Токио олимпиадасында ауыр атлетикадан 61 келіде алтынды Қытай атлеті Ли Фабин, күмісті индонезиялық Еко Ираван, қоланы қазақстандық Игорь Сон иеленді.
"ТІК ТҰР! ҰСТА!"
22 жастағы Сон жұлқа көтеруді 126 келіден бастады. Ол бұл салмақты оңай еңсеріп, тұғырдан түсіп кетті. Екінші мүмкіндігінде 131 келіге тапсырып берді. Сон зілтемірге жақындағанда шетте тұрған ұлттық құраманың бас бапкері Бақыт Ахметов "бірден тік тұр да ұста!" деп айғайлады. Қазақстандық ауыр атлет бұл салмақты да көтерді.
Сон үшінші мүмкіндігінде 134 келіні еңсергенімен, төрешілер зілтемірді жұлқи көтергенде білегі бүгіліп кетті деп оның бұл нәтижесін есептемеді. Қазақстан құрамасының бас бапкері төрешілер шешіміне шағым түсіріп еді, бас қазылар да Сон зілтемірді ережеге сай көтермеді деп тапты.
Жұлқа көтеруде Сон 131 келімен төртінші нәтиже көрсетті. Қытай атлеті Ли Фабин 141 келіні, индонезиялық Еко Ираван 137 келіні, жапон Итоказу 133 келіні, сауд арабиялық Абдулрахим Алсалеем 129 келіні көтерді. Серпе көтеруден соң олимпиада жүлдесіне талас осы бес спортшы арасында өтетіні белгілі болды.
Жұлқа көтеруде Игорь 156 келіден бастады да бұл салмақты қиналмай еңсерді. Екінші мүмкіндігінде 162 келіні көтергенімен, төрешілер тағы да білегі бүгілді деп есептемеді. Бұл жолы қазақстандық бапкерлер төрешілер шешімін даулаған жоқ. Сон үшінші мүмкіндігінде 163 келіні көтеріп, басқа қарсыластарының нәтижесін тыпыршып күтіп отырды.
Жапон атлеті 159 келіні көтеріп, 162 келіні көтере алмай жүлдеден алыстады. Сауд Арабия атлеті Алсалеем 159 келіні көтерді де, екінші мүмкіндігіне 166 келіге тапсырыс берді. Егер ол 166 келіні еңсергенде қола жүлде алар еді. Бірақ ол бұл салмақты екі мүмкіндігінде де көтере алмады.
Сауд Арабия атлеті бұл салмақты екі рет ала көтере алмағанына қатты өкініп, басын ұстап отыра кетті.
Ал Қазақстан бапкерлері Игорь Сонды құшақтап, қола жүлдесімен құттықтап жатты. Осылайша, қазақстандық атлет қарсыластарының сәтсіздігінен соң олимпиада жүлдесін иеленді.
Қазақстан атлеті екі жаттығу бойынша 294 келіні көтерді, ал жапониялық Итоказуның нәтижесі – 292 келі, ал сауд арабиялық Алсалеемнің көрсеткіші – 288 келі.
Қытай атлеті Ли Фабин мен индонезиялық Ираван бұл салмақтағы алтынды сарапқа салды. Екеуінің арасындағы тартыста Қытай атлеті жеңіске жетіп, олимпиада чемпионы атанды. Ли Фабин жұлқа көтеруде 172 келіні (олимпиада рекорды), Ираван 165 келіні көтерді.
Фабин қос жаттығу бойынша да олимпиада рекордын орнатты – 313 келі. Ал Ираванның екі жаттығудағы нәтижесі – 302 келі.
"ТОЛҚЫНЫСЫМДЫ СӨЗБЕН ЖЕТКІЗУ МҮМКІН ЕМЕС"
Жарыстан соң Сон журналистер сұрағына толқи жауап берді.
- Мен қола медаль болады деп, жүлдеге таласуға болады деп күтпедім. Мұндай мүмкіндік болып тұрғанда көтеру керек болды. Әсіресе, серпе көтерудегі мүмкіндіктер маңызды болды. Қарсыласымды жаттығу залындағы теледидардан қарап отырдым. Ол (сауд арабиялық Алсалеемді айтады – Ред.) 166 келіні бірінші рет көтере алмай қалғанда толқынысым тіпті күшейіп кетті. Қарсыластан бәрін күтуге болар еді. Қобалжып тұрмын, сөзбен жеткізе алмаймын. Токиоға кетердің алдында [294 келі] салмақты көтермегем. Бұл – менің жарыстағы жеке рекордым, - деді ол.
Сон алда жаттығуын жалғастырып, Қытай атлеті Ли Фабин сияқты мықты қарсыластарымен бәсекелескісі келетінін де айтты.
- Бұл салмаққа енді өттім, дамып, Қытай атлетімен бәсекелесуге болады деп ойлаймын, - деді олимпиада жүлдегері.
Қазақстан Токиоға тек екі ауыр атлет (бір ер, бір әйел) алып келген. Халықаралық олимпиада комитеті Қазақстанды ауыр атлетикадан допинг ережесін көп бұзғаны үшін жазалап, Токио олимпиадасына тек екі жолдама берген. Ереже бойынша, әр ел олимпиадаға төрт ер, төрт әйел атлет әкеле алады.
Your browser doesn’t support HTML5
Токио олимпиадасында 26 шілде әйелдер арасында 51 келі салмақта қазақстандық Зүлфия Чиншанло медальға таласады.
Бұл – Қазақстанның Токио олимпиадасындағы екінші медалі. 24 шілдеде дзюдодан Елдос Сметов қола жүлде иеленген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Токиоға алтын үшін келгенмін, барымды салдым, қолаға да қуаныштымын"