Сарапшылар "Талибан" түбі бүкіл Ауғанстанды, соның ішінде ел астанасы Кабулды басып алады деп санайды. 2001 жылы халықаралық коалицияның көмегімен биліктен қуылса да, тартысты тоқтатпаған тәліптер Ауғанстандағы көп аймаққа қайта бақылау орнатты. 20 жылдан соң АҚШ пен оның одақтастары ауған аумағынан әскерін алып кетіп, билік ұстап қалуға тырысып отырған президент Ашраф Ғаниге қалдырмақ. Радикалды исламистік идеология ұстанатын тәліптердің оралуы Орталық Азияға, Ресейге және Ауғанстанның барлық көршісіне қандай қауіп төндіреді?
АУҒАНСТАНДА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?
8 шілдеде АҚШ президенті Джо Байден америкалық әскерилердің Ауғанстаннан 31 тамызда толық шығатынын мәлімдеді. Ол "Ауғанстан өз болашағын өздері құру керек" деді. Шілденің басында Вашингтон Баграм әуе базасындағы әскерилерін әкетіп, АҚШ тарихындағы ең ұзаққа созылған (20 жыл) соғысты аяқтауға үлкен қадам жасады. Баграм АҚШ-тың Ауғанстандағы әскери әрекетінің негізгі базасы болған. Пентагон Ауғанстандағы әскерінің 95 пайызы шығарылғанын мәлімдеді.
2001 жылғы Нью-Йорктегі терактіден соң "Ал Каида" басшысы Усама бен Ладенді өлтіру үшін Ауғанстанға әскер кіргізген АҚШ былтыр Дональд Трамп президент болып тұрғанда тәліптермен келісімге келген. Вашингтон мен тәліптер арасындағы келісімге сай, АҚШ Ауғанстаннан әскерін әкетуі тиіс болған. Кейін Байден президенттікке келген соң бұл қадамды қолдады.
АҚШ-тың Ауғанстандағы әскерінің генералы Остин Скотт Миллер өткен аптада "Ауғанстан жаңа азаматтық соғыстың табалдырығында тұр" деді.
Америкалық әскерилердің өзі "ауғанның қарулы күштері тым әлсіз, сондықтан Кабулдағы билік тәліптерге төтеп бере алмайды" деп ескертеді. АҚШ пен оның одақтастары Ауғанстаннан кетіп жатқан тұста қарапайым тұрғындар да қолына қару алып, тәліптерге қарсы шығып жатыр. Халықтың қолға қару алуынан басқа амалы жоқ.
Тәліптердің күш алуынан ауған әйелдері де қатты қорқып отыр. Кабулдағы сұлулық салонында жұмыс істейтін әйел шетелдік журналистерге берген сұхбатында "табысымнан айырылғаннан бұрын өмірімнен айырыламын ба деп қорқамын" деген. Ол ауған қоғамы "қирап", ал "әйелдер паранжа киіп, жертөлеге қамалады" деп қауіптенеді.
Жақында Ауғанстанның 1500 сарбазы Құндыз және Бадахшан провинциясындағы "Талибанмен" қақтығыс кезінде Тәжікстанға қашқан. Оның алдында тәліптер ауған-тәжік шекарасының маңындағы "Шерхан-Бандар" постын басып алған еді.
Тәліптер күш ала бастаған тұста АҚШ Өзбекстан, Қазақстан, Тәжікстаннан "америкалық әскерилерге көмектескен 9 мың ауғанды уақытша орналастыруды" сұрады. АҚШ тәліптер америкалық әскерилерге көмектескен ауғандарды жазалауы мүмкін деп қауіптенеді. Вашингтон қазір 9 мың ауғанды Ауғанстаннан әкетудің барлық жолын қарастырып жатыр.
Жағдай ушыққан тұста Тәжікстан Ауғанстанмен шекарасын қорғау үшін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан көмек сұрады. Бұл альянсқа Ресей, Қазақстан және басқа да постсоветтік елдер кіреді. Ресей сыртқы істер министрлігі қажет болса Тәжікстан шекарасын қорғауға көмектесетін мәлімдеді.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі "Талибан" қозғалысын 2003 жылы террорлық ұйым деп жариялаған. Ресей де сол жылы бұл қозғалысты террористік ұйым деп таныды. Бірақ бұл Мәскеу мен Вашингтонның тәліптердің делегациясымен кездесуге кедергі болған жоқ.
Мәселен, 8 шілдеде Талибан делегациясы Мәскеуге барып, Ресей сыртқы істер министрлігі өкілдерімен кездескен. Мәскеудің хабарлауынша, тәліптер Ресей мен Орталық Азия елдеріне қауіп төндірмеуге уәде берген.
"Талибан өкілдері Орталық Азия елдерінің шекарасын бұзбаймыз, Ауғанстандағы шетелдік елшіліктер мен консулдықтарға тиіспейміз деген уәдесін алдық" деді Ресей сыртқы істер министрлігі.
"АУҒАНСТАННАН АҒЫЛАТЫН БОСҚЫНДАР ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА МӘСЕЛЕ ТУЫНДАТАДЫ"
Ресейлік саясаттанушы, шығыстанушы әрі Ауғанстан бойынша сарапшы Аркадий Дубнов Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында "Талибанның" әрекеті Орталық Азияға қалай әсер ететінін айтып берді.
– Тәліптердің қазір әскери мүмкіндігі мен күші қандай? Әскерінің саны қанша? Ауғанстанның қанша аумағын бақылап отыр?
– Нақты статистика жоқ. Кейінгі деректерге сай, елдегі 400 уездің 157-сі тәліптердің қолына өткен. Бірақ бұл маңызды емес, себебі тәліптердің әсері күшті, оны арифметика сандарымен бағалауға болмайды. 27 жыл бойы сыртқы "ойыншылар" мен Ауғанстандағы ішкі қарсыластары құрта алмай келе жатқанына қарап олардың күшінің көп екенін көруге болады.
– Тәліптер "билікке келсек..." деп бірнеше уәде берді. Соның бірі – әйелдердің, қыздардың құқығы. Яғни, тәліптер "хиджапты дұрыс кисе" қыздарға күйеуді таңдауға, білім алуға, бизнес ашуға, денсаулық сақтау және әлеуметтік салада жұмыс істеуге мүмкіндік береміз дегендей болды. 20 жылда тәліптердің ойы өзгерді ме?
– Тәліптер сыртқы әлем өздерінен не күтетінін түсінеді. Оларды популистер деуге болады. Кез келген популист әлемге және жергілікті халыққа не айту керегін біледі. Сондықтан тәліптердің "үгіт-насихатшылары" шетелге өздерін қалай көрсету керегін үйренген. Иә, қыздарға оқуға мүмкіндік берер, бірақ алтыншы сыныпқа дейін оқытып, одан кейін "әріқарай оқудың керегі жоқ" дер. Олар әйелдер санап, өздерінің хабарламасын оқи алса болды деп санайды. Сондықтан бұл сөздеріне сеніммен қарауға болмайды. Олар барлығын шариғатпен жасайды. Әйелді еркегіне адал болмады деп айыптап таспен ұру, кішкентай ұрлық үшін қолын кесуге жол береді.
– Жемқорлыққа малынған, жұрт ұнатпайтын президент Ашраф Ғани билікке жабысып отыр. Қалай ойлайсыз "Талибан" түбі билікке келе ме?
– Бұған жүз пайыз сенімдімін. Бәлкім Ашраф Ғани билікте жарты жылдай отырар. Тіпті бәрі бұдан да бұрын болуы мүмкін. Ол билікке жабысып отырған сайын қан да көп төгіледі.
– Тәліптердің билікке келуі Орталық Азия мен Ресейдің бас ауруына айнала ма? "Талибан" Ауғанстанның сыртындағы аймақтарды экспанциялауға құлықсыз дегенсіз. Ауғанстанның өз ішінде тәліптерге қарсылық көрсетіп, таласатын радикалдық топтар бар ма?
– Өзім де Ауғанстандағы басқа радикал топтар жайлы аз да болса білгім келеді. Мәселен, ол жақта "Ислам мемлекеті" террористерінің саны қанша? Бұл сұраққа жауап та жоқ, сенімді дереккөз де жоқ. Себебі олар қазір "Ислам мемлекетінің" содырлары болып жүріп, ертең тәліптер, бүрсүгүні қарапайым ауған азаматы бола салады. Қазіргі жағдай осы. Сондықтан Ауғанстанның ішіндегі басқа күштер жайлы, олардың сыртқы әлемге, Орталық Азияға және Ресейге қандай қауіп төндіретінін айту қиын. Қазір Орталық Азияның тұрақтылығына бірінші кезекте Ауғанстанның солтүстігіндегі босқындардың келуі мәселе болмақ. Босқындар Орталық Азиядан өтіп Ресейге ағылуы да мүмкін. Ташкент бұған дайындықты бастап кеткендей. Мендегі бар дерек бойынша, өзбек билігі Термез маңында босқындарды қабылдау үшін лагерь салып жатыр. Кейбір сарапшылар солтүстіктегі Пяндж өзені арқылы өтетіндердің ішінде жихадистер де болуы мүмкін дейді. Мұнымен де келісер едім.
– Орталық Азия елдерінің өзінде мәселе көп. Халық тығыз орналасқан, жер жетпейді, әлеуметтік және этникалық жанжалдар, шекарадағы қақтығыстар болады. Ауғанстандағы жағдай мәселеге мәселе қоспай ма?
– Ештеңе болмайды дегенге кепілдік жоқ. Бұл жағдайда не істеу керек? Біз бүкіл Ауғанстанды қабырғамен, тормен жауып тастай алмаймыз. Сондықтан үкімет бұл мәселені шешкенде Ауғанстанды сынап мінемей, өз шарттарын қоймауы керек. Егер олай болса бұл Ауғанстанның маңындағы аймақтарға мәселе туындатады. Арнайы қызметтер, әлеуметтанушылар, келіссөз шеберлері бар ғой. Сондықтан Батыстан, Ресейден шақырылған кәсіби мамандарға сүйенуге тура келеді. Бірақ бәрі жақсарып кетеді деу қиын. "Адамдар өмір сүрген жерде жақсылық болмайды" деген еді ақын Наум Коржавин.
– Сіз материалдарыңыздың бірінде "коммерциялық тәліптер" деген термин келтіресіз. Бұл не деген мағына береді?
– Бұл терминді мен ойлап таппадым, бірақ қазіргі жағдайды дәл сипаттайтын сөз. Тәліптердің қатарында көп жылдары Таяу Шығыс, Ресей, Орталық Азиядан келген мұсылмандар соғысты. Олар үшін Ауғанстанда тәліптер қатарында соғысу пайда табу көзі деп санап, өздерін қамтамасыз етті. Тәліптер оларды керек кезде пайдаланды. Қазір олар "Талибанға" аса қажет емес, тәліптер енді өзінің жеке мемлекетін құруға кіріседі. Ал шеттен келіп қосылғандардан құтылады. "Талибан" оларды өлтірмейді, басқа аймақтарға аттандырады. Кейбірі "рейнджер" ретінде "Талибанға" қызмет көрсете беруі де мүмкін.
– Кремль, Ресей қорғаныс министрлігі, сыртқы істер министрлігі Ауғанстан мен Орталық Азиядағы жағдайды жақсы біле ме? Кейінгі кезде Мәскеу жағдайды түсінбесе де, Путин мен оның айналасындағылар жақында Ауғанстандағы түсініксіз жайтқа араласады деген пікірді жиі ести бастадым. Ал билік жағдайды жақсы білетін сарапшыларды тыңдамай отырған сияқты.
– Мәскеудегі қазіргі саяси және әскери элитаға көңілім толмаса да, олардың арасында Ресейдің Ауғанстандағы я оның маңындағы тағы бір соғысқа араласуы неге әкеп соғатынын түсінетіндер бар. Кремль, Ресей президенті Путин де мұны түсініп отыр деп қатты үміттенемін. Сондықтан Мәскеудегі саясаткерлер болып жатқан жағдайға қатысты байыппен "Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясында Орталық Азиядағы одақтастарымызға және Өзбекстанға қажет болса көмектесеміз" деді. Ресей Тәжікстандағы әскери базасын күшейтуді де ойластырып отырған жоқ. Өз басым, ресейлік солдаттар Ауғанстанға енді бармайды деп ойлаймын.
– "Талибан" Ресейде террористік ұйым деп танылып, тыйым салынса да, Кремль кейінгі кезде оларға оң көзбен қарап жүр. Бұл қаншалықты дұрыс?
– "Талибанды" террорлық ұйым қатарына шешен соғысы кезінде кіргізді. Сол кезде Ресей Шамиль Басаевтың адамдарының тәліптермен кездескенін біліп қойған. Осыған сүйенген Ресей "Талибанды" бірден тізімге енгізіп жіберді. Тәліптердің Ресейде және Ауғанстанның сыртында (Пәкістан шекарасын ескермегенде) қандай да бір террорлық әрекет жасағаны жайлы сенімді дерек жоқ. Сондықтан "Талибанның" террорлық ұйым қатарына енуі сол уақыттағы жағдайдың еншісінде. Екіншіден, бұл жағдайды өзгерту қиын. Себебі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шешімін өзгертуі керек. Вашингтонның өзі де "Талибанды" террорлық ұйым десе де келіссөз жүргізді ғой. Басқа амал бар ма?
Your browser doesn’t support HTML5
– Бұл мәселе бір уақытта шешіле қоймасы анық. Бұған әлем араласпаса болмайды. АҚШ пен Ресей Ауғанстан мәселесін шешу жолында біріге ала ма?
– Бұл мүмкін. Путин мен Байден кездескенде осы тақырыпты қозғаған. Белгілі бір жағдайларда бірігуі мүмкін. Бұл Ресей-АҚШ қарым-қатынасындағы атмосфераға да байланысты болады. Ауғанстан – Мәскеу мен Вашингтон қарым-қатынасы шешілетін "алаң". Бұл алаңда Ауғанстан мүддесі емес, АҚШ-Ресей мүддесі қаралады. Вашингтонға ұнаған жағдай Мәскеуге ұнамайды.
– АҚШ Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан америкалық әскерилерге көмектескен 9 мың ауғанды уақытша орналастыруды сұрады. Вашингтон олардың барлығын әкете алмайтын сияқты және әкетуге де құлықсыздай көрінеді. Егер олар Ауғанстанда қалса қандай өмір күтіп тұрғанын елестету қиын. Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстан бұл өтінішті орындай ма? Егер мыңдаған ауған тәліптердің қолына түссе не болмақ?
–Тәліптер америкалықтарға көмектескендерді сатқындар деп қатаң түрде жазалауы мүмкін. Бұл – шынымен үлкен қауіп. Өкініштісі, біз бұған қауқарсыз қарап бақылап отыруымыз мүмкін. Мысалы, Өзбекстан қол ұшын беріп, адамдарды уақытша орналастырар, бірақ АҚШ-тан сөзсіз экономикалық, қаржылық және әскери көмек сұрайды.
Азаттық радиосының Орыс қызметінің тілшісі Александр Гостевтің мақаласы ықшамдалып аударылды