Алматыда 13 ақпан күнгі азалы митинг үшін белсенділердің полицияға шақырылып жатқаны хабарланды.
Журналист Вадим Борейко Facebook парақшасында қаңтар құрбандарын еске алуға арналған митингте болған кәсіпкер Болат Әбіловті 2 наурыз таңертең полиция үйінен алып кеткенін хабарлады. Журналист парақшасында "әкімшілік заңбұзушылық" туралы іс материалының алғашқы бетін, полиция шақыруын жариялады. Әбіловтің үстінен Әкімшілік кодекстің 488-бап 7-бөлігі ("Бейбіт жиын ұйымдастыру тәртібін бұзу") бойынша хаттама толтырылған.
Бұдан бөлек, белсенділер Марат Тұрымбетовтің ұсталғаны, Әйгерім Тілеужанованың полицияға шақырылғаны хабарланды.
25 ақпанда саяси белсенді Жанболат Мамай мен Ырысбек Тоқтасын ұсталып, әрқайсысы 15 тәулікке қамалған. Оларға 13 ақпан күнгі азалы митингіге байланысты "бейбіт жиын ұйымдастыру тәртібін бұзды" деген айып тағылған. Белсенді Дәурен Достияров та 25 ақпанда "билік талабына бағынбағаны үшін" бес тәулікке қамалған.
13 ақпанда Алматының Республика алаңында жүздеген адам қатысқан Қаңтар құрбандарын еске алу шарасы өткен. Оған елдегі түрлі саяси күштер, белсенділер, қала тұрғындары қатысты. Жиналғандар Қаңтар оқиғасын тәуелсіз зерттеуді, ұсталғандарды азаптауды тоқтатуды талап еткен. Кейбір адамдар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа импичмент жариялау туралы да ұсыныс айтқан.
Билік оның алдында белсенділерге азалы митинг өткізуге рұқсат бермеген. Әкімдік өтініш тапсырушылар көрсеткен орын "ресми түрде митинг өткізетін орындарға жатпайтынын" алға тартып, келісім бермеген еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтар құрбандарын еске алу жиынында Тоқаевқа импичмент жариялау жайлы талап айтылдыҚазақстанда екі жыл бұрын "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанмен құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Билік көбіне сол күні өзге шара өтетінін немесе өтініштің қажетті ережелерді сақтай отырып жазылмағанын немесе карантин шектеулерді алға тартады. Ал "рұқсат етілмеген" шараға келгендер әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Нұр-Сұлтанды аталған шектеулерді алып тастауға шақырған.