Сот Тоқаевқа үтік "сыйламақ болған" тұрғынның ісін кері қайтарды

Белсендінің "сыйлық" ретінде президентке жолдаған үтігі.

Ақмола облысы Бурабай аудандық соты президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа "сыйлық" ретінде үтік беріп жібермек болған тұрғын Владимир Прокопьевке қозғалған әкімшілік істі кері қайтарды. Бұл жөнінде Азаттық тілшісіне оның адвокаты Күлән Мұқатова хабарлады. Қаулының өзі 23 ақпанда шыққан.

Адвокаттың сөзіне қарағанда, "әкімшілік құқық бұзғаны жайлы дәлел болмағандықтан" іс кері қайтқан.

– Істі кері қайтарды, бірақ қайта хаттама түзбейтіні айдан анық. Себебі екі сот отырысы кезінде сілтеме жасалған видео іске енгізілмеген. Ал шын мәнінде ешқандай заңбұзушылық жоқ, видеода тек "сыйлықты беріп жіберу" туралы өтініш қана бар, - деді Күлән Мұқатова.

Адвокат "сот істі қайтарғанмен іс жүзінде ол жабылды" деп санайды.

Оның айтуынша, сот отырысы кезінде Владимир Прокопьевке "әлеуметтік алауыздық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалмағаны белгілі болған. Бұған дейін белсенді тергеу кезінде өзінің қылмыстық іс бойынша "қорғануға құқығы бар" куәгер екенін білгенін айтқан.

– Қоғамдық резонанс істің барысына әсер етті. Егер қоғамда резонанс туындамағанда, ақпарат жарияланбағанда маған 20 тәулік беріп, істі тіпті қарамас та еді, – деді Прокопьев Азаттық тілшісіне.

Белсенді Бурабай аудандық прокуратурасына өзін ұстап, "заңсыз тергеген" полицейлердің әрекетін тексеру жөнінде өтініш түсіргенін де айтты.

—Енді нақты қандай негізде мені тергеп, телефонымды тартып алғанын анықтап жатырмын. Телефонды әлі қайтарған жоқ, - деді белсенді.

Бұған дейін Ақмола облысы Щучинск қаласының тұрғыны Владимир Прокопьев президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үтік "сыйламақ болғаны үшін" өзіне әкімшілік іс қозғалғанын хабарлаған. Үтікте "Тоқаевқа және Ко" деп жазылған. Instagram'да жарияланған видеода белсенді бұл үтік "Қазақстан халқының атынан махаббатпен" сый ретінде тартылып отырғанын айтады. Белсенді өзіне қаңтар оқиғасы қатты әсер еткенін және азапқа тартылған көп азаматты көргенін айтқан. Белсенді үтікті азаптаудың символы деп атады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Жылап-жылап біттік." Полицияда азапталған 15 жасар бала ұзақ жылға сотталудан қорқадыБелсенді президент Тоқаевқа үтік "сыйлады". Енді оны қудалап жатырТалдықорғанда тағы бір жігіттің анасы ұлының полицияда "үтікпен азапталғанын" айтты"Үстімізге ыстық су құйып, үтік басты". Қаңтар оқиғасынан соң ұсталған азаматтардың көрген азабы