14 шілдеде Маңғыстау облысы Шетпе ауылында ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев бастаған астанадан келген делегация жергілікті шаруалар және белсенділермен кездесті. Жиында қуаңшылық, аймақта төтенше жағдай жариялау, өзге өңірлерден жем-шөп тасу, мал санын анықтау мен тіркеу, малды қыста сақтап қалу және өзге мәселелер көтерілді. Кейбір тұрғындар халықты өзге өңірлерге көшіру мәселесін қозғады.
Жергілікті белсенділер билікке "халыққа нақты іс керек, уақыт тар, тым болмағанда көрші өңірлерден жем-шөп тасудың шығынын өтеп беріңіздер" деген ұсыныс айтты.
– Бұл осы өңірдегі үшінші жұт болса керек. Алғашқысы 1910, одан кейінгісі 1927 жылы болған. Менің 34 жылы туған Меңдібай дейтін құдам бар. Өмір бойы мал баққан. Ол 45 жылдан бері қарай дәп осындай түк шықпаған кезді көргем жоқ дейді. Егер күзде Алланың әмірімен жаңбыр жауып, жақсы болып кетпесе, Маңғыстауда тігерге тұяқ қалмайды. Ащы болса да, ақиқаты сол. Төтенше жағдай жариялауға болады-болмайды дейсіздер. Ертеңгі күні бәрібір жариялауға мәжбүр боласыздар. Халыққа бос сөздің қажеті жоқ. Нақты іс керек. 200 млн теңге, миллиард теңге бөлініп жатыр дейсіздер. Бізге жол шығынын көтеріп берсеңіздер. Ақтөбеден бір камаздың барып келуіне 200-250 мың теңге керек жанар-жағармай үшін. Соны өтесе. Бұған қоса, Ақтөбедегі бір рулон шөптің құны қымбаттамаса, - дейді белсенді Жәнібек Қожық.
Оның айтуынша, халық арасынан шығып, өңірге вагонмен жем-шөп жіберіп жатқандар да бар.
Тағы бір тұрғын өңірде малды тіркеу мәселесін көтерді. Шетпенің кейбір тұрғындары "енді мұнда шөп шығып, мал аман қалады деп айту қиын, сондықтан да жұртты көшіру мәселесін қарастыру қажет" деді.
"Жұрт көшейін десе, жағдайы жоқ. Мына Ақтөбеде малдарын бағып беретін адамдар да табылып отыр" деді Шетпе тұрғындарының бірі.
Ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқаруы Ербол Қарашөкеев Азаттық тілшісіне берген сұхбатында Маңғыстауда төтенше жағдай жариялау мәселесі облыс әкімдігінің құзыретінде деп жауап берді. Оның айтуынша, әкімдік оны "Қазгидромет" және төтенше жағдай департаменті мамандарымен ақылдаса отырып, шешуі тиіс. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жетекшісі Серік Қалдығұлов "жердің ылғалдығы, ауаның құрғақтығы, жауын-шашын мөлшеріне қарағанда әзірге төтенше жағдай жариялау ертерек" деді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің айтуынша, 12 шілдеде қуаңшылықтан зардап шеккен Маңғыстау халқына көмек көрсету үшін бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлінген. Өндіріс және мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметовтің айтуынша, бұған дейін жергілікті әкімдіктерге мал санын анықтау бойынша тапсырма берілгенмен тапсырма орындалмаған. Ол Ақтөбе облысының әкімдігімен жем-шөпті жеткізу мәселесі бойынша меморандумға қол қойылғанын айтты.
- Бағаны өсірмеу үшін алдын ала келісім жасалды. Негізінен бұл екі механизм бойынша жүзеге асырылады. Біріншісі бойынша, жеке кәсіпкерлер өз қаражатына сол жақтан жем-шөпті сатып алады. Екіншісі, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар бар, солар жергілікті бюджет есебінен айналмалы сатып алу механизмін қолданып, жем-шөп жеткізу шешіліп жатыр, - деді ол.
Ресми мәліметке қарағанда, Маңғыстауда 630 мың мал тіркелген.
Бұған дейін Маңғыстаумен қатар Қызылорда облысында да құрғақшылық болып, малдың қырылып жатқаны хабарланған. 13 шілдеде Қызылорда облысы Арал ауданында төтенше жағдай жарияланды. Жергілікті билік су ұңғымаларын қазу мен арналарды тазарту, шөп жинау науқанына көңіл бөлетінін хабарлады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Маңғыстау өңірінде мыңнан астам, Қызылорда облысында 500-ге жуық мал басы шығын болған.
Өткен аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты сөгіп, қызметінен босатқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қуаңшылық шаруаны малдан, министрді қызметінен айырды