Бүгін, 27 ақпанда Алматыда тіркелмеген "Ел тірегі" партиясынығ ұйымдасытурымен, рұқсат етілген митингі өтіп, биліктен екі ай ішінде саяси реформа бастауды, жаңа саяси партияларды тіркеуді талап етті.
Митингіге "Ел тірегінің" жетекшісі Нұржан Әлтаев, саясаткер Балташ Тұрсымбаев, Мэлс Елеусізов, қоғам белсенділері режиссер Еркін Рақышев, Санавар Закирова және ауған соғысын ардагерлері мен Қаңтар көтерілісінен кейін қамауға алынғандардың туыстары қатысты.
Жиында алғаш болып сөйлеген Нұржан Әлтаев билік екі ай ішінде саяси реформа бастап, саяси партияларды тіркемесе, өзі Қаңтар көтерілісіндегідей көшеге шығатынын мәлімдеді. Бұл пікірді Балташ Тұрсымбаев та қуаттап, "Тоқаев 2 ай ішінде саяси реформа бастауы тиіс" деп сөйледі. Бірақ оған қоғам белсендісі, эколог Мэлс Елеусізов келіспей, "30 жылда істемеген реформаны 2 айда қалай істейді, күзге дейін күтейік, халықтың "қыздырмау керек" деп қарсылық білдірді. Жиналғандар Елеусізовті соңына дейін тыңдамады.
Жиынға келген белсенділердің бірі Санавар Закирова осыдан бірнеше жыл бұрын "Наше право" деген партия құрмақ болып көзге түскен еді. "Партия құруыма билік кедергі келтірді" деп жүрген Закированың сөзінше "билік өзі құрмаған партияның бәрін экстремист" деп есептейді.
-Біз "Нұр Отан" партиясынан да, бүгінгі биліктен де шаршадық. Бәрі түгел кетсін! Жаңа партия құруға мүмкіндік беріп, әділ сайлау өткізсін,-деді ол.
Митингіде ауған соғысының ардагерлері Ресейдің Украинаға басып кіргенін айыптай сөйледі.
Митингі биыл Қаңтар көтерілісінен кейін қамауға алынғандарды босату мәселесі де көтерілді.
- Қаңтар қырғынына кінәлілер халық алдында жауап беруі керек,- деді Еркін Рақышев.
Қаңтар оқиғасынан кейін қамауда отырғандардың аналары мен өзге де туыстары сөйледі.
"Балам Елшат Газиев қаңтардың алтысына бейбіт жиынға шығып оқ тиді, қаңтардың сегізіне қамап тастады" деп сөйлеген ана баласын босатпаса прокуратура алдында өзін-өзі өртеуге дайын екенін айтты.
Биыл Қаңтар көтерілісінен кейінгі мәлімдемелерінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы наурыз айында саяси реформалар пакетін ұсынатынын хабарлаған. Алайда ол БАҚ-қа берген сұқбатында "түбегейлі өзгерістер болмайтынын" айтқан. Қазақстан саяси партиялардың тіркелуіне мейлінше кедергі жасалатын елдер қатарына жатады.