11 ақпанда кешке қаңтар оқиғасында қаза болғандардың тізімі жарияланған Азаттықтың парақшасы дұрыс ашылмай қалды. Мұндай жайт "Қазақтелеком", "Билайн", "Актив", "Теле 2" провайдерлері арқылы интернетке кіретін қолданушылардан байқалды.
Қазір Азаттықтың парақшасы қиындықпен ашылып тұр. Сілтемені басқан кезде сайттың жеңілдетілген нұсқасы кешігіп ашылады.
Азаттық елдегі ірі провайдер "Қазақтелеком" компаниясынан әзірге жауап ала алмады.
Қазақстанда қаңтар оқиғасы кезінде ресми мәлімет бойынша кемінде 227 адам қаза болған. Құқық қорғаушылар мен белсенділердің талабына қарамастан билік олардың аты-жөнін жарияламай келеді. Бұған дейін Бас прокуратура "тергеу құпиялылығын алға тартып" қаза болғандардың аты-жөнін жариялаудан бас тартқан.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина жетекшілік ететін Qantar2022 еріктілер тобы бұған дейін қаза болғандардың тізімін өз бетінше анықтап, жариялаған еді. Онда 173 адамның аты-жөні көрсетілген. Азаттық та қаза болғандардың аты-жөнін анықтап, жариялаған.
Құқық қорғаушылар опат болғандардың басым бөлігі – бейбіт тұрғын екенін айтады. Билік бұған түсініктеме берген жоқ.
Өткен айда билік елге "шетелде әскери дайындықтан өткен" қарулы топтың шабуыл жасағанын айтқан, алайда әлі күнге дейін оған дәлел келтірген жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бас прокуратура қаңтар оқиғасында қаза болғандардың аты-жөнін жариялаудан бас тартты