Алматыда "Сайран" автовокзалына жақын аумақтағы "Нұр Отан" ғимараты өртеніп жатыр. Бұл жөнінде Азаттық тілшісі хабарлады. Оқиға орнында өрт сөндірушілер жүрген жоқ. Көшеде полиция да байқалмайды.
Өрттің қашан басталғаны белгісіз. 5 қаңтарда Төле би көшесінің бойымен жүздеген адам орталыққа қарай жылжыған еді.
Кейбір куәгерлердің айтуынша, "Нұр Отан" ғимаратында өрт наразы топ сондағы көше бойымен жүріп өткенге дейін басталған.
"Нұр Отан" партиясының Алматы бөлімшесі әзірге жауап бермеді.
- 2 қаңтарда Жаңаөзенде газ бағасына байланысты басталған наразылық бірнеше күн ішінде Қазақстанның барлық-дерлік өңіріне жайылды. 4 қаңтарда Ақтау, Орал, Шымкент, Ақтөбе, Алматы, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Қарағанды, Талдықорған, Тараз және өзге өңірлерде "Жаңаөзенді қолдаған" акциялар өтті. Алматы мен астанада, Оралда полиция мен наразылар қақтығысты. Алматы мен Маңғыстау облысында 19 қаңтарға төтенше жағдай жарияланды.
- Бастапқыда наразылар Батыс өңірі тұрғындарының басым бөлігі көлігіне пайдаланатын сұйытылған газ бағасын арзандатуды талап етті. Жаңа жылдан бастап отынның аталған түрі екі есеге қымбаттаған.
- Наразылықтың үшінші күні билік газды 50 теңгеге дейін төмендетуге келісті, алайда наразылар саяси талаптар айта бастады. Олар президенттіктен кетсе де, саяси ықпалын сақталған Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен "толық кетуін", саяси тұтқындарды босатуды, қымбатшылық пен жемқорлықты жоюды талап етті.
- 5 қаңтарда таңертең президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет отставкасын қабылдаған.