Литва БАҚ-тары Беларусь аумағына кіре алмай тұрған мигранттарды көрсетті

Литва астанасы Вильнюстен оңтүстікке қарай 38 километр жерде орналасқан Руднинкай әскери полигонында жаңадан ашылған босқындар лагері аумағында тұрған мигранттар. 4 тамыз 2021 жыл.

Литва басылымдары көрші елмен шекара аймағында қалқан ұстап, каска киген адамдардың мигранттарды Беларусь аумағына кіргізбей тұрғаны көрсетілген видео жариялады. Литваның 15min газеті бұл видео Беларусь-Литва шекарасында түсірілген деп хабарлады. Онда екі елдің шекара бағаналары, бірыңғай камуфляж формасын киген – қалқан мен каскасы бар – бірнеше адам мен бірқатар бейбіт тұрғын бейнеленген.

Газеттің хабарлауынша, қалқан ұстаған адамдар бұрын Литваға өздері жібермей келген мигранттарды Беларусь шекарасынан итеріп шығаруға тырысқан.

"Ау, неғып тұрмыз? Қане, дереу бас алға! Ана жаққа кетеміз. Әрине, кетеміз. Неге состиып тұрсың?" дейді камуфляж киген ер адам Литва шекара бағанына нұсқап.

Газеттің жазуынша, кейде осындай жағдайға тап болған мигранттар шекара бағандарының арасында бірнеше сағат бойы тұруға мәжбүр.

"Бірде осындай жағдай бір күннен артық уақытқа созылды" деп жазады газет.

3 тамыздан бастап Литва шекарашылары екі ел арасындағы шекарада ұсталған заңсыз мигранттарды Беларуське қайтара бастады. Литва ішкі істер министрі Агне Билотайте қабылдаған шешім шекарашыларға мигранттарға психологиялық және физикалық мәжбүрлеу әдісін қолдануға құқық береді. Осының нәтижесінде Литвада анықталған мигранттардың саны күрт төмендеді.

4 тамызда Литва шекарашылары 19 адамды ұстап, 300-ден астам мигрантты елден шығарды. Бұған дейін Беларусь -Литва шекарасын заңсыз кесіп өткен мигранттар саны көбіне жүзден асып жығылатын: мәселен, 2 тамызда 214 адам, ал бір күн бұрын – 294 адам ұсталған.

6 тамыздағы ахуал бойынша, өткен тәулікте Литва-Беларусь шекарасында Беларусь аумағынан келген небәрі екі-ақ мигрант ұсталған деп хабарлайды Литваның статистикалық порталы.

Беларусь мемлекеттік шекара комитеті Литва осылайша "мигранттарды Беларусь шекарасын бұзуға мәжбүрлеуін жалғастырып отыр" деп санайды. 5 тамызда Александр Лукашенко бұдан былай "Беларусь аумағына қарай іргелес (шетел) жақтан бірде-бір адам аяқ баспауы керек" деп, шекараны қорғау жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Литва заңсыз келген мигранттарды жарты жылға қамайтын заң шығардыЛитва Беларусьпен шекарасына заңсыз мигранттарға қарсы тосқауыл орната бастадыВильнюс: Минск Литваға заңсыз мигранттарды әдейі жіберіп отыр