Сәрсенбі, 15 қыркүйекте мәжіліс "Бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта Қазақстанда өкілдігі жоқ әлеуметтік желілер мен месенжерлердің жұмысын шектеуге қатысты нормалар бар. Бұл туралы Vlast сайты хабарлады.
Аталған ұсыныс авторлары – депутаттар Дина Зәкиева мен Айдос Сарым. Депутаттардың пікірінше, бұл нормалар кибербуллинген күресіп, бала құқығын қорғауға көмектеседі. Сайттың хабарлауынша, дегенмен сәрсенбі күні заң жобасын талқылау кезінде депутаттар бұғаттау мәселесін айналып өтіп, балаларды қорғау мәселесіне көбірек назар аударуға тырысқан.
Заң жобасына сәйкес, шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенжерлер Қазақстан аумағында жұмыс істеуі үшін заңды тұлға ретінде тіркеліп, өкілдігін ашуы тиіс. Бөлімшені Қазақстан азаматы басқаруы керек. Бұл ережені орындамаса, құжат күшіне енгеннен кейін алты айдан соң желілер бұғаттала бастайды.
Ақпаратқа қарағанда, депутаттар сонымен бірге интернет-ресурстарды бұғаттау тәртібін өзгертуді ұсынған. Егер бұрын бұл сот шешімімен жүзеге асса, енді өкілетті органның шешімімен бұғаттау қарастырылып жатыр.
Халықаралық ұйымдар Қазақстанды интернет еркіндігіне байланысты жиі сынады. Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы интернет еркіндігі бойынша былтырғы есебінде Қазақстанды "интернет, әлеуметтік желілер және байланыс платформалары жиі бұғатталатын", "саяси, әлеуметтік және діни контенттер шектелетін", "блогерлер, құқық қорғаушылар, желі қолданушылар немесе билікті сынағандар жиі қудаланатын, жауапқа тартылатын, шабуылға ұшырайтын" елдер қатарына енгізген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Freedom House: Интернеті еркін емес Қазақстанда билік сыншылары қудаланады"Ескілік сарқыншағы". Билік желідегі сынды қалай бақылайды?"Билік асыра сілтеп жатыр". Human Rights Watch пандемия кезіндегі Қазақстандағы адам құқығының жайына алаңдайды