27 қаңтарда Нұр-Сұлтанда бір топ фермер жиын өткізіп, ауыл шаруашылығы техникасынан утилизация алымын толық алып тастауды талап етті. Олар бұған қоса, үкіметтен 2021 жылы утилизациялық алым үшін төлеген 30 миллиард теңгені қайтарып беру туралы талап қойды.
Фермерлердің сөзінше, утилизациялық алым техниканың қымбаттауына себепші. Ал ол өз кезегінде өндірілетін өнімнің қымбаттауына әсер етеді.
- Әрбір бөлке нанда, литр сүтте утилизациялық алым құны бар. 2020 жылмен салыстырғанда ауыл шауашылығы техникаларының әрқайсысы 13,8 миллион теңгеге қымбаттап, алты жылда Еssil КЗС-760 комбайны бағасы 23 миллион теңгеден 68 миллион теңгеге жетті. Утилизациялық алым - тек ірі бизнесті дамыту үшін жасалған әрекет, – деп мәлімдеді баспасөз мәслихатына қатысушы фермерлер.
Фермер Сәндібек Бексұлтанов жиынға қатысу үшін Қостанайдан келген. "Жас фермерлер қауымдастығының" жетекшісі аталған ұйымға 50-ден астам жас фермер бірігіп, жарты миллион гектар жерді игеріп жатқанын айтты. Сәндібектің өзі Қостанай облысындағы 25 мың гектар жерге бидай, сұлы, мақсары арпа егіп, 150 адамға жұмыс орнын ашқан.
Сәндібек Бексұлтановтың да талабы утилизациялық алымды жойып, бәсекеге қабілетті Еуропа елдерінен сапалы техника әкелу.
- Біздің ата-әкелереміз әлдеқайда сапалы техникамен жұмыс істеп кетсе, бізге сапасыз әрі қымбат техника жетіп отыр. Қарапайым сөзбен айтқанда, бәрі Еуропада құрастырылған Camry автокөлігін алуға ұмтылады. Отандық өнім дегендеріңіз тез сынады және оны жөндеп беретін сервистік қызметтері де көңілден шықпайды. Біздің онсыз да проблемамыз жетеді. Маусым кезінде техниканың бұзылуы қандай шығынға әкелетінін білсеңіз ғой! Мен осы утилизациялық алым туралы заңды шығарғандарды, қолдағандарды, отандық машина өндірісі басшыларын да есіме жақсы сақтап алдым. Жылда техникамды жөндеткен сайын олардың атын айқайлап айтамын, - деді Сәндібек Бексұлтанов.
"Нетуутильсбору" қозғалысы белсендісі Нұраддин Садықов утилизациялық алым тоқтатылсын деген талаптарының өзгермегенін айтады.
– Ауыл шаруашылығы техникаларына утилизациялық алымды толық алып тастау керек. Ал жеке көліктерге салынатын утилизациялық алым мөлшері мотор күшіне қарай 0-50 теңге мен 50-100 мың теңгеден аспауы тиіс. Осы шарттар жүзеге асқанша утилизациялық алымға мораторий жариялануы керек. Ал қабылданған соң утилизациялық алым қаржылары ашық болуы қажет, - деді ол.
Ресми мәліметке сай, утилизациялық алымнан түскен қаражаттың жалпы сомасы – 691 миллиард 800 миллион теңге. Отандық автоөндірісті қолдауға жұмсалған ақша көлемі 8 миллиард 855 миллион теңгені құрайды.
Қазақстанда жеке тұлғалар мен компаниялардан және оларға субсидия беруші үкіметтен жиналған ақша Қазақстанның бұрынғы президентінің кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланысты "Оператор РОП" компаниясына аударылып келген.
11 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев утилизациялық алым жинаумен жеке компания емес, мемлекеттік орган айналысуы тиіс деп мәлімдеп, "Оператор РОП" компаниясының жұмысын тоқтатуды бұйырған. Ізінше үкімет оның функциясын "Жасыл даму" компаниясына тапсырған. Бұған дейін белсенділер аталған компанияның да жемқорлыққа қатысы барын зерттеуге үндеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Оператор РОП" басшысы мен экология вице-министрі ұсталды, депутат ақша жинауда ашықтық жоғын айтты