Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік соты Қытай елшілігі алдында наразылық өткізіп жүрген 10 адамға "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" тағы айыппұл салды. 10 адамға салынған айыппұлдың жалпы жиынтығы миллион теңгеге жуықтайды. Бұл жөнінде белсенді Байболат Күнболатұлы хабарлады.
"8 адамға 102 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Яғни, 50 айлық есептік көрсеткіш (145 мың теңге немесе 339 доллар) көлемінде айыппұл салынып, 30 пайыз жеңілдік жасалды. Тағы бір адамға 61 мың, бір адамға 43 мың теңге көлемінде айыппұл салды" деді Байболат Күнболатұлы Азаттық тілшісіне 2 қазан таңертең.
Сот кабинетінде істің қаралып жатқаны туралы мәлімет болғанмен шешімдер әлі жарияланбаған. 10 адамға Әкімшілік кодекстің 488-бап 6,11-тармақтары бойынша айып тағылған. Оларды 23 қыркүйек күнгі "акция үшін" әкімшілік жауапқа тартқан.
Белсенді Байболат Күнболатұлының сөзіне қарағанда сот отырысы 1 қазан кешке 6 мен 9 аралығында онлайн өткен. Сотқа 10 адам Алматы аудандық полиция басқармасынан қатысқан.
Кеше, 1 қазанда полиция сегізін астанада уақытша қонып жүрген үйлерінің алдынан ұстап әкеткен еді. Екі адам басқармаға кейін жеткізілді. Ұстау кезінде полиция дөрекі күш қолданды.
Видео: Шыңжаңдағы туысына араша түскендерді полиция тағы ұстап әкетті (1 қазан 2021 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Қытайда қамалған немесе елге келе алмай отырған жақындарын қайтаруды талап еткен топқа өткен аптаның соңында миллион теңгеге жуық айыппұл салынған еді. Тұрақты жұмысы жоғын айтқан наразылар айыппұлды төлей алмайтынын айтып, жылу жинай бастаған. Қазірге дейін 500 мың теңгеден астам қаржы жиналған. Ақша жинау акциясының саябырсып қалғанын айтқан белсенділер "алдыңғысының өзін төлей алмай жатып, тағы миллион теңге айыппұл салды, енді қалай төлейміз" деп алаңдайды.
Бірақ олар туыстарын қайтармайынша акцияны тоқтатпайтынын айтып отыр.
- Алматыдағы Қытай консулдығы алдында жеті айдан астам уақыт акция өткізген наразыларға бұған дейін консулдықтан ешкім шықпаған. Олар 20 қыркүйектен бастап Нұр-Сұлтандағы Қытай елшілігі алдында наразылық өткізіп келеді.
- Наразылар Шыңжаңда қамалған немесе қайта алмай отырған туыстарын Қазақстанға қайтаруды талап етеді. Олардың сөзіне қарағанда, Қытай билігі туыстарын жазықтан-жазықсыз сотсыз қамап, қудалаған. Кейбірін үйқамақта ұстап, Қазақстанға баруына тыйым салған.
- Сәуір айында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "Қытай заңын бұзғанын" айтқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын" алға тартып келеді.
- Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.