Қазақстанның электронды үкіметіне қатысты жобаға жұмсалуы мүмкін 500 млн доллар ресейлік Сберге ғана төленбейді. Қоғамда дау тудырған жоба жөнінде Facebook парақшасында түсініктеме берген цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, аталған қаржының бір бөлігі жергілікті IT-компаниялар мен инфрақұрылымдық шешімдерге жұмсалады.
"Үкімет цифрлық трансформация мүмкіндігін қарастыратын меморандумға қол қойды, оның бағалау құны шамамен 500 млн. Бұл не деген сөз? Бұл аталған соманың бір бөлігі жергілікті IT нарығына инвестицияланатынын білдіреді. Бұл қаражатты қазақстандық компаниялар платформалық тәсілді енгізу бойынша жұмыс шеңберінде жұмсайды. Соманың екінші бөлігі - инфрақұрылымдық шешімдерге кетсе, үшінші бөлігі ғана СБЕР-ден шешімнің өзін сатып алуға арналатын болады" деді министр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мусин: Жүйені Сбер платформасына көшіру құны – 500 млн доллар, жоба "ҰҚК талаптарына" сәйкесМусин сонымен бірге "платформалық модельді енгізуге Қазақстанның IT компаниялары міндетті түрде қатысады" деп мәлімдеді.
"Платформалық модельді енгізудің презентациясы мен талқылауы қоғам белсенділері мен IT нарық өкілдірінен тұратын сараптамалық комиссиямен (70-те 30) бірлесіп өтетін болады. Ниет білдірушілер жекеге өз байланыс мәліметтерін қалдыра алады, сараптамалық кеңес тізімін жасау кезінде ескеретін боламыз. СБЕР платформаның жұмыс істеуін көрсетіп, оқытатын сарапшылармен сессиялар ұйымдастырады, содан кейін ғана біз платформада жұмыс істейміз. Бұл жобаны іске асыруға біздің IT компаниялар жұмылдырылады" деп жазды министр.
Министр жазбасына бір сағаттан астам уақыт ішінде 300-ге жуық комментарий қалдырылды. Қолданушылардың едәуір бөлігі Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін алға тартып, елдің ақпараттық жүйесін ресейлік платформаға ауыстыруға қарсылық білдірді. Кейбір қолданушылар "Сбер басқа елдерге сондай өнім жасап па екен?", "Неге сонша қомақты қаражаты жергілікті IT компаниялар мен мамандарға жұмсамасқа?" деген сұрақтар қойды.
Қарай отырыңыз: Қазақстан "Сберге" мұқтаж ба? (11 қыркүйек 2021 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
3 қыркүйекте Қазақстан үкіметі ресейлік Сбер компаниялар тобымен Қазақстанның цифрлық үкіметіне арналған платформа құру жөнінде меморандумға қол қойған. Оған екі елдің басшылары да қатысқан.
Бұл меморандум Қазақстан қоғамында түрлі пікір туғызды. Әлеуметтік желі қолданушылары, арасында IT-қауымдастық өкілдері де бар, жоба елдің тәуелсіздігіне қауіп төндіретінін алға тартып, платформаны отандық немесе батыс компанияларына неліктен сеніп тапсырмады деген сұрақ қойды.
Өткен аптада Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Сбер платформасы Қазақстанға "ең қолайлы жүйе" және "ҰҚК талаптарына сәйкес келеді" деп мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Белсенді электронды үкіметті Сбербанк платформасына көшіретін меморандумды заңсыз деп тануды талап етті