23 тамызда Маңғыстаудағы "West Oil Software" транспорт компаниясының бес жүзге жуық жұмысшысы жұмысты тоқтатып, жалақыны көтеруді, еңбек шартын жақсартуды талап етіп тұр. Олар бұдан бөлек өздері құрған тәуелсіз кәсіподақтың жұмысына жұмыс берушінің кедергі келтірмеуін де сұрайды.
Ереуілге шыққандардың бірі Қонысбай Өтеповтің Азаттыққа айтуынша, жұмысшылар "West Oil Software" компаниясының Жетібай кентіндегі кеңсесі алдына жиналған.
- Бүгін жұмысқа шықпадық. Жалақыны 2020 жылдың соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Еңбек кодексінің 103-бабына сай мұнай саласындағы компаниялардікіне теңестіруді сұрап тұрмыз. Бұл – ең бастысы. Одан бөлек, кәсіподағымыздың жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, еңбек шартын жасауды сұраймыз, - деді ол.
Өтепов "West Oil Software" жұмысшыларының кейбірі бес күндік, біразы 15/15 күндік вахталық ауысыммен жұмыс істейтінін айтады. Оның сөзінше, орташа жалақы 230 мың теңгені құрайды.
"West Oil Software" жұмысшылары жалақыны "Ойл Транспорт Корпорешэн" компаниясы жалақысымен теңестірсе кемі 450-500 мың теңге алатындарын айтады.
"West Oil Software" жұмысшылары кәсіподағының төрағасы Ақылбек Реймов өздерінде осы күнге дейін ұжымдық шарт жоғын жеткізді.
- 2018 жылы "Ойл Транспорт Корпорешэн" құрамынан шығарып, оның техникасын жалға алып бізді осы "West Oil Software" мекемесіне кіргізді. Кәсіподағымыз "Отын энергетикалық кешені" кәсіподағының Маңғыстау облыстық филиалы құрамына енген. Біздің тоқтап тұрған техникамыздың кейбірін адам жалдап ішінара жұмыс істетіп жатыр. Әзірге мекеме басшылары мен аудан әкімдігі келіп кетті, - деді ол.
Азаттық тілшісі "West Oil Software" компаниясының Ақтау қаласындағы кеңсесіне қоңырау шалғанымен телефонды ешкім көтермеді. Ал мұнайшылар сыртынан "бастықтың орынбасары" деп таныстырған Азамат Нағыметов алдымен қасында адамдар барын айтып, кейін хабарласуды сұрады. Бірақ артынан телефонды мүлде алмады.
"West Oil Software" "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының еншілес мекемесі "Ойл Транспорт Корпорейшэн" компаниясына көлік-техникалық қызметтер көрсетеді. "Маңғыстаумұнайгаздың" Маңғыстау облысы Қарақия ауданы аумағындағы Жетібай кен орындарындағы ұңғымаларды тазалайды.
Жаз бойына Маңғыстау облысында, соның ішінде Жаңаөзен қаласында жұмысшылардың жалақы өсіруді, жұмыс жағдайын жақсартуды талап еткен ереуілдері жиіледі. Шілдеде мұнда ондаған мекеме жұмысшылары еңбек жағдайын жақсартып, жалақыны көтеруді талап етіп жұмысты тоқтатқан. Жұмысшылардың көбі ереуіл арқылы талаптарын ішінара орындатуға қол жеткізді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ереуіл жайлаған ЖаңаөзенҚазақстанда түрлі мекемелерде жұмысшылар жалақы өсіруді, жұмыс жағдайын жақсартуды талап етіп жиі ереуілдетеді. Елде ереуіл жұмысшылардың лайықты жалақы талап етіп, талабын орындататын негізгі әдіске айналды. Кейбір жұмысшылардың талабы ереуілден соң ішінара (кейде толық) орындалады, кейбірі наразылық білдіргені үшін жұмыстан қуылады.
Сарапшылар елде ереуілдің жиілегеніне жұмыс беруші мен жұмысшы арасында көпір болатын тәуелсіз кәсіподақтың жоқтығымен байланыстырады.