"Мен өлмеймін және жеңіске жеткен күнді міндетті түрде бірге қарсы аламыз". Грузияның бұрынғы президенті, жақында елге оралып, түрмеге қамалған Михаил Саакашвилидің кезекті хаты осылай басталады. Ол елдің түкпір-түкпіріндегі жақтастарын көшеге шығуға үндеді.
"Грузин қоғамы "Раушан революциясына" дейінгі кезеңге қарағанда түбегейлі өзгерістерге әлдеқайда машыққан. Ең бастысы олар ақпаратқа көбірек қаныққан және ынтымағы күшті" деп жазды Михаил Саакашвили хатында.
"Әр аймақта бір мезгілде акция өткізу не үшін маңызды? Иванишвилиге адал полицейлер аз, соның салдарынан оған полицейлерді бір жерден екінші жерге жіберуіне тура келеді. Азаматтардың конституциялық құқықтарының тапталуына жол бермес үшін осылайша күштің шашыраңқылығын пайдаланамыз. Келесі аптада тұтас Грузия халқы Тбилисиге қарай жылжуға дайын болуы тиіс. Нақты уақыты қосымша хабарланады, әрине эмиграцияда жүрген азаматтар да өз сөзін айтуы тиіс" делінген хатта.
Оппозиция митингіге дайындала бастады. Ол алғашқы митингілердің нәтижесіне қарай отырып, алдағы жоспарын құрастырмақ. Басты талап – кезектен тыс парламент сайлауын тағайындау және Михаил Саакашвилиді босату.
Оппозиция осы апта соңына дейін Саакашвилиді түрмеден азаматтық клиникаға дереу ауыстыруды талап еткен. Дәл осындай талаппен парламентте "Дроа" партиясының жетекшісі Елена Хоштария аштық жариялап жатыр. 5 қарашада депутатқа оппозициядағы әріптестері, сонымен бірге парламент спикері Каха Кучава барып, жағдайын біліп қайтты. Хоштария басқарушы партия өкілінің әрекетін жоғары бағалап, бірақ талабынан бас тартпайтынын айтты.
"Бұл саяси қайшылыққа қарамастан адамдықты сақтап қалудың маңызды екенін көрсететін жақсы қадам. Алайда менің талаптарыма реакция болмаса, аштықты жалғастырып, одан да радикалды шараларға барамын" деді Хоштария.
Ал басқарушы партияның өзге өкілдері оппозиция мүшесінің аштығына жылы қабақ таныта қойған жоқ. Гурам Мачарашвилидің пікірінше, оппозиция талабы абсурдпен ұштасып жатыр:
"Арнайы топ құрылды, оған Саакашвилидің денсаулығын қадағалап отырған дәрігер де кірді. Ол бақылау бойынша арнайы кесте де жасап қойды. Саакашвилиді аштықтың салдарынан клиника емес, тамақ құтқара алады. Егер адам тамақ ішуден бас тартса, бірде-бір емдеу мекемесі денсаулығын жақсарта алмайды. Сол себепті оны жеке клиникаға ауыстыру туралы кез келген талап таза спекуляция" деді парламент өкілі.
Ал "Грузин арманы" партиясының өкілі Дмитрий Хундадзе эпидемиологиялық ахуалды ушықтырмау үшін оппозицияны мыңдаған адам қатысатын шара өткізу тактикасын қайта қарастыруға шақырды.
"Барлық оппозиционерлерді жағдайға саясатты араластырмай қарауға шақырамын. Олар елді онан сайын тығырыққа тіремеуі тиіс. Егер бұдан бас тартса, оппозиция эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына мүдделі, оған билікті кінәламақшы деген пікір туындайды. Сайлау аяқталды, адамдарды көшеге шығуға шақыру жауапты қадам емес. Олай болса, жағдайдың ушығуына билікпен бірге оппозиция да кінәлі болады" дейді Дмитрий Хундадзе.
Ал оппозициядағылар басқарушы партияның билікті басып алуы адамдарға басқа амал қалдырмады деп санайды. Парламент мүшесі Давид Бакрадзенің пікірінше, жағдайдың ушығуына билік жауапты.
"Үкімет әрекеті бізді мемлекеттік және азаматтық апатқа жетелеп отыр. Бірақ қоғам бірлігі арқасында сол апаттың алдын алуға болады. Билік транзиті әділ әрі еркін сайлау нәтижесінде құқықтық жолмен жүзеге асырылуы тиіс. Осы жол ғана 90-жылдардағы апаттың қайталануынан құтқарады. Сол себепті қоғамның бейбіт наразылық өткізуге толық құқығы бар" деді Бакрадзе.
Оппозиция өкілдерінің айтуынша, сенбіден бастап мерзімсіз наразылық акциясы басталады.
"Ертең (6 қараша) кешкі сағат бесте Руставидегі түрме алдына жиналамыз, көп адам жиналуы тиіс. Бізге біртіндеп басқа аймақтан адамдар қосылады. Михаил Саакашвилиді азаматтық ауруханаға ауыстырмайынша акция тоқтамайды. Билік кедергі келтірмес үшін алдағы жоспарды кезең-кезең бойынша хабарлаймыз. Жиналамыз және жеңіске жетпейінше тарамаймыз" деді "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" төрағасы Ника Мелия жақтастарына.
"Стратегиялық бастама орталығының" жетекшісі, саясаттанушы Леван Алапишвили саяси дағдарыс белгілері айқын сезіліп жатқанын айтты.
"Жағдай барған сайын нашарлап барады және соңғы сайлаулар отқа май құйды. Одан да арғысын айтайын: жағдайдың өрбуі елді кәдімгідей азаматтық қақтығысқа апаруы мүмкін. Өкінішке қарай, сайлаудың екінші кезеңі алдындағы ұнамсыз билік риторикасы өзгерген жоқ. Процестің революциялық дамуы көп жағдайда биліктің қимылына тәуелді. Не ол құқықтық алаңға оралады, не адамдардың өздері басып алынған билікті қайтарады" деді сарапшы.