Қазақстан ішкі істер министрлігі 5 қаңтардағы наразылық кезінде 8 полицей мен ұлттық гвардия сарбазы қаза болғанын, 317 қызметкері жараланғанын мәлімдеді.
Ведмство "елдің бірнеше аймағында арандатушылар ұйымдастырған тәртіпсіздік, вандализм жалғасты", "тас, арматура, өртенгіш заттармен шабуыл жасалды" деді.
Бұған дейін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы наразылық кезінде әскерилер мен полицейлер қаза болғанын мәлімдеп, олардың жақындарына көңіл айтқан еді.
"Біздің сүйікті қаламызда құқық қорғау қызметкерлеріне жаппай шабуыл жасалып жатыр. Олардың арасында қаза болғандар мен жараланғандар бар. Бандиттік топтар әскерилерді қорлап, жалаңаш жүргізген. Әйелдерге тиісіп, дүкендерді тонаған" деген Тоқаев.
5 қаңтарда елде жағдай ушығып, Алматы қаласы наразылықтың эпицентріне айналды. Қазақстан билігі елде төтенше жағдай жариялады.
Қазақстанда кешкі бестен бастап интернет өшіріліп, 6 қаңтарға ауған түні ғана интернет қосыла бастады. 5 қаңтар кешкісін Алматыда адамдар тобы қала әуежайына басып кірді. Әуежайдан қызметкерлер мен жолаушылар эвакуацияланғаны хабарланды.
- 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылар емес.
- Халық елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын талап етеді және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылады.
- 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналып, қымбатшылыққа қарсы наразылық білдірді. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында да түнде наразылық жалғасты.
- 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Елдің басқа аймақтарында - Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасып жатыр.
- Тоқаев астанадан кетпейтінін, Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын қолына алатынын мәлімдеді. Бұған дейін бұл кеңесті елдің экс-президенті Назарбаев басқарып келген еді.