Алматыда "тыйым салынған ұйымдарға қатысы бар және олардың жұмысын ұйымдастырды" деп айыпталған 13 белсендінің соты онлайн өтіп жатыр. Бұған дейін қорғау тарабы судьяны ауыстыру туралы өтініш берген еді.
6 тамызда сот судьяны "заңды бұзды" деп айыптаған қорғаушылар мен айыптаушылардың шағымын қанағаттандырмады. Осылайша сот процесі кезінде адвокат Ғалым Нұрпейісов пен айыпталушы Асхат Жексебаевтың микрофонын өшірген Алматыдағы Алмалы аудандық сотының судьясы Ернар Қасымбеков істі қайта жүргізетін болды.
Екі күн бұрын судья Қасымбеков қорғаушының "саяси тұтқын" кім?" деген сұрағын алып тастап, айыпталушының оған жауап беруіне тыйым салған еді. Адвокатқа лицензиясынан айырылу қаупі бар екенін ескерткеннен соң қорғаушы судьяға қарсылық білдірген болатын.
Судьяны ауыстыру туралы шағымды қараған судья Әріпбаев әріптесі мұндай әрекетке "тәртіпті сақтау үшін барды" деп мәлімдеді.
Жұма күні Нұрпейісов сотқа судья Ернар Қасымбеков бұл әрекетімен іс бойынша өз ұстанымын білдірді деп санайтынын қайта айтты. Нұрпейісовтің сөзін барлық қорғаушылар мен айыптаушылар мақұлдап қолдады. Ал прокурор Сержанов судьяға қарсылық білдірудің реті жоқ екенін айтып, қарсылық білдіру негізсіз деді. Осы кезде айыптаушылардың бірі "прокурорға да қарсылық білдіремін" деді. Қарсылық шағымын қарап отырған судья Әріпбаев айыпталушының бұл шағымын қарау құзыретіне кірмейтінін түсіндірді.
Алматының Алмалы аудандық соты 13 белсендінің ісін 27 шілдеде қарай бастаған. Алғашқы сот отырысына бақылаушылар мен журналистер қатыстырылмады. Сот мұны Zoom қосымшасының мүмкіндігі шектеулі екендігімен түсіндірген.
Белсенділерге Қылмыстық кодекстің 405-бабының 1-тармағы ("экстремистік ұйымның ісін ұйымдастыру") және 405-бабының 2-тармағы бойынша ("экстремистік ұйымның ісіне араласу") айып тағылған. Оларға тағылған айыптар Қазақстанда "экстремистік ұйым" деп танылған Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыстар" деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" мен "Көше партиясы" қозғалыстарымен байланысты.
Белсенділер тағылған айыптарды мойындамайды.
13 белсендінің барлығы дерлік – қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты пікір-көзқарасын ашық айтып, акция-митингілерге қатысып жүрген адамдар. Құқық қорғаушылар олардың саяси белсенділігіне бола қудаланып отырғанын айтады.
Бұған дейін құқық қорғаушылар Диана Баймағамбетова, Асхат Жексебаев, Ноян Рахымжанов және Қайрат Қылышевті "саяси тұтқындар" қатарына қосқан. Сотқа тартылып жатқан белсенділер арасында Шыңжаңдағы туыстарын іздеп, Алматыда бірнеше рет пикет өткізген және өзге де наразылықтарға қатысқан Марат Құрбанов та бар.
Шілде айының басында халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Нұр-Сұлтанды Қылмыстық кодекстегі "Экстремизм" бабын билік сыншылары мен белсенділерді қудалауға қолданады деп айыптаған.
Қазақстан билігі бұған реакция білдірмеді. Нұр-Сұлтан елде "саяси тұтқын" бар деп санамайды.
Қазақстанда жоғарыда аталған екі ұйымға қатысты қанша адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгісіз. Кейбір құқық қорғаушылар кейінгі бірнеше жылда 300-ге тарта адамның жазаланғанын айтады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған 13 белсендінің соты басталады