7 қыркүйекте астаналық суретші Асхат Ахмедияров пен оның әріптесі Әйгерім Оспан кіші Талдыкөл аумағында арт-перформанс өткізді. Үстіне шаман киімін киген Асхат Ахмедияров ондаған белсендімен бірге көлге топырақ төкпек болған жүк көліктерін тоқтатты. Ал суретші Әйгерім Оспан көліктердің алдына отырып, қобызбен күй тартты.
Екі суретші мен белсенділерді қосқанда наразылық шарасына 15 шақты белсенді қатысты. Олар Нұр-Сұлтан қаласының сол жағалауындағы кіші Талдыкөл жасанды көліне топырақ төгіп, ол жерге көп қабатты тұрғын үй кешендерін салуға қарсылық білдірді.
Алғашында кейбір жүк көліктері суретші әрі белсенді Асхат Ахмедияровты елемей, оны басып кетердей болып, жанынан өтіп кетті.
Белсенділердің алған бетінен таймайтынын білгеннен кейін көліктер тиелген құмдарын төкпей, кері айналып кетіп жатты.
– Біз жасап жатқан шара жүк көліктерінің жұмысын толықтай тоқтатады дей алмаймын. Бірақ бұл басқа адамдардың осылай шығуына септігін тигізеді деп ойлаймын. Бұл Талдыкөлге құм төгуді тоқтатуға қатысты біздің соңғы әрекетіміз. Мұның бәрі заңсыз жасалып жатқан жұмыстар. Ол анық. Әйтпесе, мұнда полиция қоршап тұратын еді, - дейді Асхат Ахмедияров.
Жүк көліктерінің өте алмай жатқанын байқаған сол жердегі жауапты адамдар оқиға орнына келді. Өзін Мұрат Отыншиев деп таныстырған кісі белсенділермен бұрын да сөйлесіп, жұмысты заңды істеп жатқанына көз жеткіздік дейді. Оның сөзінше, көлдің айналасына құм төгіп, үй салған соң айнала абаттанады.
Ал Талдыкөлді құтқару үшін арт-перформанс жасаған тағы бір суретші Әйгерім Оспан жүк көліктері төккен топырақты жайып жүрген эксковатордың алдына отырып, қобызбен күй тартты. Суретшінің сөзінше, мұндай әрекетті өнердің көмгімен тоқтатуға болады.
– Мәселені жай жұмысшылардың жүрегіне жеткізуге болады. Өйткені, оларда жүрек бар. Ал кабинетте отырып алып, осындай тапсырма, бұйрық беретін адам ештеңені естімейді. Осында келсе ғана олармен сөйлесуге болады. Кабинетте отырып, жерді беріп, одан пайда көруге болмайды, - дейді суретші.
Кіші Талдыкөл жасанды көлі Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл өзенінің сол жағалауында. Белсенділер аумағы шағын көл қалаға сән беруден өзге, флора мен фаунаның сақталуына әсер етеді деп есептейді. Ал қалалық әкімдік пен осы жерге көп қабатты тұрғын үйден тұратын шағын аудан салып жатқан құрылыс компания өкілдері, керісінше, өздерінің табиғатқа зиян келтірмейтіндерін айтады.
Қарай отырыңыз: Талдыкөлге талас: әкімдік құрылыс салмақ, экологтар табиғатқа алаңдайды (13 тамыз 2021 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5