Алматыда тіркелмеген "Демократиялық партия" жетекшісі Жанболат Мамай және Oyan, Qazaqstan қозғалысының бірнеше белсендісінің соққыға жығылғаны хабарланды. Қалада интернет байланысы нашарлады, көшелер жабылып жатыр.
Жанболат Мамайдың соққыға жығылғанын азаматтық белсенді Асхат Демократ 4 қаңтарда түнде Facebook парақшасында тікелей эфирге шығып хабарлады.
"Мен және Жанболат Мамай Әуезов аудандық ішкі істер басқармасындамыз. Мамайды ұрып кеткен. Көзі көгерген. Бір жігіттің басынан қан ағып, тоқтамай жатыр" деп жазды Асхат Берсалимов сейсенбі күні. Ол 4 қаңтарда өзге белсенділермен бірге Алматыда "Жаңаөзендегі наразылықты қолдау" акциясы кезінде ұсталған.
Жанболат Мамайдың әйелі Инга Иманбай Азаттыққа полицияның күйеуін қайда қамағанын айтпай отырғанын, оның денсаулығына алаңдап отырғанын жеткізді. Адвокаты Жанар Балғабаева әзірге жауап бермеді.
4 қаңтарда түнде Алматыда бірнеше жерде жаппай ұстаулар болып, белсенділердің соққыға жығылғаны хабарланды. Ақпаратқа қарағанда, Oyan, Qazaqstan жастар қозғалысының бірнеше белсендісі соққыға жығылған.
Полиция әзірге түсініктеме бермеді.
Жаңаөзенде газ бағасын төмендету туралы талаптан басталған наразылықтың ауқымы екі күн ішінде кеңейіп, қазір елдің барлық-дерлік аумағында Жаңаөзенді қолдаған акциялар өтіп жатыр. Наразылардың талаптары да көбейген. Осыған дейін Назарбаев пен үкімет отставкасы, саяси тұтқындарды босату, азық-түлік бағасын арзандату, кедейшілік пен жемқорлықты жою туралы талаптар айтылды.
4 қаңтарда Қазақстанның бірнеше аймағында "Жаңаөзенді қолдаған" жүзден астам адам ұсталды. Наразылар Қазақстанда газ бағасымен бірге азық-түлік те қатты қымбаттап кеткенін алға тартып, кедейшілікті жою қажеттігін айтты.