Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданда отыз жылдан астам уақыт СССР паспортымен жүрген тұрғыны Лариса Чернышева 12 қараша күні қолына ең алғашқы зейнетақысын алды. 68 жастағы Лариса Чернышеваға осыдан бір ай бұрын Қазақстан азаматы екенін растайтын жеке куәлік берілген болатын.
- Шешемнің зейнетақы алғанына қуанып отырмыз. 25 мың теңге алды. Қазақстан зейнеткерлері осынша аз ақша алады деп ойламаппын, - деді Азаттыққа телефонмен берген сұқбатында Лариса Чернышеваның ұлы Владимир Чернышев.
Мұғалжар ауданындағы Мұғалжар станциясы тұрғыны Лариса Чернышеваға 25 мың 015 теңге зейнетақы тағайындалған. Оны еңбек әлеуметтік қорғау, көші-қон комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаменті те растап отыр. Департамент басшының орынбасары Нұрлан Мәжитов Лариса Чернышеваға зейнетақы төлемдері заңды түрде тағайындалды деп санайды.
- Чернышеваның жасына байланысты тағайындалған зейнетақысы -6491 теңге, мемлекеттік базалық зейнетақысы - 18 524 теңге. Осылардың қосындысы 25 015 теңге болады. Басқаша қарауға негіз жоқ. Егер Лариса Чернышева архивтік анықтамаларды жинап, еңбек өтілін сот алдында дәлелдейтін болса, зейнетақы төлемі қайта қаралатын болады, - дейді Нұрлан Мәжитов.
Азаттық қазан айында отыз жылдан астам уақыт СССР паспортымен жүрген Лариса Чернышева туралы мақала жариялаған. Кейін әкімдік оған Қазақстан төлқұжатын берген.
Лариса Чернышева Азаттыққа еңбек жолын Қандыағаш қаласындағы ПМК-2105 құрылыс мекемесінде жұмысшы болып бастағанын айтқан еді. Кейін Шалқар ауданының Шетырғыз совхозында және бұрынғы Октярбь ауданы (қазіргі Мұғалжар) Ильичевский совхозында шопанның көмекшісі болған.
Your browser doesn’t support HTML5