Абаев қазақстандықтарды аңдығаны жайлы зерттеу жөнінде: "Дәлелсіз интрига тудыратын ақпарат"

Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев "Открытый диалог 2.0" бағдарламасы кезінде. 22 шілде 2021 жыл. Скриншот.

Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев шенділер, журналистер мен белсенділердің смартфонына вирус жіберіп, құрылғы иесін "аңдыған" деген ақпаратқа байланысты пікірін айтты. Pegasus деген бағдарламаның көмегімен телефоны тыңдалды деген адамдар арасында қазақстандықтар да бар.

"Анық-қанығы белгісіз нәрсе жөнінде пікір айту қиын. Бізге дәлелсіз жеткілікті дәрежеде интрига тудыратын ақпаратты беріп, әншейін соған сенуді ұсынады. Бұл тізімге кез келген адамды енгізуге болады, осылайша элита, журналистер және өзге топтар арасында күдік жаю[ға болады]. Менің ойымша, бұл жерде ақылға қонымды скептицизм принципін ұстанған жөн. Әзірге айтарым осы" деді Дәурен Абаев мемлекеттік "Хабар" арнасынан көрсетілетін "Открытый диалог 2.0" бағдарламасы кезінде .

Бұған дейін Қазақстан үкіметінің жекелеген мүшелері де зерттеуді "сандырақ" деп атап, оның маңыздылығын азайтуға тырысқан еді.

Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) бастаған журналистер тобы 18 шілдеде зерттеу жариялап, Израильдің NSO Group тобы әлем үкіметтерін тыңшылық бағдарламасымен қамтамасыз етті деп тұжырым жасаған. Зерттеуге сәйкес, 2016 жылдан бері әлем бойынша осы бағдарламаның көмегімен 50 мыңға дейін телефон нөмірі тыңдалған.

Зерттеуге сәйкес, Қазақстанда 2 мың шақты нөмір тыңдалған болуы мүмкін. Болжам бойынша, тыңдау туралы тапсырысты Қазақстан үкіметі берген.

Әзірге, жоба авторлары телефоны тыңдалған болуы мүмкін 8 адамның аты-жөнін жариялады. Бұлар: президент Қасым-Жомарт Тоқаев, үкімет басшысы Асқар Мамин, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, журналист Серікжан Мәулетбай, Central Asia Monitor газетінің бұрынғы бас редакторы Бигелді Ғабдуллин.

Бұған қоса Қазақстан тізімінде Квентин Гиёме мен Мартин Вийом деген кісілердің есімі аталады. Бұлар Қазақстанда беймәлім адамдар болғанымен, болжам бойынша, үкімет қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовқа бола осы кісілерді аңдуға тапсырма берген болуы ықтимал.

Бұл зерттеуден соң әлемде жеке мәліметке қол сұғумен күрес, электронды құрылғылардың қауіпсіздігі, жеке қауіпсіздік мәселелері көтеріле бастады. Франция прокуратурасы президент Эммануэль Макронның телефоны тыңдалды деген ақпаратқа байланысты тергеу амалдарын бастаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қазақстанда Pegasus бағдарламасы арқылы тыңшылық жасауы мүмкін деген ақпаратты зерттеуге шақырдыМеморгандар Тоқаев пен Маминнің "Пегас тізімінен" табылуы туралы не дейді?Тоқаев, Мамин, Сағынтаев... Pegasus Project телефондары тыңдалды деген адамдар тізімін жаңарттыPegasus кез келген смартфонға бұзып кіре алады. Вирус қалай жұмыс істейді?Әлемде Израильдің тыңшылық бағдарламасына байланысты дау өршіді, Францияда тергеу басталды