Теннисші Рыбакина олимпиада финалына шыға алмады. Енді ол қола жүлдеге таласады

Елена Рыбакина Токио олимпиадасында.

Ресейден Қазақстан құрамасына ауысқан теннисші Елена Рыбакина Токио олимпиадасының жартылай финалында жеңіліп, финалға шыға алмады. Матч қалай өтті? Теннисші жеңілісі жайлы не деді?

29 шілдеде Ariake Tennis Arena кешенінің орталық кортында өткен жартылай финал матчында 22 жастағы Рыбакина (әлемнің 20-ракеткасы) швейцариялық Белинда Бенчичтен (әлемнің 12-ракеткасы) жеңілді. Матч жеңімпазы үш сетте анықталып, ойын 2 сағат 48 минутқа созылды.

МАТЧ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Бірінші сетте есеп 6:6 болып, теннисшілер сет жеңімпазын тайбрейкте анықтады. Тайбрейкте 24 жастағы Бенчич 7:2 есебімен басым түсті. Алғашы сетте Рыбакина жеті, Бенчич екі эйс жасаса, Рыбакина допты қабылдауда 43 қателік, Бенчич 29 қателік жіберді.

Елена Рыбакина Токио олимпиадасында. 29 шілде 2021 жыл.

Екінші сетте Рыбакина әлдеқайда жинақы ойнады. Екі брейк-пойнт (қарсыласының доп асыруын өз пайдасына шешу) жасап, 6:4 есебімен басым түсті. Бұл сетте Рыбакина бес эйс, Бенчич бір эйс асырды. Екінші сетте Рыбакинадан қарағанда Бенчич көп қателесіп, қателескен сайын кортта айғайлап эмоциясын да шығарды.

Белинда Бенчич Рыбакинамен ойында. Токио, 29 шілде 2021 жыл.

Шешуші үшінші сетті Рыбакина брейк пойнтпен бастап, 2:0 есебімен алға шыққан, бірақ Бенчич те брейкпен есепті теңестіріп кетті - 2:2. Бұл сетте швейцариялық теннисші барлығы үш брейк пойнт жасап, 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Бенчич соңғы геймді алған соң кортқа тізерлеп отыра кетті де, көзіне жас алды.

Жеңіске жеткен Бенчич жылап отыр. Токио, 29 шілде 2021 жыл.

Рыбакинаның хорватиялық жеке бапкері Стефано Вуков екі қолын жайып, өкінішін білдірді. Ал Рыбакина Бенчичтің қолын алып, ракеткасын, киімдерін жинап корттан басы салбырап шығып кетті.

Токиода 29 шілде 30-33 градус ыстық әрі ауа өте ылғал болды. Теннисшілер қапырық ауа мен күннің ыстықтығында ойнауға тура келді. Олар үзіліс кезінде салқындау үшін арнайы жел үрлейтін пластик трубалар пайдаланды.

Елена Рыбакина Бенчичпен ойында. 29 шілде 2021 жыл.

Қазақстандық теннисші Токио олимпиадасында Елена Свитолина (Украина) мен Маркета Бондарусова (Чехия) матчында жеңілгенімен қола медальға таласады.

Рыбакина Токио олимпиадасында алғашқы айналымдарда Саманта Стосур (Австралия), Донна Векич (Хорватия) және әлемнің экс-бірінші ракеткасы Гарбине Муругусаны (Испания) жеңген.

"БІРІНШІ СЕТТЕ ЖЕҢІЛГЕНІМ ҮЛКЕН ҚАТЕЛІК БОЛДЫ"

Матчтан кейін Рыбакина ойынды екі сетте аяқтауға үйреніп қалғанын, матч ұзаққа созылса ойыны дұрыс жүрмейтінін айтты.

- Мәселе үшінші сетте емес, бірінші сетте болды деп ойлаймын. Бірінші сетте жеңуге болар еді. Кішкене жетпей қалды. Белинда - жеңіліп жатса, тәуекелге барып, аз қате жіберуге тырысатын ойыншы. Бірінші сетте ол да жаман ойнаған жоқ, бірақ мен кішкене ойынды үдетуім керек еді. Үшінші сетте физикалық-психологиялық тұрғыдан ауыр болды. Бірақ бәрінен бұрын бірінші сетте жеңілгенім үлкен қателік болды. Себебі мен жылдам ойнаймын. Мен үшін матч ұзаққа созылып кетсе, қиын тиеді. Сондықтан мен үшін матчтарды екі сетте аяқтау маңызды, - деді ол.

Рыбакина үшінші сетте қателескеніне ашуланып тұр. Токио, 29 шілде 2021 жыл.

Ал Бенчич матчтан кейін "Қазіргі көңіл-күйім... Қатты қуанып тұрмын. Олимпиадада медаль алу - ең үлкен жетістіктің бірі. Тіпті спортшы ретінде олимпиадаға қатысудың өзі ғажап" деді.

РЕСЕЙДЕН ҚАЗАҚСТАНҒА АУЫСУ

Ресейде туып өскен Рыбакина 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алып, осы елдің атынан жарыстарға қатысып жүр. Ол сұхбаттарында теннисті Мәскеуде алты жасынан ойнай бастағанын айтады.

"Басында әпкелеріммен бірге гимнастика мен мәнерлеу сырғанауға барып жүргенмін. Кейін жаттықтырушылар бойың ұзын, кәсіби спортшы бола алмайсың деді. Кейін әкем теннис кортына апарды да, "теннисті байқап көр" деді. Әкем теннисті жақсы көреді" деген еді Рыбакина wtatennis.com сайтына берген сұхбатында.

Рыбакина басында Ресей атынан жарыстарға қатыспақ болған. Бірақ 2018 жылы маусымда Қазақстан теннис федерациясының шақыртуымен (федерацияны қазақстандық миллионер Болат Өтемұратов басқарады) Қазақстан азаматтығын алды. Қазақстан теннисшінің жаттығуын, жеке бапкерінің ақысын, жарыстарға қатысуына қаржы бөледі. Мұны спортшының өзі де жасырмайды.

Рыбакина Токио олимпиадасында

"Қазақстан атынан жарысқа қатысып жүргеніме қуаныштымын. Маған сенді, көп көмектесті. Ресейде қалатын мүмкіндік болғанда қалар едім. Қазақстан мені қолдады, қаржылай да көмектесті. Болашақта да Қазақстан атынан жарысқа қатысқым келеді, себебі қиын сәтте көмек қолын созды. Болашақта қалай боларын білмеймін, дәл қазір мен үшін [Ресейге] жол жабық" деген еді Рыбакина 2020 жылы ақпанда Санкт-Петербургтегі теннис турнирінде.

Рыбакина 2020 жылы ақпанда WTA (Әйелдер теннисі қауымдастығы) рейтингінде үздік жиырмалыққа енген. Қазақстан атынан жарысқа қатысып жүрген теннисшілер бұрын рейтингте үздік жиырмалыққа енбеген еді.

Биыл Grand Slam жарыстарының қатарына енетін Париждегі Roland Garros жарысында әлемнің экс-бірінші ракеткасы Серена Уильямсты (АҚШ) жеңіп, ширек финалға шыққан. Бірақ ширек финалда ресейлік Анастасия Павлюченковадан жеңіліп, жартылай финалға өте алмады.

Сондай-ақ Wimbledon жарысының төртінші айналымына дейін жетті.

Рыбакина екі WTA турнирін жеңген. 2019 жылы Румынияда өткен Bucharest Open жарысында, 2020 жылы Австралиядағы Hobart International турнирінде жеңіске жетті.

Ол Токио олимпиадасынан кейін АҚШ-та өтетін жарыстарға, тамыздың соңында Grand Slam турнирі санатына енетін US Open жарысына қатысуы тиіс.

Токио олимпиадасында қазір Қазақстанда үш медаль бар. Ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло, дзюдошы Елдос Сметов бұл жарыста қола медаль алған. Қазір бұл ел жалпы есепте 55-орында тұр. Олимпиада ойындары 8 тамызда аяқталады.