8 қазан күні Алматының Алмалы аудандық сотында "тыйым салынған ұйымды құрды және оның ісіне араласты" деген айыппен ісі қаралып жатқан 13 белсенді соңғы сөздерін аяқтады. Айыпталушылар жаппай тағылған айыппен келіспейтінін айтып, өздерін ақтауды сұрады. Жарыссөзде прокурор 4 адамды 5 жылға қамауды, қалғанына шартты жаза сұраған.
Айыпталушылардың кейбірі соңғы сөзінде азаматтық белсенділікке қалай келгенін, Конституцияға сүйеніп азаматтық құқығын талап еткенін, заңға қайшы ешқандай әрекетке бармағанын атап өтті. Кейбір айыпталушылар Нұр-Сұлтанда өрттен қаза болған бес баланың өлімін, азаматтық белсенді марқұм Дулат Ағаділдің тергеу мекемесіндегі өлімі мен жер дауына байланысты сотталып, жазасын өтеп шыққан белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян істерін еске алды. Үкіметтің жұмысын сынағандар да болды.
Айыпталушы зейнеткер, көп балалы ана Нинагүл Жұманиязова онлайн сот кезінде арқасына "мен экстремист емеспін" деп үш тілде жазылған плакат іліп қойды. Ол соңғы сөзінде биліктің саясатын сынап, оған қарсы екенін әлі де жасырмайтынын жеткізді.
Айыпталушылардың барлығы өз ұстанымынан қайтпайтынын, азаматтық белсенді, елінің патриоты болғаны үшін қудаланып жатқанын айтып, "экстремист емеспіз" деді.
- Пікір айту, қарсылық білдіру, митингіге шығу – қылмыс емес. Бұл - мәдениет. Сізден ақтау үкімін шығаруды сұраймын, - деді айыпталушы Болат Смағұлов.
Белсенділерге Қылмыстық кодекстің 405-бабының 1-тармағы ("экстремистік ұйымның ісін ұйымдастыру") және 405-бабының 2-тармағы бойынша ("экстремистік ұйымның ісіне араласу") айып тағылып отыр. Бұл айыптар Нұр-Сұлтан соты "экстремистік ұйымдар" деп таныған, бірақ Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше қозғалысымен" байланысты.
Жарыссөз кезінде прокурор айыпталушыларға төмендегідей жаза сұраған еді:
405-бап 1,2-тармағы бойынша айыпталған айыпталушылар:
- Абай Бегімбетов - 5 жыл бас бостандығынан айыру, 5 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуға тыйым салу;
- Асхат Жексебаев - 5 жыл бас бостандығынан айыру, 5 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуға тыйым салу;
- Қайрат Қылышев - 5 жылға бас бостандығынан айыру, 5 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуға тыйым салу;
- Ноян Рақымжанов - 5 жылға бас бостандығынан айыру, 5 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуға тыйым салу.
Ал 405-баптың 2-тармағы бойынша айып тағылғандар бойынша:
- Аспандиярова Дәметкен - 1 жылға бас бостандығын шектеу, 3 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуға тыйым салу;
- Бақдәулет Әлібеков - 1 жыл бас бостандығын шектеу, 3 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуға тыйым салу;
- Диана Баймағамбетова - 2 жылға бас бостандығын шектеу, 3 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуға тыйым салу;
- Гүлзипа Жаукерова - 1 жыл бас бостандығын шектеу, 3 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуға тыйым салу:
- Нинагүл Жұманиязова - 1 жыл бас бостандығын шектеу, 3 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуға тыйым салу;
- Ермек Қозиев - 1 жылға бас бостандығын шектеу, 3 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуға тыйым салу;
- Марат Құрбанов - 1 жылға бас бостандығын шектеу, 3 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуға тыйым салу;
- Болат Смағұлов - 1 жылға бас бостандығын шектеу, 3 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуға тыйым салу;
- Дархан Уәлиев - 1 жылға бас бостандығын шектеу, 3 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуға тыйым салу.
13 белсендінің соты 27 шілдеде басталған. Айыпталушылардың барлығы - қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты пікір-көзқарасын ашық айтып, акция-митингілерге қатысып жүрген азаматтар.
Жергілікті белсенділер осы аптада Қазақстанға келген Еуроодақ өкілдерін осы "саяси іске назар аударып, қазақстандық шенеуніктермен кездесуде елдегі саяси қудалау мәселесін қозғауға" шақырған.
Қарай отырыңыз: Белсенділер Еуроодақ өкілдерімен кездесе алмады (6 қазан 2021 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақстанның адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросы 23 қыркүйекте таратқан елдегі саяси қуғын-сүргін туралы мәлімдемесінде Алматыда өтіп жатқан 13 белсендінің сотын "оппозиция жақтастарын саяси қудалау науқанының шарықтау шегі" деп атаған.
Жергілікті құқық қорғаушылардың мәліметінше, қазіргі кезде Қазақстанда ҚДТ мен "Көше партиясы" қозғалысына қатысы бар деген күдікке ілінген немесе айыпталған 300-ден аса белсенді бар.