Норвегияның Осло қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық балуан Жәмила Бақбергенова күміс медаль иеленді.
72 келіде белдескен Бақбергенова финалда жапониялық Масако Фуруичиден жеңілді.
Қазақстан балуаны ширек финалда франциялық Ванесса Весканнан 2:10 есебімен жеңіліп жатып, белдесудің соңғы минуттарында әдіс жасап жеңіске жетті. Ал жартылай финалда түркиялық Бусе Тусоннан басым түсті.
Бақбергенова финалда жеңіске жеткенде әйелдер күресінен әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық балуан болар еді.
Әйелдер күресінен қазақстандық балуандар 2012 жылдан бері алғаш рет әлем біріншілігінің финалына шықты. 2012 жылғы әлем біріншілігінде Гюзаль Манюрова күміс медаль иеленген. Қазақстандық балуан - 2020 жылғы Азия чемпионы, 2021 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері.
Ал жапониялық балуан Фуруичи - жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы.