Алматының әр бөлігінде наразылыққа шыққан адамдарды ұстау жалғасып жатыр. Бүгін Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашы топтың шақыруымен жиналған 100 шақты адамды және "Оян, Қазақстан" тобының үндеуімен шыққан 50-дей адамды полиция ұстап алып кеткен.
4 қаңтарда Алматыдағы "Алматы Арена" маңына Демократиялық партия құру жөніндегі топ жетекшісі Жанболат Мамай бастаған мыңға жуық адам жиналған. Топтың өкілі Инга Иманбайдың Азаттыққа айтуынша, адам қарасы көп болған. Жұрт қымбатшылықты сынап, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды талап етіп, Маңғыстау облысында 2 қаңтардан бері жүріп жатқан наразылыққа қолдау білдірген. Полиция жиналғандарды біраз бақылап тұрған соң белсенділерді күшпен ұстап, көліктерге сала бастаған. Тәртіп сақшылары ең алдымен саясаткер Жанболат Мамайдың өзін ұстаған. Иманбайдың айтуынша, полицейлер ұсталғандарды көліктерге отырғызып, белгісіз жаққа алып кеткен.
Осы уақытта Алматының басқа бөлігінде – бірінші президент паркі маңында "Оян, Қазақстан" тобының 80-ге жуық өкілі жиналып, дәл сондай ұран көтеріп, Жаңаөзен мен Ақтаудағы наразылыққа қолдау білдірді. Белсенді Айзат Әбілсейіттің айтуынша, полицейлер Науаи көшесінің бойымен Розыбакиев көшесіне түсіп бара жатқан шерушілердің жолын бөгеп, ер адамдардың қолдарын қайырып ұстай бастаған. Айзат Әбілсейіттің өзін жерге құлатып, бетінен ұрған. Оның айтуынша, полиция барлығы 50-дей адамды көлікке салып алып кеткен. Қазір олар Алматының Әуезов және Бостандық аудандық полиция бөлімдерінде деген мәлімет бар.
2 қаңтарда Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен қаласында тұрғындар газдың екі есе қымбаттауына қарсы шыққан. Наразылықты Қазақстанның өзге өңірлері қолдады. Содан бері Қазақстан қалаларында полиция күзеті күшейіп, белсенділер мен ақпарат құралдарын ұстау жиіледі.
Алматыда кемінде он белсенді әкімшілік жауапқа тартылды. 4 қаңтарда Қазақстанның бірнеше қаласында "оппозиция митингісі өтеді" деген орындарда жүзден астам адам ұсталды. ІІМ әзірге ресми түсініктеме бермеді.
Your browser doesn’t support HTML5