Шымкентте болған наразылықтар кезінде ұсталған 2716 адамның 177-сі әкімшілік жауапқа тартылып, 175-і 15 күнге қамалды. 52 адамға қылмыстық іс қозғалып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл туралы Азаттыққа қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мөлдір Бекеева хабарлады.
Полиция департаменті қамалғандар мен күдіктілердің қандай қылмыстық және әкімшілік баптармен жауапқа тартылғанын айтпады.
Ұсталғандар мен іс қозғалдардың қайсысы бейбіт митингіге шыққаны үшін, ал қайсысы мүлік қиратып, бұзақылық жасағаны үшін айыпталғаны белгісіз. Құқық қорғаушылар мен азаматтық қоғам өкілдері «терроризм», «экстремизм» дүрмегімен саяси белсенділер бұрынғыдан да қатты қудалана ма деп қауіп етеді.
10 қаңтарда Шымкентте күдікті ретінде тағы бірнеше белсендінің ұсталғаны хабарланды. Белсенді Ерғали Құлбаевтың әйелі күйеуінен екі күннен бері хабар ала алмай отырғанын айтты. Белсенді, заңгер Нышанбай Ағаділов белсенді Нұрлыбай Татаевтың екі айға қамалғанын айтты. "Қандай баппен іс қозғалғанын білмей отырмыз" деді ол Азаттыққа.
Бұдан бұрын Шымкенттегі наразылықтарға байланысты белсенді Қайрат Сұлтанбек, Жанмұрат Аштаев, Ләззат Досмағамбетова, Нұрлан Сыздықбек, Айбек Сәбитов, Асылжан Асабаев ұсталғаны хабарланған.
10 қаңтарда Шымкентте жағдай тұрақтала бастаған, қаладан шығатын, кіретін жолдарда блок-бекеттер жұмыс істеп тұр. 10 қаңтарда сағат 08:30 шамасында интернет қосылды, сағат 16-дағы жағдай бойынша интернет пен мобильді байланыс бар. 9 қаңтар түстен бастап интернет сөніп тұрған еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанда қаралы күн. 10 қаңтарда не болды?