Талдықорғанда қаңтардың басында болған дүрбелеңнен кейін қамауға алынып, абақтыда азап шеккен, "арқасына үтік басылған" Азамат Батырбаевтың адвокаты азаптау ісі бойынша күдіктінің ұсталғанын хабарлады.
Батырбаевтың адвокаты Бауыржан Азановтың сөзіне қарағанда, жедел уәкіл болып істейтін полиция қызметкері 27 ақпанда Талдықорғанда ұсталған. Тергеу соты оны қамауға алған.
Азаттыққа түсініктеме берген адвокат күдіктінің қамалуын "үлкен жеңіс" деп атады, себебі Қазақстанда "азаптау істерінің" сотқа жетіп, айыптау үкімінің шығуы сирек. Алайда енді кінәлілердің жазаға тартылуына қол жеткізу керек деді ол.
Қаңтар оқиғасынан кейін Талдықорғанда қамауға алынған 38 жастағы Азамат Батырбаевтың тергеу изоляторында азапталғаннан кейінгі жантүршігерлік суреттері әлеуметтік желіде жария болған еді.
Суреттен Азамат Батырбаевтың қатты соққыға жығылғанын байқауға болады. Жақындары оны "мойындату үшін" денесіне "ыстық үтік басқанын" айтады.
Азамат Батырбаевтың әйелі күйеуінің полицияда азап шеккенін айтады (2 ақпан 2022 жыл):
Your browser doesn’t support HTML5
"Медиазонаның" жазуынша, 2 ақпанда Алматы облысы Қапал елді мекенінің тұрғындары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, Азамат Батырбаевтың ісіне назар аударуға шақырған. Олардың сөзіне қарағанда, Батырбаевты полицияда ұрып-соққан, азаптаған. Мәлімдемеде полицейлердің оның денесін үтікпен күйдіргені, бүйрегін зақымдағаны жазылған. Бірнеше күннен кейін адвокат өзін қорғап отырған азаматқа қысым жасалып жатқанын айтып, "неше түрлі адамдардың келіп, қылмыстық іс бойынша оны тергегенін" айтқан. Адвокатына ескертпей, түрмедегі ауруханада жатқан Азамат Батырбаевқа депутаттар барған кезде оған "жасаған ісіңізге өкінесіз бе?" деген сұрақ қойылған.
- Қазақстанда қаңтар оқиғасына байланысты мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру", "қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Ұсталғандардың дені тергеу кезінде азапталғанын мәлімдеді. Ішкі істер министрлігі осыған дейін тергеу кезінде азаптау болғанын теріске шығарған.
- Ресми мәлімет бойынша, азаптау кезінде алты адам қайтыс болған. Құқық қорғау ұйымдары қаңтар оқиғаласын тергеуге халықаралық мамандарды шақыруды сұраған. Бірақ билік оның қажеті жоқ деп мәлімдеді..
- Қаңтар оқиғасынан кейін үтік Қазақстан полициясындағы азаптаудың "символына" айналды: қолданушылар үтіктің ізі бар киімдерін әлеуметтік желіге жариялады, үтік билікке карикатура мен қоғамдық акциялардың бір элементіне айналды.
- 28 ақпанда Бас прокуратура қаңтар оқиғасынан кейін азаптау шағымдары бойынша қозғалған қылмыстық істер 203-ке жеткенін, 9 қызметкер ұсталғанын хабарлаған.
- Құқық қорғаушылардың айтуынша, Қазақстанда азаптау туралы істердің бес пайызы ғана сотқа жетеді.