ТАҒЫ БІР АПАТ
Жексенбі күні шахтадағы апат салдарынан алты адам қазаға ұшырады. Төтенше оқиға Қарағанды өңірі мен шахтерлар көп тұратын Абай қаласын дүр сілкіндірді. Апаттан шахтаға жол салатын жұмысшылар мен шеберлер опат болды:
- Наиль Абдуллин;
- Виталий Шмидт;
- Сергей Краус;
- Сергей Корниенко;
- Алексей Супрунов;
- Николай Скитченко.
Қазаға ұшыраған кеншілердің ең кішісі – 31-де, үлкені – 53 жаста. Апаттан көз жұмған шахтерлардың бірі 10 күннен кейін 38 жасқа толар еді.
Тағы екі адам – шахтаға жол салумен айналысатын 58 жастағы жұмысшы Жеңіс Маралбаев пен оның 61 жастағы әріптесі Элайдын Зейналов ауыр халде жатыр. Олар жер бетіне шығып үлгерген, бірақ алған жарақаты екеуінің өмірі мен денсаулығына қалай әсер етері әзірге белгісіз. Екеуі де шахтадағы газдан, оның ішінде метан мен улы газдан қатты уланып қалған. Оларға токсикогипоксиялық энцефалопатия деген диагноз қойылған.
– Бұл туралы айту оңай емес... Ол таңертең жұмысқа, жөндеу жұмыстарына кетті… Сегіз жыл бұрын осы шахтаға жұмысқа тұрған. Екі баламыз бар, кенжеміз – 9 жаста. Бүгін үйге көп адам келді (компания мен билік өкілдері – ред.), көмек көрсетеміз деп уәде берді, – дейді апатта қаза болған шахтер Виталий Шмидтың жесірі көз жасына ерік беріп.
"БІРЕУДІҢ ҚЫЛМЫСЫ МЕН АПАТ СЕБЕБІН ЖАСЫРУ ДЕГЕН БОЛМАЙДЫ"
Апат кезінде шахтада 64 адам болған. Олардың сегізі забойда жұмыс істеген. Алты адам көз жұмып, тағы екі адам ауыр жараланған қайғылы жағдайға, ресми мәлімет бойынша, метан газының көп мөлшерде бөлінуі себеп болған.
Қарағандыда өткен брифинг кезінде Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин журналистер сұрағына берген жауабында:
– Улы газ концентрациясы 41 пайызға дейін артқан. Забойда болған 6 адам құтқару құралдарын пайдаланып үлгермей, сол жерде қаза болған. Шахтаға кіретін топ құрамында болған екі адам алғашқы көмек құралдарын пайдаланып үлгерген. Олар ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Метанның бөлінуіне не әсер етті, технологиялық процестер бұзылған жоқ па – оны комиссия анықтайды. Осы оқиға кезінде өрт шығып, тау массасы көп мөлшерде бөлінген жоқ, – деп мәлімдеді.
Ильин Қазақстан президентінің тапсырмасымен үкімет комиссиясы құрылғанын хабарлады. Шахтерлардың қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалған. Министр қазірдің өзінде "күдіктілер" барын айтты. Полиция дерегінше, "Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалы жүріп жатыр.
– Біреудің кінәсі мен апат себебін жасыру деген болмайды, – деді министр Ильин.
7 қарашада "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы өз сайтына болған оқиға жөнінде қысқа ақпарат жариялап, қаза болған кеншілер отбасына көңіл айтты. Компания дүйсенбіде Қарағандыда "АрселорМиттал Теміртау" бас директоры Биджу Наирдың қатысуымен баспасөз конференциясын өткізуге уәде берді.
"Абай" шахтасы 1998 жылы Калинин және Абай атындағы екі шахтаны біріктіру нәтижесінде пайда болған. Абай қаласында орналасқан бірнеше шахтаның ішінде "Абай" шахтасы ғана әлі күнге жұмысын жалғастырып келеді. Жергілікті тұрғындардың көбі осы жерде жұмыс істейді. Шахта миллиардер Лакшми Митталға тиесілі және "АрселорМиттал Теміртау" АҚ компаниясының көмір департаментіне кіреді.
– Қазір бастысы – қаза болғандарды жерлеу. Бірден ақша мәселесін шешу керек. Әдеттегідей бас директормен сөйлесіп, асыраушысынан айрылған отбасыларға көмек беру жағын талқылау керек. Яғни, бұл ұжымдық келісімшартта көрсетілген көмектен бөлек. Бұл мәселені бірден шешпесе, уақыт өткен сайын олармен (жұмыс берушімен – ред.) сөйлесу қиындап кетеді. Мұндайды ешкімнің басына бермесін. Әрине, мұндай жағдайда жасы келген адамның тірі қалу мүмкіндігі бірнеше есе азаяды. Үнемі айтып жүргенімді тағы да қайталаймын: кеншінің зейнет жасын төмендету керек, – дейді "Казуглепроф" көміршілер кәсіподағы төрағасы Марат Мирғаязов.
ҚОҒАМ РЕАКЦИЯСЫ ЖӘНЕ ПРЕЗИДЕНТТІҢ КӨҢІЛ АЙТУЫ
"Абай" шахтасында болған бұл апатқа әлеуметтік желі қолданушылары жедел реакция білдірді.
Оразғали Дарбеков деген қолданушы "Депутаттар қауіпті әрі зиян өндірісте істейтін азаматтардың зейнет жасын қайта қарағысы келмейді. Кеншілердің апаттан аман қалуға мүмкіндігі болса да, олар қашып құтыла алмайды. Өйткені шахтерлардың көбі әзер жүреді" деп жазды.
Тағы бір қазақстандық Ермек Камелев "Бұл адамдарға министрмен бірдей жалақы төлеп, 45 жаста зейнетке жіберу керек" деген ұсыныс тастады.
"Кім жауап береді? Олар адамның өмірі үшін жауап беруді қашан үйренеді?" дейді тағы бір қолданушы наразылық білдіріп.
Кей қолданушылар қаза тапқан кеншілердің отбасына баспана берілуі керек деген пікір айтты.
"Жесір қалған әйелдерге пәтер берілсін! Абайдан емес, Қарағанды қаласынан. Неге дейсіздер ме? Өйткені пәтер балаларына қалады, отбасы Қарағандыда тұрады" дейді Андрей Пак.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кеншілер қазасына байланысты көңіл айтты. Ақорда дерегінше, мемлекет басшысы үкіметке марқұм шахтерлардың отбасына көмек беруді "тапсырған". Төтенше жағдайдың себебін анықтау үшін үкімет комиссиясы құрылған.
КІМ КІНӘЛІ?
"Шахтерлар отбасы" қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Наталья Томилова 13 жыл бұрын шахтада болған апаттардан кейін жесір қалған әйелдермен бірге ұйым құрған. Ол билік пен компания өкілдерінің "метан газы күтпеген жерден бөлінген" деген сөзімен келіспейді.
– Бұл қайғылы жағдайға кім кінәлі? Оған табиғат кінәлі деп толық сеніммен айта алмаймын. Неге? Өйткені газдың бөлінуін болжау қызметі, жұмысшылардың арнайы штаты бар. Бірақ бізде үнемі "газ күтпеген жерден бөлінген" деп айтады. Компанияның болжау қызметі дұрыс болжам жасаса, мұндай жағдай аз болар еді. Бәрі жұмыс берушінің еңбек өнімділігін бірінші орынға қойып, қауіпсіздік техникасын кейінгі орынға ысырып тастауынан болады. Жұмысшылар жүйенің кепіліне айналды: бір жағынан отбасын асырап, несие төлеуі керек, екінші жағынан оларға басшылық қысым көрсетіп, өндірістегі кемшіліктерге қарамастан, кеншілерден жоспарды орындауды талап етеді. Қауіпті өндірісте жұмысшыларды асықтыруға болмайды. Бұл жерде қауіпсіздік техникасы бірінші орында тұруы керек. Ал жоспардың орындалуын талап ететін жүйе кеншілер үшін қауіпті. Шахталар жарылып, жұмысшылар зардап шекпеуі үшін техника мен құрылғыларға көп ақша құю керек. Ал оларға бұл тиімсіз, одан да марқұмның туыстарына ақша төлей салған оңай. Кәсіподақтар мұны жақсы біледі, бірақ жыл өткен сайын жұмысшылардың жағдайы нашарлап, жұмыс берушінің жауапкершілігі азайып келеді, – дейді Наталья Томилова.
"Шахтерлар отбасы" апат салдарынан қаза болған және зардап шеккен кеншілердің отбасыларына өтемақы, сақтандыру төлемдері мен тірі қалған азаматтарға денсаулығын қалпына келтіруге берілетін жәрдемақы алуға көмектесіп, кеңес беруге дайын екенін айтады.
– Қазақстан заңдары бойынша, үш деңгейлі қорғау бар, бірақ олардың бір де бірі дұрыс жұмыс істемейді. Ақыр аяғында қазаға ұшыраған немесе апаттан зардап шеккен адамның отбасына тиын-тебен ғана береді. Әрине, қарапайым адамға бұл миллиондаған ақша болып көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде бұл тым аз. Олар бірнеше есе көп төлеуі керек. Ұжымдық келісімшартты ары-бері жұлмалады, кәсіподақтар көп нәрседен қапы қалды. Апаттан зардап шегіп, ауруханада жатқан адамдарға обал. Оларға әлі талай жүгіруге тура келеді. Сауатты түрде күресу керек. Осы уақытқа дейін өндірісте зардап шеккен қаншама адам болды, мұның қандай қиын мәселе екенін білеміз, – дейді Томилова.
"Абай" шахтасындағы ең ірі апат 2008 жылы болған. Ол кезде 30 адам опат болып, 14-і жараланған. Жарылыс кезінде 191 адам жер астында болған. 30 кенші сол жерде көз жұмған. Апат салдарын жою кезінде құтқарушылар апаттан көз жұмған жеті азаматты жер бетіне алып шыққан. Ал қалған 23 кеншіні іздеу жұмысын тоқтатып, шахтаны газ өтпейтіндей етіп жауып тастау туралы шешім қабылданған.
2017 жылы желтоқсанда Қарағанды облысының әртүрлі қаласында "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының жүздеген кеншісі бірнеше күн бойы ереуіл өткізген. Олар еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыны көтеріп, зейнет жасын төмендетуді талап еткен. Бірақ компания мен билік өкілдері кеншілер талабын жартылай ғана орындаған, ал шахтердың зейнет жасын төмендету талабы ескерусіз қалған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Шахтадағы еңбек. Денсаулығынан айрылған кеншілер моральдық өтемақы талап етедіҚарағанды облысындағы «Абай» көмір шахтасында болған жарылыстан 7 адам қаза тауып, 23 кісі жер астында қалып қойдыҚарағанды облысының "Абай" шахтасындағы апаттан алты адам қаза болды Кеншілер өлімін жазатайым оқиға деп атадыҚарағанды облысындағы Ленин атындағы көмір шахтасында қаза тапқандар саны 41 адамға жетті