Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі журналист Махамбет Әбжанның жоғалуына орай полицияға шағым түспегенін айтты. Бұған қоса, полиция департаменті журналисті ұстамағанын да айтқан. Бұл жөнінде Vlast сайты жазды.
"Махамбет Әбжанның жоғалуына полицияға шағым түспеді. Із-түзсіз жоғалғандарға қатысты қылмыстық істі жақын туыстарының арыз-шағымы бойынша тіркейміз" деген полиция өкілдері.
Сайт тілшісінің сұрақтарына жауап берген полиция өкілдері Махамбет Әбжанды ұстамағанын да айтқан.
Қазақстандағы наразылықтардан белсене ақпарат таратқан және шенеуніктерге өткір сұрақтар қойып жүрген тәуелсіз журналист Махамбет Әбжанмен байланыс туыстарының айтуынша, 5 қаңтарда түнде үзілген. Сол күні оның үйіне полиция қызметкерлері барып, есікті ашуды талап еткен. Өзі сол кезде пәтерінің жарығы сөндірілгенін, полицияның газ шашатынын айтып қорқытқанын хабарлаған. Әйелінің айтуынша, бұдан соң тілші үйден шығып кеткен. Содан оралмаған. Туыстары оны полицияның ұстағаны-ұстамағанын нақты білмейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Туыстары журналист Махамбет Әбжанды таба алмай отыр