3 тамызда Алматының Алмалы аудандық сотында "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған 13 белсендінің ісі бойынша сот отырысы жалғасты. Судья Ернар Қасымбеков қамауда жатқан бес белсендіні қамаудан үйқамаққа шығару туралы өтінішті қанағаттандырмады. Бұл туралы сот процесіне онлайн қатысып жатқан Азаттық тілшісі хабарлады.
Сот процесі басталған кезде адвокат Жанар Балғабаева істің ашықтығын қамтамасыз ету үшін БАҚ өкілдері мен құқыққорғаушыларды процеске қатыстыруға, видео, фото түсіруге және аудио жазуға рұқсат сұрады. Судья видео түсіруге рұқсат бермеді, БАҚ өкілдеріне аудио жазуға, фото түсіруге ғана рұқсат етті.
Адвокаттар Жанар Балғабаева, Ғалым Нұрпейісов, Шынқуат Байжанов қамауда жатқан айыпталушылар Диана Баймағамбетова, Асхат Жексебаев, Қайрат Қылышев, Абай Бегімбетов пен Ноян Рахымжановты денсаулығына байланысты үйқамаққа шығару туралы талап-тілек түсірді. Сот өтінішті кеңесу бөлмесінде жарты сағат қарап, қанағаттандырмау туралы шешім шығарды. Судья айыпталушылардың денсаулығы нашарлаған жағдайда өздері қамауда жатқан ЛА-155/18 түзеу мекемесіндегі медициналық көмекке жүгінуге құқығы бар екенін атап өтті.
Белсенді Марат Құрбанов адвокатынан бас тартатынын, онлайн сотты Конституциялық құқығын шектеу деп білетінін, соттан істі офлайн қарауды сұрады. Судья карантин талаптарына сай іс онлайн қаралатынын, адвокаттан бас тартқан жағдайда жазбаша түрде арыз қалдыру керектігін ескертті.
13 белсендіге Қылмыстық кодекстің 405-бап 1-бөлім ("экстремистік ұйымның ісін ұйымдастыру") және 405-бап 2-бөлімі бойынша ("экстремистік ұйымның ісіне араласу") баптары бойынша айып тағылған. Оларға тағылған айыптар Қазақстанда "экстремистік ұйым" деп танылған, бірақ Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыстар" деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" мен "Көше партиясы" қозғалыстарымен байланысты.
Бұған дейін алғашқы сот процесіне бақылаушылар мен ақпарат құралдары кіргізілмеген болатын. Сот Zoom-ның мүмкіндігі шектеулі екенін алға тартқан. Бақылаушылар талабынан кейін сот оларды бүгін процеске қосып отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған 13 белсендінің соты басталады