Тәжікстанның Хорог қаласында 25 қарашада арнайы операция кезінде атып өлтірілген ер адам өлімінен кейін наразылық акциясы жалғасып жатыр.
Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, наразылық кезінде әкелінген екі адамның мәйіті (бірі арнайы операция кезінде атып өлтірілген ер адамның денесі) 27 қарашада таңертең сот медицина сараптамасына жөнелтілген.
Хорог қаласының орталық алаңында наразылық білдіргендер көбейіп, бес мыңнан асқан. Кейбірі түнде осы жерге қонып шыққан.
Дереккөзге сүйенген Озоди радиосы 27 қарашада наразылардың аймақ басшысы Әлішер Мирзонаботпен кездесетінін хабарлады. Билік өкілдерімен алдыңғы кездесу нәтижесіз аяқталған. Билік 25-27 қарашада Таулы Бадахшан автономиялық облысында болған оқиғаға түсініктеме бермеді. 25 қарашада қысқа ғана хабарламадан басқа ақпарат таратылмады.
25 қарашада тәжік күштік құрылымдары Таулы Бадахшан облысы Шохдар ауылында арнайы операция ұйымдастырып, соның нәтижесінде ауыл тұрғыны Гулбиддин Зиебеков мерт болған. Осыдан соң жүздеген адам Хорогтағы Таулы Бадахшан облысы әкімдігінің ғимаратының алдына жиналып, Зиебековті өлтірген күштік құрылым өкілдерін жазалауды талап етті. Ашынған халық жергілікті әкімдік ғимаратының алдына марқұмның мәйітін де әкелген.
Прокуратура аталған облыста "бір адамды кепілдікке алды және ұлттық алауыздық қоздырды" деп айыпталып, іздеуде болған Гулбиддин Зиебековті ұстау бойынша операция жүргізілгенін растады. Қадағалау органының мәлімдемесінде Зиебековтің құқық қорғау органдарына заңсыз иеленген пистолеттен оқ атқаны, артынша күштік құрылым өкілдері жауап берген кезде оққа ұшқаны жазылған.
Зиебековтің туыстары мен жақындары оның күштік құрылымдарға қарсылық көрсеткені жайлы ақпаратты жоққа шығарды. Оқиға куәгерлерінің бірі Зиебековтің басына оқ тиіп, Шохдардан Хорогқа кетіп бара жатқан жолда жан тапсырғанын айтты.
Таулы Бадахшан облысы прокуратурасының мәлімдемесінде Зиебековтің қылмыстық топ өкілдерімен бірге 2020 жылы 1 ақпанда аудандық прокурордың көмекшісін кепілдікке алып, 8 сағат бойы қинап, ұрып-соққаны жазылған.
Ал Рошткалинск ауданы тұрғындарының бірі Озоди радиосына Зиебековтің прокуратура өкілін ұрғанын ғана айтты. Бұған прокурор көмекшісінің ауылдағы қыздардың біріне интимдік қатынас ұсынғаны түрткі болған.
Тұрғындар күштік құрылымдар күдіктіні өлтірмей, неге тірідей ұстамады деп ашуланады. Наразылыққа шыққандар құқық қорғау орган өкілдерінің күш қолдануына қарсы және 2012 жылғы оқиға қайталанама ма деп қауіптенеді. Ол кезде үкімет күштерінің арнайы операциясы кезінде 23 әскери қызметкер мен 21 бейбіт адам қаза болған.
Аймақтың жаңа басшысы Әлішер Мирзонабот бейсенбі күні кешке наразылар өкілін қабылдап, өзі Мургаб ауданында болғандықтан Зиебековті ұстау жоспарынан хабарсыз болғанын айтты. Ол алдағы екі-үш айда оқиғаға байланысты тергеу жүргізуге, сонымен бірге алаңдағы атысты тексеруге уәде берген.
25 қарашада наразылар мен күштік құрылымдардың қақтығысы салдарынан бірнеше адам жарақаттанған. Үш адамның қаза болғаны хабарланды. Күштік құрылымдар жағынан бес қызметкер жарақаттанған.
Ал тұрғындар ондаған адамның жараланғанын айтады. Бірақ ресми органдар жауап бермегендіктен бұл ақпарат анықталмай жатыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәжік күштік құрылымдары бір адамды өлтірген соң халық наразылыққа шықты