3 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан тағайындалған жаңа бас прокурор Берік Асыловқа "азаптау сияқты ортағасырлық құбылыстарды түбірімен жою" қажеттігін айтты. Ақорданың жазуынша, президент бейсенбі күні жаңа прокурорды таныстыру кезінде осылай деп мәлімдеген.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Тоқаев прокуратураға қаңтар оқиғасын мұқият жан-жақты зерттеп, тергеу кезінде азаматтардың құқығын сақтауды тапсырған. Бұған қоса, кінәлілерді уақытында жазаға тарту, түскен шағымдарға жедел жауап беру, халыққа тергеу барысы туралы ақпарат беріп отыру қажеттігін алға тартқан.
"Президент азаптау және дөрекі қарым-қатынас сияқты ортағасырлық құбылыстарды түбірімен жою қажеттігін мәлімдеді. Тергеудегілер мен тұтқындарға антигумандық қатынас жасағандарға жауапкершілікті күшейтуге бағытталған ұсыныстар әзірлеу тапсырылды" деп жазылған Ақорда хабарламасында. (Ақорданың қазақша хабарламасында "ортағасырлық" деген сөз "ескірген" деген сөзбен алмастырылып берілген).
- Қазақстанда қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін ұсталғандардың полицияда азапталуы жайлы көп ақпарат шықты. Ұсталғандардың туыстарының айтуынша, "айыпты мойындату үшін" күштік құрылымдар ұсталғандарды ұрып-соққан, денелеріне үтік басқан, электрошокер соқтырған. "Кемпірауызбен тісін жұлмақ болды, тырнақтарына ине сұқты" деп шағымданған азаматтар да бар. Министрлік азаптауларды жоққа шығарған.
- Кейін билік азаптау фактілерін мойындап, қылмыстық істер қозғады. Осы аптада Бас прокуратура қаңтар оқиғасынан кейін азаптау шағымдары бойынша қозғалған қылмыстық істер 200-ден асқанын, 9 қызметкер ұсталғанын хабарлаған.
- Ресми мәлімет бойынша, азаптау кезінде алты адам қайтыс болған. Құқық қорғау ұйымдары қаңтар оқиғаласын тергеуге халықаралық мамандарды шақыруды сұраған. Бірақ билік оның қажеті жоқ деп мәлімдеді.
- Құқық қорғаушылардың айтуынша, Қазақстанда азаптау туралы істердің бес пайызы ғана сотқа жетеді.
Қарай отырыңыз: Азапталған Талдықорған (10 ақпан 2022 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5