Жаңа рекорд: Бір күнде 7,2 мың адамнан Covid пен пневмония анықталды, 92 адам қайтыс болды

Жедел жәрдем көлігі.

27 шілдеде Қазақстанда 6925 адамның анализінен коронавирус анықталды. Бұл індет басталғалы бері тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Одан бөлек, бір күнде 324 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пневмониясы мен адам өлімі көрсеткіші бойынша екі күн бұрынғы мәліметті жариялап жүр.

26 шілдеде 92 адам қайтыс болған: 81 адам – коронавирустан, 11 науқас коронавирус пневмониясынан көз жұмған.

Қазір вирустың тарауы бойынша "сары аймақта" Түркістан облысы ғана қалған. Қалған облыстар мен қалалар – "қызыл аймақта" тұр.

Вирус әсіресе, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында, Қарағанды облысында күшейген. Сейсенбі күні Нұр-Сұлтанда - 1531, Алматыда - 1250, Қарағанды облысында 920 науқас тіркелді. Қалған аймақтарда бір күнде анықталған науқастар 500-ге жетпейді.

Билік індеттің өршуін дельта варианттың тарауымен байланыстырады. "Дельта" коронавирустың кәдімгі түріне қарағанда жылдам жұғады және асқынуы да тез. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда дельта маусым айында тіркелген.

Қазір 89 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 24 мыңы стационарда ем қабылдап жатыр. 1800-ден астам адамның жағдайы ауыр. 160 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Індет басталғалы бері 549 мыңнан астам адамның коронавирус тесті оң шыққан. Бұдан бөлек, ПТР тесті теріс нәтиже көрсетіп, бірақ ауру белгілері коронавирустыкіне ұқсайтын пневмония есебі бар. Үкімет бұл есепті былтыр 1 тамызда бастаған. Содан бері пневмонияның бұл түріне 60 мыңнан астам адам шалдыққан.

2020 жылдың наурыз айынан бері 5619 адам коронавирустан қайтыс болды деп айтылады. Тамыз айынан бері коронавирус пневмониясы 3660 адамның өліміне себеп болған.

Кей сарапшылар коронавирус бойынша ресми мәлімет тым төмендетілген, шын мәнінде вирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар әлдеқайда көп деп санайды.

Қазақстанда ақпан айынан бері халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салынып жатыр. Содан бері 5,2 миллион адам вакцинаның бірінші дозасын алған. Екпенің толық дозасын алғандар 3,4 миллионнан асты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Той көп, жұрт сақтанбай жүр". Коронавирус індетінің өршуіне қатысты ел пікіріБір күнде 110 адам коронавирустан қайтыс болды. Бұл бұрын-соңды тіркелмеген рекордтық көрсеткіш"Бала сүймей қаламын", "ДНҚ-ны өзгертеді". Covid вакцинасы туралы "аңыздарға" жауапЦой президентке коронавирустың "лямбда" штамы туралы айтты"Чип салдыруға" сенетіндер, базардағы аласапыран және шығыны көп одақ