Совет мектептерінде оқушыларға аграрлық Ауғанстан Совет одағын бірінші болып мойындады деп үйретті. Бірақ оның қандай жағдайда болғанын нақтыламады.
1919 жылы 27 наурызда Ленин үкіметі мен Ауғанстан арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Бұл келісімді Ауғанстан атынан Аманулла-хан жасады. Оның мұндай қадамға баруына себеп бар еді. Содан бір ай бұрын Ауғанстанда билік ауысып, Аманулла-хан өз әмірін толық орнатуға тырысып жатқан. Осы кезде большевиктер оны бірінші болып Кабул қожайыны деп таныды. Яғни большевиктерді мойындаушының өзі де өзге біреудің мойындауына зәру болған.
Аманулланың алдында ауған әмірі Хабибулла-хан болған. Ол елді 18 жыл басқарып, 1919 жылы 20 ақпанда қастандықтан қаза тапты. Осыдан кейін таққа оның інісі Насрулла отырды, бірақ бір аптадан кейін Хабибулланың үшінші ұлы Аманулла оны "бауырын өлтірді" деп айыптап, түрмеге қамады. Бір жылдан кейін Насрулланы түрмеде өлтіріп кетті.
Большевиктер жаңа әмір Аманулланы халықаралық оқшаудан шығу үшін емес, Британия империясына тойтарыс беру үшін қолдады. 1919 жылға дейін Ауғанстан іс-жүзінде Ұлыбританияның протектораты болып келді. Соңғысы ауған бюджетіне дотация төлеп, оның өтемі ретінде Кабулдың сыртқы саясатын өзі жүргізді.
Ал Аманулла болса, Ауғанстанды толықтай тәуелсіз деп жариялап, тіпті кешегі қамқоршысына қарсы символикалық соғыс жариялады. 1919 жылы тамызда британиялықтар оны мойындауға мәжбүр болды.
1921 жылы 21 ақпанда РСФСР мен Ауғанстан арасында достық келісімі жасалып, соның аясында Мәскеу Кабулға жыл сайын миллиондаған рубльге татитын субсидия төлеп отырды.
Большевиктер шалғайдағы таулы елді коммунизм революциясын Үндістанға жеткізу тетігі ретінде қарастырды. Сол себепті дипломаттар қол алысқанда қауіпсіздік қызметтері бірден іске кірісті.
Совет билігі бұл жұмысқа армян геноцидін ұйымдастыруға қатысы бар деген түрік Жамал пашаны жұмылдырды. 1921 жылы 1 қарашада ол нарком басшысы Сталинмен кездесіп, сол кезде Ұлыбритания қарамағында болған Үндістанның солтүстік-батысында жұмыс жүргізуге, көтеріліске шығуы мүмкін адамдарға қару мен қаржы жеткізуге дайын екенін айтқан.
Сталин бұл бастаманы мақұлдап, Троцкийге хат жазды:
"Үнді алқабы мен Пенжабта көпшілікті құрайтын мұсылман тайпалары арасында Жамалдың беделі жоғары, олар біздің базамыз іспетті. Егер Англия 1922 жылы көктемде не жазда соққы жасайтын болса, сол жерден оларға зардап тигізуге болады. Сонымен қатар, біз Жамалға Ауғанстанда кемі бригада ұстауға мүмкіндік береміз. Ол [бригада] біздің және түрік нұсқаушылардан (формалды түрде Аманулла-ханға бағынатын – ред.) тұрады. Осы арқылы Ауғанстанда ағылшындардың ықпалына қарсы нағыз базаны құрамыз. Бұл біз үшін өте маңызды. Онсыз екінші міндетті (Үндістандағы көтеріліс қозғалысына ықпал ету) орындау мүмкін емес".
Саяси бюро бастапқыда тек ақша жіберумен шектелуді ұйғарды. Ол ақша нұсқаушылар мен әскерді жабдықтауға жұмсалуы керек болған. Бірақ көп ұзамай Тбилисиде Жамал пашаны өш алушы армян азаматы өлтіріп кетті.
1923 жылы Аманулла-хан конституция қабылдады. Бірақ ауғандарда ол ұнамады.
Британиялық Үндістаннан келетін импорт тауарларына баж салығын енгізу шаруаларға соққы болып тиді. Бұдан әсіресе шекараға шақын жерде тұратында зардап шекті. Тұрмыстық тауар қымбаттап кетті. Оған қоса Аманулла салықты күшейтіп, алым жинауды орталықтандыра бастады. Билік жергілікті биліктің наразылығын тудырды. Дихандардың шамына міндетті әскери қызмет те қатты тиді.
Сөйтіп 1924 жылы көктемде Ауғанстанның оңтүстігінде көтеріліс басталды. Конституциялық монарх солтүстіктегі көршісінен көмек сұрады, көршісі күзде Кабулға 11 авиатор жіберді. Олар әскери барлаумен шектелмей, пуштун көтерілісшілерін бомбалады. Сонымен қатар совет мамандары Ауғанстанның әуе күштерін дайындауды қолға алды. Сондай-ақ СССР арзан бағамен қару-жарақ, оқ-дәрі және радио станцияларын жеткізді. Большевиктер әскери барлау қызметін де күшейтті.
1925 жылы СССР қару-жарақ пен оқ-дәріні көбірек жібере бастады. Екіжақты келісімдерден бөлек, 4,5 мың винтовка, 50 пулемет, оның оқ-дәрілері және радио станциялары тегін берілді.
Сөйтіп ауған билігі совет әскерінің демеуімен көтерілісті басып шықты. Осыдан кейін жиырма ауған совет ұшқыштар училищесіне жіберілді, 36 совет маманы ауған әуе күштерінің тұрақты қызметкері атанды.
Көтерілісті басқаннан кейін әмір болып келген ауған монархы өзін падишах Аманулла деп атады. Бұған шаруалар мен жұмысшылар құқығын үшін күресетін большевиктер қарсылық танытпады. Қайта оны 1928 жылы мамыр айында Мәскеуде, Ленинградта және Минскіде салтанатпен қабылдады.
Осы кезде Ауғанстанда шенеуніктердің қазынаны талан-таражға салуы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп, шарасыз күйге түскен шаруалар 1928 жылы қайтадан қолға қару алды. Көтеріліске елдің шығысындағы пуштундар да, солтүстіктегі тәжіктер де қатар шықты. СССР шекарасына жақын маңда көтерілісті дәстүрлі исламды жақтайтын Хабибулла Қалақани бастады.
Ауған әскеріне қызмет етіп жүрген совет авиаторлары пуштун партизандарының ауылына тағы да бомба тастады. Бірақ бұл жолы бомбалау кері әсер берді. Көтеріліс күшейіп кетті.
Падишах Аманулла советтерден қару-жарақты көбірек жіберуді, тіпті химиялық авиабомба беруді сұрады. Әскери көмекті нығайту арқылы советтер Ауғанстанда әскери протекторат орнатуға жақындап қалды.
Саяси бюро 1928 жылғы 13 желтоқсанда Ауғанстанға 1000 винтовка, 20 пулемет, 1000 химиялық-артиллериялық снаряд беруді ұйғарды, оның өтемі ретінде жүн мен мақта секілді өнімді қабылдауды бұйырды. Бірақ большевиктер ойлана келе жаппай қырып жою қаруын беруден бас тартты.
Бірақ көтеріліс қарқыны бәсеңдемеді. Аманулла жағдайды бағалап, 1929 жылы 14 қаңтарға қараған түні тақтан бас тартты да, Қандағарға кетіп қалды. Келесі күні Кабулды Хабибулла Қалақанидің адамдары басып алып, Хабибулла өзін әмір жариялады. Бірақ пуштундар оны мойындамай, онымен де күресе бастады. Аманулла да қаруын тастай қоймаған.
Сталин бұл жолы Ауғанстанды біржола бағындыруға бел буып, әскер күшімен падишахты қайтаруды ұйғарды. Барнауыл зерттеушісі Владимир Бойконың айтуынша, осыдан кейін падишах қызыл әскер мен ОГПУ берген кеңесшілеріне қаттырақ тәуелді болар еді.
20 наурыз күні Саяси бюро Ауғанстанға басып кіруді ұйымдастыру жөнінде қаулы қабылдады. Бұл операцияны Сталиннің досы – Клим Ворошилов басқаратын болды. Ал Ауғанстанда әскери басшылықты Кабулдағы әскери атташе Виталий Примаковқа тапсырды. Рагиб-бей деп танылған Примаков дайындық жұмыстарын 14 сәуірге қарай аяқтады.
Чекист Георгий Агабековтің естеліктеріне қарағанда, Ауғанстанға таң ата соғыс жарияламастан басып кірген.
"Куәгерлердің айтуына қарағанда, таңертең шекарадағы Термез қаласында совет аэропландары әуеге көтеріліп, Әмудария үстінен ұшып өткен де, Патта-Гиссар ауған шекара бекетінің үстінде айналып ұшып жүрген. Ауған шекарашылары аэропландары көрейін деп далаға жүгіріп шыққанда, аэропланнан жауған пулемет оқтары бекеттегі сарбаздың бәрін қырып салған" деп жазды Агабеков.
Әуе шабуылы шекара бекетін күл-талқан етіп, совет әскері қайықтар мен баржа арқылы Әмудариядан өткен.
Интервенттер күші атты әскерден тұрған. Олардың арасында ауған формасын не жергілікті қызылдардың киімін киген мыңдаған сарбаз бен ауған эмигранттары болған.
Примаков отрядтары бір апта ішінде Ауғанстанның солтүстігіндегі бас қаласы Мазари-Шарифке жетіп, оны қиындық көрмей басып алды. Операция сәтті көрінгенімен, жергілікті халықтың наразылығын күшейтіп жіберді. Келесі күні-ақ Хабибулла әскері қаланы құрсауға алды. Олар Тәжікстаннан жіберілген эскадронды тас-талқан етіп, кері қуып шықты. Ал Мазари-Шарифтің өзінде қалған отрядтарға советтер қару-жарақты аэропландармен жеткізді.
Совет билігі қосымша күш жұмсап, Хабибулла әскерінің құрсауын бұзып шықты. Сөйтіп большевиктер бір апта ішінде Кабулға жетіп, Аманулланы қызметіне қайтаруға жақын қалды. Бірақ падишах әскері жеңілген соң 23 мамыр күні шетелге қашты. Сол себепті совет әскері Ауғанстанда конституциялық монархияны қалпына келтіре алмай, елге оралды. Совет билігі олардың ішінде үш жүз адамға Қызыл ту орденін табыстады, қалғанына бағалы сыйлық берді. Қызыл әскер ішінде қаза тапқандар мен жараланғандар 120 адам болған. Советтердің дерегіне қарағанда, мыңға тарта ауған мерт болған.
Бір жылдан кейін совет кавалериялық бригадасы Ауғанстанға тағы басып кірді. Бұл жолы олар ұжымдастырудан қашқан моджахед эмигранттарды жоюды көздеген. Жедел құжаттарға қарағанда, бригада өз мақсатына жете білген. Операцияны жүргізген Яков Мелькумов кейінірек Орталық Азия әскери округінің әскер қолбасшысына көмекші болған. Бірақ 1937 жылы Колымаға 15 жылға айдалған.
Кабулда азаматтық соғыс 1933 жылы аяқталып, таққа Мұхаммед Захир-шах отырды да, елді 1973 жылға дейін басқарды.
1930-жылдардың соңына қарай милитаризацияға күш салған Сталин бүкіл Еуразияға көз тікті. Еуропада соғыс басталғанда, Лондон мұны бірден түсінді. 1939 жылы 7 қыркүйекте Ұлыбритания мен Үндістан арасында меморандум жасалып, онда: "Үндістандағы әскер Ауғанстанды Ресейден өздігінен қорғай алмайды, оған империя күштерінің қолдау қажет. Бірақ [империяның] өзге міндеттемелері көп болғандықтан, [қолдаудың көрсетілуі] екіталай" деп жазылды.
Кабулдағы сәтсіздігінен он жылдан астам уақыт өткенде Кремль Ауғанстанды тағы да жаулап алмақ болады. Сталин Үнді мұхитына жетудің үш нұсқасын қарастырды деседі. 1939 жылы совет-фин соғысының шарықтау шегінде Британия соғысқа Финляндияны жақтап кіріссе, оған Оңтүстік Азияда жауап қайтару қарастырылды. Егер Гитлер британдарды жеңсе, олардың "қараусыз қалған" колониялары тартып алуға мүмкіндік болды. Үшінші нұсқа 1941 жылы көктемде айқындала бастады. Егер Германияны жаулап алса, құрлықтық Еуропаның иесі атанып, одан кейін революция идеясы Азияға да таратуға болар еді.
Бірақ Германия Совет одағына бірінші болып шабуылдап, революция алауын Ауғанстан арқылы Үндістанға жеткізу жоспары кейінге шегерілді. Соғыс біткен соң, Ауғанстанды бағындыру бастамасы қайта қарастырылды, бірақ оны жүзеге асырамын дегенше, Сталиннің өзі де қайтыс болды. Оның мұрагерлері АҚШ бастаған Батыс елдері мен олардың одақтастарын тікелей шабуылдамай, "үшінші әлем" елдерін біртіндеп бағындырмақ болады. Сол елдер арқылы дамыған елдерді құрсауға алуды көздейді. 1970-жылдары Совет әскері Ауғанстанға осы тұжырым аясында басып кірді. Бұл Ауғанстанды қанды тозаққа айналдырып, тәліптердің пайда болуына әкелді.
Сталинизмнің әскери тарихын зерттеуші Александр Гогунның мақаласынан ықшамдалып аударылды.