28 ақпан күні Шымкенттегі Сәуле ықшам ауданында орналасқан 167/11 түзеу мекемесіне Қаңтар көтерілісіне байланысты екі айға қамалған азаматтық белсенді Ерғали Құлбаев өзіне қозғалған қылмыстық іспен келіспей аштық жариялады. Түрме әкімшілігі белсендінің аштық жариялағанын растады.
Құлбаевтың жақтасы Ақлима Ертайқызының айтуынша, бүгін түстен кейін белсендіге тамақ алып барған. Түрме күзетшілері оның аштық жариялағанын айтып, алып барған тамақты қабылдаудан бас тартқан.
Өзін түзеу мекемесі басшысының орынбасарымын деп таныстырған Бақыт Бұлғақовтың сөзінше, Құлбаев өзінің үстінен қозғалған қылмыстық іспен келіспей, аштық жариялайтынын мәлімдеп түрме әкімшілігіне хабарлама жазған.
Бұған дейін ол өзіне қысым жасалып жатқанын хабарлаған еді.
4 қаңтар күні қала әкімшілігінің алдында жаңаөзендіктерді қолдауға Ерғали Құлбаев та барған. Оны келген бойда полиция ұстап, кешке босатқан. Туыстарының айтуынша, сол күні кешке белсенді мыңдаған адам қатысқан бейбіт митингіде елді арандап қалмауға шақырып, ештеңені қиратпауды сұраған. 5 қаңтар күні алаңда бейбіт тұрғындарға оқ атылғанын көріп, 6 қаңтар күні азаматтық қоғам штабын құрған. Штаб мүшелері қолына ақ лента тағып алаңға шыққанда оларды полиция тағы ұстаған. 7 қаңтар күні түнде үйінен қара киім киген полиция қызметкерлері күштеп әкеткен.
11 қаңтарда Шымкент қалалық мамандандырылған тергеу соты 36 жастағы Құлбаевты Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" және "Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу" бабымен күдікті деп танып, екі айға қамауға санкция берген. 21 қаңтарда қалалық сот белсендінің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.
Шымкенттегі қаңтар көтерілісінде 120-дан аса адам түрлі жарақат алды. Кейіннен олардың 73-іне оқ тигені мәлім болды.
Қала прокуратурасының дерегінше, 4-7 қаңтар күні Шымкентте 3500-ден аса адам ұсталған. Олардың 87-сіне қылмыстық іс қозғалып, екі айға қамауға сот санкция берген. Кейіннен 30-дан астамына бұлтартпау шарасы қамаумен байланысты емес шара түрімен алмастырылған.
Шымкентте Қаңтар көтерілісі кезінде 19 адам қайтыс болған.
Қаңтардың 4-іне Қазақстанның көптеген өңірлерінде халық Жаңаөзенде газ бағасын 50 теңгеден асрмауды талап етіп, ереуілге шыққандарды қолдау үшін алаңға шыққан. Соңы қақтығысқа ұласып, ресми мәлімет бойынша 227 адам қаза болған.