Бауыржан Байбек туралы видеоларды өшіруден бас тартып, сот шешімін орындамағаны үшін қоғам белсендісі Жанболат Мамайға сот 140 мың теңге өсімпұл белгіледі.
Бүгін Алматының Әуезов аудандық сотында қоғам белсендісі Жанболат Мамай мен журналист Инга Иманбай ісі қаралды.
Сотқа шағымды жеке сот орындаушы Жайнар Әлсейітова түсіріп, Жанболат Мамай мен Инга Иманбай биыл маусымның 15-інде Әуезов аудандық сотының шешімін орындамауына байланысты өсімпұл өндіруді сұраған.
Сот орындаушысы Жанболат Мамай мен Инга Иманбайға сот шешімін қыркүйектің біріне дейін орындау жөнінде бірнеше рет ескерту бергенін айтты. Қыркүйектің 27-сіне дейін бұл талап орындалмағандықтан қыркүйектің 1-28 аралығындағы 27 күнге 157 мың 518 теңге өсімпұл өндіріп беруді сұрады.
Сотта сөйлеген Жанболат Мамай Бауыржан Байбектің "жемқор" екенін дәлелдейтін құжаттарды бұған дейінгі сот елемегенін, сол себепті сот шешімі орындалмайтынын айтты.
Екі жақты тыңдаған судья Рәбиға Абдолданова Жанболат Мамайды қыркүйектің 3-і мен 27-сі аралығындағы 24 күнге 140 мың теңге өсімпұл төлеуге міндеттеді. Жанболат Мамай апелляциялық шағым түсірмек.
Журналист Инга Иманбай да дәл осылай сотқа тартылып отыр. Оның сот процесі ертеңге, қыркүйектің бесіне қалды.
-Біз екі мың құжат, видеомен Бауыржан Байбек қызметін асыра пайдаланғанын дәлелдедік. Сондықтан ол видеолар интернетте тұрады, өшірілмейді. Бұл материалдық қысым болса оны да көрейік,- дейді журналст Инга Иманбай.
Биыл көктемде Жанболат Мамай Youtube-тегі "Демократиялы Қазақстан/Демократический Казахстан" арнасында "Бауыржан Байбек: Назарбаев сыныптасы баласының жемқор бизнес-империясы" атты видео жариялаған. Деректі фильм стилінде түсірілген видеода Жанболат Мамай Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекті "мемлекеттік қызметте жүріп үлкен бизнес-империя құрды", "Алматы әкімі болған 4 жылда 1 миллиард доллар заңсыз ақша тапты", "құрылысқа және көлік тұрағына" қала аумағының және Іле-Алатау ұлттық паркінің "жерін берді", "пара алды", "көмір мафиясын құрды" және Алматыдағы ЖЭС-2-ні "газға көшіруді кешеуілдетті", "адам құқықтарын бұзды" деп айыптаған.
Бауыржан Байбектің заңгері бұл сөздер "нақты фактілер мен құжаттар негізінде дәлелдеуі тиіс" деп сотқа шағымданған.
Сот Жанболат Мамайды шенеунік жайлы шығарған фильмді өшіруге міндеттеді. Судья Байбекті жемқорлық жасады деп айыптаған фильмдегі мәліметтер шындыққа жанаспайды деп тапты. Осылайша Байбектің шағымы толық қанағаттандырылған. Судья Райхан Сартаева сот шешімін шығарғанда талапкер және жауапкер тарап ұсынған құжаттарды "толық зерттегенін" айтқан.