болды" деп статистикаға қоспаған. Бұл жайт 8 шілдедегі брифингте денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шорановтың сөзінен белгілі болды.
Вице-министр бұл адамдардың 60 пайызы жүрек-тамыр ауруларынан қайтыс болғанын айтты.
Qazaq Times тілшісі ДДСҰ нұсқаулығында оқыс жағдайдан басқасының бәрін коронавирус өліміне қосу керек деп жазылғанын еске салып, шенеуніктен бұл деректен неліктен коронавирустың негізгі статистикасына қосылмай отырғанын сұрады. Вице-министр жауап бере алмады.
Осыған дейін денсаулық сақтау министрлігі Азаттыққа 2020 жылғы наурыз бен 2021 жылғы мамыр аралығында Covid ілеспе диагноз болған 1962 өлім тіркелгенін айтқан. Маусым айындағы көрсеткішті қосқанда, барлығы 2367 кісінің өлімі осы есепке қосылған.
Бұл есептің барын Денсаулық сақтау министрлігі былтыр 31-канал мен Азаттық зерттеуінен кейін мойындады. Зерттеу Алматы түбінде коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге арналған зиратта ресми көрсеткіштен көп адам жерленгенін көрсеткен.
Министрлік бұл есептің барын мойындағанымен, оны өздігінен жүйелі түрде жариялап тұрмайды. Тек журналистер сауал жолдағанда ғана айтады.
Ресми статистика бойынша, Қазақстанда коронавирусқа барлығы жарты миллион адам шалдығып, оның сегіз мыңы қайтыс болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Денсаумин: Сәуір мен мамырда коронавирустың "жанама әсерінен" 343 адам қайтыс болды