Қазақстанда "саяси тұтқындар" көбейді

Құқық қорғаушылардың сарапшылар кеңесі жариялаған сурет. Скриншот.

Қазақстанда "саяси тұтқындар" тізімі тағы үш белсендімен толықты. 21 шілдеде құқық қорғаушылардың сарапшылар кеңесі тізімге ақтөбелік белсенді Асылхан Жаубатыров, АҚШ-та жүрген кәсіпкер Барлық Меңдіғазиевтің бауыры Бекіжан Меңдіғазиев пен шымкенттік белсенді Ерұлан Әміровті қосты.

Сәрсенбі күні жарияланған хабарламада құқық қорғаушылар Amnesty International және Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы (ПАСЕ) ұйымдарының критерийлері негізінде әзірлеген нұсқаулыққа сүйене отырып, жекелеген азаматтарды "саяси тұтқындар" қатарына қосқанын жазды.

44 жастағы Асылхан Жаубатыров – "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" (Қылмыстық кодекстің 405-бабы, 2-бөлігі) деген айыппен үйқамақта болған, мамыр айында қамауға алынған ақтөбелік белсенді. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр.

55 жастағы Бекіжан Меңдіғазиев – қазақстандық белсенділерге қаржылай көмектесіп жүрген кәсіпкер, қазір АҚШ-та жүрген Барлық Меңдіғазиевтің бауыры. Құқық қорғаушылардың пікірінше, билік оны бауырының Ақордаға қарсы әрекеті үшін "тұтқын" ретінде ұстап отыр. Атыраудың тергеу соты Бекіжан Меңдіғазиевті 3 маусымда екі айға қамаған. Оған "қылмыстық топтың ісіне араласу" және "ірі көлемде салық төлеуден жалтару", "ақша жымқыру" баптары бойынша айып тағылған.

33 жастағы шымкенттік белсенді Ерұлан Әміров сәуірдің соңынан бері "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" (Қылмыстық кодекстің 405-бабы, 1-бөлігі) және "әлеуметтік араздық қоздыру" (174-бап, 1-бөлігі), "терроризмді насихаттау" (256-бап, 1,2-бөлігі) баптары бойынша күдікке ілінген. Шымкент қаласының тергеу соты 10 маусымда оны Алматы облысы Ақтас қаласындағы психиатриялық емханаға жатқызған.

Қазақстанда алғашқы саяси тұтқындар тізімі 2013 жылы жасалған. Құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп танығандар қатарында ақын әрі диссидент Арон Атабек, жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаев, "терроризмді насихаттады" деп сотталған Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағалиев енген.

Қазақстан билігі "елде азаматтар саяси пікіріне байланысты қудаланады" деген пікірмен келіспейді және "саяси тұтқындар жоғын" айтып келеді. Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов "қазір Қазақстанда совет заманындағыдай саяси қуғын-сүргін жоқ" деп мәлімдеген.

Қазақстандағы саяси қудалау туралы ақпарат тарататын Tirek.info сайтының мәліметінше, жаңадан қосылғандарды есептегенде Қазақстанда 23 саяси тұтқын бар.

Тізімге кейінгі кезде енген белсенділердің көбі "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы және "Көше партиясына" қатысы бар деп күдікке ілінген. Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп таныған ҚДТ мен "Көше партиясын" Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған. Құқық қорғаушылар екі ұйымға қатысты шыққан сот шешімінің жарияланбағанын айтып, сынаған.