15 шілдеде Қазақстанда тағы 5648 адамға коронавирус жұққаны белгілі болды. Бұл – коронавирус көрсеткіші бойынша жаңа рекорд. Бір күн бұрын коронавирус жұқтырғандар тағы көбейіп, індет басталғалы бері алғаш рет 5 мыңнан асқан.
Екі күн бұрынғы ақпарат бойынша, ПТР тесті теріс шыққан 122 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пневмониясы бойынша екі күн бұрынғы ақпаратты жариялайды.
Қазір Қазақстанда вирус күшейген. Үш ірі қала мен 10 облыс коронавирус бойынша "қызыл аймақта" тұр: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Павлодар, Атырау, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары. Алгоритмге сәйкес, "қызыл аймақтарда" карантин күшейеді. "Сары мен жасыл аймақта" санаулы облыстар қалды. "Сары аймақта" Алматы облысы мен Жамбыл қалған. Түркістан мен Шығыс Қазақстан облыстары "жасыл аймақта".
Билік органдары індеттің өршуін коронавирустың "дельта вариантымен" байланыстырады. Үндістанда анықталған бұл вариант Қазақстанда алғаш рет маусымның соңында тіркелген. Жаңа вариант алғашқы вариантқа қарағанда едәуір жұқпалы.
Ресми мәлімет бойынша, 14 шілдеде Covid-пен байланысты 54 адам өлімі тіркелген: 48 адам – коронавирустан, 6 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады.
Қазақстанда 2020 жылдың наурыз айынан бері 477 754 адамның коронавирус тесті оң шыққан. 4864-і қайтыс болған. Бұған коронавирус жұқтырып қайтыс болған 2300-ден астам адамның өлімі кірмей қалған. Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, олар "өзге аурудан қайтыс болған". Бірақ ДДСҰ нұсқаулығында оқыс жағдайдан өзгенің бәрін коронавирус өлімі статистикасына қосу қажет деп жазылған.
Үкімет былтыр тамыздан бері коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін жүргізіп келеді. 14 шілдеге дейін 58 335 адам пневмонияның осы түріне шалдыққан. 3520-ы қайтыс болған. Билік бұл деректі коронавирустың негізгі статистикасына қоспай отыр.
Қазір Қазақстан бойынша 50 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 16,1 мыңы стационарда жатыр. 117 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.
Елде ақпан айынан бері халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салына бастады. Содан бері 4 млн 776 мың адам вакцинаның кемінде бір дозасын алған. 2 млн 661 мың адам вакцинаның екі дозасын алған. Бейсенбі күні Қазақстанда ресейлік екінші вакцина "Спутник лайттың" уақытша тіркелгені хабарланды.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде індет басталғалы бері 188 млн 868 мың адам коронавирусқа шалдыққан. 4 млн 65 мыңы қайтыс болған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы аптада әлемде коронавирус індетінің үшінші толқыны басталғанын мәлімдеп, мемлекеттерді вакциналау науқанын жылдамдатуға шақырған.