Алматыда Абай ескерткіші маңында арнайы жасақ "Демпартия" белсендісі Абзал Достияровты ұстап әкетті. Бұл туралы ұйым жетекшісі Жанболат Мамай хабарлады. Митинг өтеді деген Абай ескерткіші маңына қазір ондаған адам жиналған. Шара ұйымдастырушылары полицияның плакаттар мен рупорды тәркілеп әкеткенін жеткізді.
Жанболат Мамай Азаттықтың тікелей эфирінде күндізгі сағат 12-ге таман Абзал Достияров пен Нұрбол Бәйтереков үшеуі Абай - Достық көшелерінің қиылысына келген кезде 20 шақты ОМОН-ның жабылып, өздерін құлатқанын, Достияровты сүйреп әкеткенін айтты. Айтуынша, өзі мен Нұрбол Бәйтерековті халық қорғап, алып қалған.
Азаттықтың тікелей эфирін көріңіз:
Жанболат Мамайдың айтуынша, Абай мен Достық көшелерінің маңын полиция күзетіп тұр. "Митингіге келгісі келген жұртты полиция бері қарай өткізбей жатыр" деді ол.
Бұған дейін тіркелмеген "Демпартия" ұйымы жақтастарын Алматыдағы Абай ескертішінің алдына тілді қолдау митингісіне келуге шақырған. Ұйым өкілдерінің айтуынша, шара кезінде қоғамда дау туғызған цифрландыру, саяси тұтқындар мәселесі де қозғалады.
Митинг қарсаңында ұйымның бірнеше белсендісі ұсталып, қамалды.